Оңтүстік Кореяға ресми түрде кімдер жұмысқа бара алады? Мән-жайы белгілі болды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы Қазақстан азаматтарын Корея Республикасында жұмысқа орналастыруда іріктеу тәртібін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Кімдер бара алады?
Кореяға жұмысқа баруға 18-ден 39 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Бұл ретте азаматтың сотталмаған болуы, Корея Республикасынан бұрын күштеп шығарылмағаны және елге кіруге тыйым салынбағаны ескеріледі.
Сондай-ақ, Қазақстаннан шетелге шығуына ешқандай шектеу болмауы қажет. Үміткерлер белгіленген талаптарға сай балдық жүйе арқылы бағаланады.
Іріктеу қашан басталады?
Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Осы орталықта EPS-TOPIK тесті арқылы үміткерлер корей тілін қаншалық білетіні анықталады.
Сонымен қатар, олардың кәсіби білімі мен дағдысы бағаланады. Корея Республикасына аттанар алдында жұмысшыларға міндетті дайындық та ұйымдастырылады. Іріктеу барысында азаматтың білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары ескеріледі.
Қажет талаптарға сай келіп, барлық кезеңнен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Бұл үшін жарамды төлқұжат болуы және медициналық тексерістен өту міндетті.
"Түпкілікті таңдау құқығы корейлік жұмыс берушіге тиесілі"
Жеке мағлұматта білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тест нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні туралы мәлімет көрсетіледі. Осы ақпарат негізінде корейлік жұмыс берушілер белгіленген іріктеу кезеңдерінен өткен азаматтар арасынан өздеріне қажет қызметкерді таңдай алады.
"Бұл ретте маңызды нәрсеге назар аудару қажет: емтиханнан өту және ресми үміткерлер тізіміне ену азамат Кореяда автоматты түрде жұмысқа орналасатынын білдірмейді. Түпкілікті таңдау құқығы корейлік жұмыс берушіге тиесілі. Яғни жұмыс беруші тіркелген үміткерлер арасынан қажет қызметкерді өзі таңдайды", - деді министрлік өкілдері.
EPS жүйесі бойынша Корея Республикасына жұмысқа қабылданатын Қазақстан азаматтарының саны жыл сайын Корея тарапы айқындайтын квотаға сәйкес белгіленеді.
Еңбек шарты қалай жасалады?
Жұмыс беруші үміткерді таңдаған соң еңбек шартын ұсынады. Қол қоюға дейін қызметкерге қандай жұмысты атқаратыны, жұмыс уақыты, еңбек жағдайы және басқа да маңызды талаптар түсіндіріледі. Екі тарап қол қойғаннан кейін еңбек шартының түпнұсқасы қызметкерге беріледі.
Кореяға жұмысқа баратын азаматқа алдын ала дайындық кезеңі қарастырылған. Ол Алматы қаласындағы EPS орталығында өткізіледі. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін азамат Кореядағы жұмыс орнына аттанады.
EPS жүйесі бойынша жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін созылуы мүмкін. Заңнамада көзделген жағдайларда бұл мерзімді тағы бір жыл он айға дейін ұзартуға болады. Белгіленген жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтып келген жұмысшыларға Корея Республикасына қайта бару үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар қарастырылған.
Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-мемлекет болды
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан ресми түрде Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS), яғни шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған рұқсат беру жүйесіне қатысушы елдер қатарына енгізілді.
Корея тарапының шешіміне сәйкес Қазақстан Е-9 жүйесіне қатысушы 18-мемлекет болды. Бүгінде бағдарламаға Қазақстаннан бөлек Филиппин, Моңғолия, Шри-Ланка, Вьетнам, Таиланд, Индонезия, Пәкістан, Камбоджа, Қытай, Бангладеш, Шығыс Тимор, Непал, Мьянма және Лаос қатысады.
Орталық Азиядан Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан да осы жүйеге мүше.
Жаңа тетіктің басты ерекшелігі сол - жұмысшыларды іріктеу делдалдар арқылы емес, тек ресми жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Employment Permit System (EPS) - Корея Республикасының шетелдік жұмыс күшін тәртіппен тартуға арналған мемлекеттік жүйесі. Осы жүйе аясында шетел азаматтары Корея Республикасының заңнамасында және мемлекетаралық рәсімдерде белгіленген талаптарға сәйкес жұмысқа орналаса алады.







