ТУРИСТЕР ҮШІН СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫҢ ШЕКАРАСЫ АШЫҚ
"2020 жылдан бері Covid-19 инфекциясының таралуына байланысты елге бірде-бір саяхатшы кіре алмаған еді. Араға төрт жыл салып Солтүстік Корея алғаш рет туристерін қарсы алады" деп хабарлайды Egemen.kz.
The Telegraph басылымының жазуынша, бүгін, төрт жылдан кейін Корей Халық Демократиялық Республикасына кіруге рұқсат алған алғашқы туристер - Ресей Федерациясының азаматтары. Арнайы туристік виза алған ресейліктер Солтүстік Корея аумағында төрт күн болады.
КХДР-ға бағытталған турды ресейлік туроператорлар сатады. Яғни, ресейлік туристер Владивостоктан Пхеньянға және Солтүстік Кореяның Масикрёнг тау шаңғысы курортына бара алады. Тау бөктеріндегі белсенді демалысты әдемі пейзаждармен үйлестіруге болады. Жол жүру құны - бір адамға 750 доллар (337,3 мың теңге). Бұл сомаға бес жұлдызды қонақүйде екі түн және төрт жұлдызды қонақүйде бір түн түнеу кіреді.
Ресей Федерациясынан КХДР-ға мұндай турлар тұрақты бола ма, әлде бұл бір реттік оқиға ма, түсіну қиын, бірақ төрт жыл бойы шетелдіктерден толығымен оқшауланған ел үшін бұл үлкен қадамның бірі. Дегенмен, Солтүстік Кореяға кез келген адамды кігізе бермейді - оның шекаралары батыс елдерінен келген туристер үшін жабық күйінде қалады.
Еске салайық, Солтүстік Корея коронавирустың таралуын болдырмау үшін 2020 жылдың басында туристер үшін шекарасын толықтай жауып тастады. Сол сәттен бастап шетелдіктердің КХДР-ға кіру мүмкіндігі шектеулі болған.