Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұртшылықпен жүздесу – жауапкершілік көрінісі

Жұртшылықпен жүздесу – жауапкершілік көрінісі

Ауыл – елдің алтын бесігі, ұлттың тамыры мен тірегі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың түпкі мақсаты да ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі бүгінде Керделі ауылдық округінде де айқын көрініс табуда.

КЕРДЕЛІГЕ КӨЗ САЛСАҚ...
Жиында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы, мәдени-рухани сала, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен ұсыныстар да назарға алынды.
Керделі ауылында соңғы жылдары даму қарқыны айқын байқалады. Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып, елді мекеннің келбеті жаңарып келеді.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, ішкі көшелерді реттеу, инженерлік жүйелерді жаңғырту және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бағытындағы істер нақты нәтижесін беруде.
«Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының аумағында қоршау толық жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мектепке дейінгі мекеменің жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді.
Мәдени-рухани бағытта Нартай ­Бекежанов музейінің жұмысы жүйелі жүргізілуде. Жыл басынан бері 128 экскурсия ұйымдастырылып, келушілерге қазақ өнері мен тарихи тұлғаның өмір жолы кеңінен таныстырылды.
Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылды. Егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін ­Нартай аяқ су каналы қазылып, тазартылды. Бұл суармалы жерлердің тиімділігін арттырып, шаруалар жұмысына оң әсерін тигізуде.
Мемлекеттік қолдау нәтижесінде 9 тұрғын жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін бастады. Бұл ауыл экономикасының жандануына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашып отыр.
Кездесу барысында тұрғындар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе көшелерді жарықтандыру мәселесі жиі айтылды.
Кейбір аумақтарда жарық шамдарының жеткіліксіздігі және ескірген бағаналарды жаңарту қажеттігі сөз болды. Түнгі қауіпсіздікті арттыру үшін жарықтандыру жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту ұсынылды.
Аудан әкімі айтылған ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді. Көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңарту, қосымша жарық нүктелерін орнату жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен атқарылатыны атап өтті.
Жалпы Керделі ауылында жүзеге асып жатқан жұмыстар елді мекеннің дамуына серпін беруде. Әлеуметтік саланың жақсаруы, мәдени өмірдің жандануы, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығындағы ілгерілеу ауылдың тұрақты дамуына негіз болуда.
Керделі – жүйелі жұмыс пен нақты нәтижелер қалыптасқан ауыл. Мұндағы әрбір бастама тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Ортақшылда оң өзгеріс көп
Жуырда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Ортақшыл ауылы тұрғындарымен кездесіп, үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді. Аудан әкімі сөз алмас бұрын ауыл әкімі Талғат Жәрімбетовтің баяндамасы тыңдалды. Жиында ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды.
Сонымен қатар есеп беру жиынына арнайы қатысқан аудандық полиция бөлімінің басшысы Болатхан Мұханов ауыл тұрғындарымен ашық пікір алмасып, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет алаяқтыққа қарсы күрес және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әлеуметтік қолдау – халық игілігі үшін
Ортақшыл ауылдық округінің құрамына Ортақшыл ауылы мен Қызылқайың елді мекені кіреді. Бүгінде округте 276 тұрғын үй орналасқан. Жалпы халық саны 1398 адамды құрайды.
Әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау. Осы мақсатта аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жобасы аясында 4 отбасыға, оның ішінде 18 балаға мемлекеттік көмек тағайындалған.

Кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту қарқын алды
Ауыл экономикасының негізгі қозғаушы күші – кәсіпкерлік. Есепті кезеңде ауылдық округте 2 жаңа жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылып, тұрғындардың кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының бастамасымен балық және мал шаруашылығы бағытында өндірістік кооперативтер құру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Асыл түлік» өндірістік кооперативі құрылды. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігінің нәтижесінде 5 ауыл тұрғыны қайтарымсыз мемлекеттік грант иегері атанып, өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік алды.
Жұмыспен қамту бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылды. Жыл басынан бері Мансап орталығына 25 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 17-сі қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен бірге 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, 6 жас маман жастар тәжірибесі бағдарламасы арқылы еңбек жолын бастады.

Мал басы артып, ауыл шаруашылығы дамуда
Ортақшыл ауылдық округі ежелден еңбекқор халқымен танылған. Бүгінде ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамыту арқылы табысын арттырып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша округтегі ірі қара мал саны 4629 басқа, жылқы саны 1529 басқа, ал уақ мал саны 6567 басқа жетті.
Егін шаруашылығы негізінен тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтары арқылы дамып келеді. Өткен науқанда ауыл тұрғындары 105 тонна тары, 5 тонна картоп және 50 тонна көкөніс пен бақша өнімдерін жинап, мол өнімге қол жеткізді.

Тары – ауыл қазынасы
Ортақшыл жұртшылығы үшін тары – ауылдың берекесі мен ырысының белгісі. Биыл ауылға негізгі аяқ су жеткізетін «Л-5» және «Л-5-2» каналдары арқылы «Жаңа сас» аумағындағы 226 гектар жерге егін егілді. Егістік алқаптарының басым бөлігін ауыл мақтанышына айналған тары дақылы құрап отыр. Биыл оның көлемі 141 гектарға жетті. Сонымен қатар 10 гектар жерге картоп, 75 гектарға көкөніс пен бақша дақылдары орналастырылды.
Суармалы жерлердің тиімді пайдаланылуы үшін ауыл тұрғындары бірлесе отырып каналдарды лай мен қоға басудан тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұл ауылдағы ауызбірлік пен еңбекқорлықтың жарқын көрінісі болды.

Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі
Өткен жыл Ортақшыл тұрғындары үшін тарихи жыл ретінде есте қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің қолдауымен ауылға табиғи газ тартылып, жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Бүгінде ауыл халқы көгілдір отынның игілігін көріп, сапалы медициналық қызмет алуда.

Инфрақұрылым жаңарып келеді
Ауыл көшелерін абаттандыру мен жол сапасын жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Былтыр Алтынсарин және ­Сейфуллин көшелеріне заманауи LED экрандар орнатылып, ақпараттық инфрақұрылым жаңғыртылды. Қызылқайың елді мекеніндегі Достық және Бейбітшілік көшелеріне қиыршық тас төселіп, жол сапасы жақсарды. Сонымен қатар Есабыз ата, С.Тілеубаев, Абай Құнанбаев және Аманкелді көшелерінің бірқатар учаскелеріне де қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан» – ортақ іске айналды
Ауылдың ажарын ашатын негізгі факторлардың бірі – тазалық пен көркейту жұмыстары. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауылдық округте 500 түп ағаш көшеті отырғызылды. Саябақтар мен скверлердегі ағаштар әктеліп, тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
– Көктемгі және күзгі сенбіліктер тұрақты өткізіліп, барлық мекемелер өз аумақтарын абаттандыруға белсенді қатысты. «Жүніс ата» және «Рахия» баулары қоршалып, жаңа ағаш көшеттері егілді, – деді ауыл әкімі өз сөзінде.

Таза ауыз су – басты байлық
Ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапқан. Қазіргі таңда барлық тұрғын үйлерге ауыз су желісі тартылып, жалпы ұзындығы 13,8 шақырым болатын су құбыры жүйесі тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетуде.

Цифрлық даму – заман талабы
Бүгінде ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, №150 мектеп, ауыл әкімдігі, дәрігерлік амбулатория, ветеринариялық пункт пен учаскелік полиция тірек пункті жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды.

Алдағы мақсат – ауылдың өркендеуі
Аудан әкімі кездесуде алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстарды да таныстырды. Жоспарға сәйкес шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жүйесін жаңарту, электр бағаналарын ауыстыру, спорт және балалар ойын алаңдарын жөндеу, полигонды қоршау, жаяу жүргіншілер жолын салу, ауылішілік алты көшеге асфальт төсеу, канал бойларын қоршау және аялдамаларды жаңарту көзделіп отыр.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков алғашқы жартыжылдықта қол жеткізілген нәтижелердің барлығы мемлекет қолдауы мен тұрғындардың бірлігі мен еңбегінің арқасында жүзеге асқанын атап өтті.
Шынында да, бүгінде Ортақшыл ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.
Бірлігі бекем, берекесі мол Ортақшыл ауылы алдағы уақытта да даму жолынан жаңылмай, өркендеу мен өсудің жаңа белестерін бағындыра беретіні сөзсіз.

Гүлхан Яхия,
Айнұр ИБРАШЕВА
15 маусым 2026 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930