Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірт жұлдызын жаққан ұстаз

Шәкірт жұлдызын жаққан ұстаз

Өнер – ұлттың рухани қазынасы. Ал сол қазынаны жас ұрпақтың бойына сіңіріп, таланттарды танып, қанаттандыратын жандардың еңбегі әрдайым құрметке лайық. Осындай өнер жолында табанды еңбек етіп жүрген мәдениет саласының майталман маманының бірі – Гүлнұр Әбілова.
Гүлнұр Абибуллақызы 1980 жылы Шиелі ауданындағы Әбділдә Тәжібаев ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып өскен ол 1998-2002 жылдар аралығында Қазанғап атындағы Қызылорда облыстық жоғары колледжінде білім алып, мәдениет саласының кәсіби маманы атанды.
Еңбек жолын мәдениет саласымен байланыстырған Гүлнұр Абибуллақызы 2005 жылдан бері Шиелі аудандық мәдениет үйі жанындағы жылжымалы мәдени-демалыс кешенінің жетекшісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы жылдар ішінде аудан тұрғындарының мәдени өмірін жандандыруға, өнерді насихаттауға және жас таланттарды тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келеді.
Өнердегі ұстаздық жолын жаңа белеске көтерген ол 2022 жылдан бастап «Балауса» ән үйірмесін ұйымдастырып, жас өнерпаздардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ден қойды. Қысқа уақыт ішінде үйірме шәкірттері түрлі деңгейдегі байқауларда бақ сынап, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Атап айтқанда, шәкірттері облыстық телевизиялық «Ботақан» фестивалінде өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді. Сонымен қатар 2024 жылы Түркияда өткен «Жүрек жылуы» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алып, қазақ өнерінің мерейін асқақтатты. Сондай-ақ Ташкент қаласында өткен халықаралық байқаудан да бас жүлде иеленіп, үлкен жетістікке қол жеткізді.
Жақында ғана Алматы қаласында өткен халықаралық «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауында Гүлнұр Абибуллақызының шәкірті Нұрислам Талғатұлы ІІІ орынға ие болып қайтты. Айта кетерлігі, Нұрислам алдымен аудандық іріктеуден сүрінбей өтіп, облыстық «Бозторғай» байқауында бас жүлде иелену арқылы халықаралық кезеңге жолдама алған. Бұл – шәкірттің ғана емес, ұстаз еңбегінің де жемісі.
Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігі. Осы қағиданы берік ұстанған Гүлнұр Абибуллақызы жас таланттарды өнерге баулып, олардың үлкен сахналарда өнер көрсетуіне жол ашып келеді. Оның шәкірттері бүгінде түрлі байқауларда топ жарып, ауданның ғана емес, облыстың мерейін үстем етуде.
Өнерге адалдық пен еңбекқорлықты серік еткен мәдениет майталманының еңбегі алдағы уақытта да талай дарынды жастың жұлдызын жағып, ұлттық өнердің өркендеуіне қызмет ете беретіні сөзсіз.

Г.Дүйсебай
15 маусым 2026 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№44 (9411).

13 маусым 2026 ж.

№43 (9410)

09 маусым 2026 ж.

№42 (9409).

06 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930