Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫС ЫЗҒАРЫН ҚАЛДЫРЫП, АМАН ЖЕТТІК "АМАЛҒА"

ҚЫС ЫЗҒАРЫН ҚАЛДЫРЫП, АМАН ЖЕТТІК "АМАЛҒА"

14 наурыз – Көрісу күні. Табиғат жаңарып, көктем шуағы жер бетін мейірімге бөлеген шақта тойланатын бұл күн – қытымыр қыстан аман шыққан халықтың бір-біріне жақсылық тілеп, ақ ниетпен қол алысып, төс қағысатын мерекесі. Наурыз тойының кіріспесі саналатын Амал мерекесінде адамдар барлық өкпе-ренішін ұмытып, жаңа жылды жаңа көңілмен бастауға тырысады. Көрісу – қазақ халқымен бірге жасап, ұмытылмай келе жатқан дәстүрлердің бірі. Бүгінде бұл мереке еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде атап өтіледі. Әр үй дастарқанын дәмді асқа толтырып, өзара құттықтасып, думандатады. Ендеше көктемнің мерейлі күні берекесімен келсін. «Амалға» аман жетуіңізбен!
Шежірелі Шиелі өлкесі де Көрісу күнін тойлауды бастап кетті. Жүздеріне күлкі үйіріліп, қазақы нақышта қамзол киіп, оюлы шапан жамылған аудан жұртшылығы бейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Бірлігі мен тірлігі үйлескен Амал күні» атты мерекелік іс-шарада бас қосты. Ерекше салтанатпен, ұлттық үлгіде безендірілген киіз үйдің ішінде бір-бірімен төс қағыстырып, игі тілектерін жаудырып жатты. Төр жақта молшылықтың белгісін көрсетіп, түрлі дәмнен ақ дастарқан жайылса, бір бұрышта ақ жаулықты әжелер қолмен күбі пісіп тұр. Ал қазақилықтың иісін сездіріп, жанарына жылу жинаған қалың жұрт татулық пен тұтастықтың бейнесі іспетті. Сонымен, көненің ізін жалғаған көнермес салт-дәстүрдің көрінісі дәл осы жерде қайта жаңғырды.
Амал мерекесі айнала гүлденіп, көгалдана түссін деген ниетте жерге ағаш отырғызудан ¬басталды. Табиғат-Анадан нәр алған жас шыбық мәдениет үйінің алдында бой көтерді. Ал бір топ өнерпаздың қазақтың қара домбырасымен шырқаған жарапазаны бар назарды жаулаған думанды тойдың шымылдығы болды. Мерекелік жиынның алғысөзін аудан әкімі Нұржан ¬Ахатов алып, қонақтарды Көрісу күнімен құттықтады.
– Көрісу күні – қыс мезгілінен аман шыққан халықтың жаңа жыл алдында тойлайтын үлкен мерекесі. Бұл күні адамдар бір-біріне деген реніш пен араздықтың бәрін ұмытады. Сондықтан бүгінгі мереке – ағайын арасындағы бірлікті берік қылып, сүйіспеншілікке бөлейтін тамаша дәстүр. Өзімізге белгілі, биылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынуымен еліміздің барлық өңірлерінде Наурыз мейрамы «Наурызнама онкүндігі» негізінде тойланады. Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп жатқан бұл шаралардың барлығы осы мерекенің маңызын екі есе арттыратыны анық. Халық бірлігіне шақыратын бұл күн аудан тұрғындарына шаттық пен қуаныш әкелсін. Әрбір отбасында молшылық болсын. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айы жақсылығымен келсін. Наурызға ақ көңілмен, таза пейілмен қадам басайық. Мереке құтты болсын! – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил бұл күннің маңызын баяндап, аудан халқына жүрекжарды лебізін білдірді.
– Қадірлі ағайын! Әуелі, Рамазан айы құтты, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын.
Мемлекет басшысының ұсынысы қазақы салтдәстүрлердің жаңғыруына үлкен жол ашты. Аталған он күнде біздің бірлігіміз бен ынтымағымыз арта түсуге тиіс. Бір-бірімізді құрметтеп, реніштерді ұмытып, еліміз әрі қарай өркендей берсін деген тілек білдіргім келеді.
Наурыз тойының алғашқы мерекесі – бүгінгі Амал күні. Адамдар бір-біріне рақмет айтып, төс қағысатын күн. Төле би айтқандай, «Өмірдің ең тәттісі – сыйластық». Арамызда сыйластық болса, бәрі де болады. Сондықтан аудан үшін, ел үшін еңбек етуден шаршамай, бірімізді біріміз бауырдай көріп жүре берейік, – деп, қонақтарға ақ батасын жолдады. Қазыналы қарияның берекелі батасына бөленген жандар ардақты ардагерге құрмет білдіріп, дәстүрге сай иығына шапан жапты.
Шара барысы мерекелік концертке ұласты. Дара дауысты әншілер әдемі әнін әуелетіп, мың бұралған бишілер қазақтың «Қара жорғасын» билеп шықты. Осынау ұлық мерекенің қонақтары наурыздың әзіл айтысына, әжелер ансамблінің әдемі әніне қанығып, қазақы салт-дәстүрлердің үлгісіне куә болды. Сондай-ақ халық арасында әлі күнге дейін желісін үзбей келе жатқан қол күрес, арқан тартыс сынды спорттық ойындар дүбірлі думанның көркін одан әрі қыздыра түсті. Бұның бәрі де Наурыз тойының бастауы – Көрісу мерекесінің жылы лебін алыстан сездіріп тұрды. Көктем күнін ежелден жаңару мен жасампаздыққа, ырыс пен берекеге балаған шиеліліктер үшін Наурыз тойы дәл осылай басталды.
Айта кетейік, биылдан бастап Мемлекет басшысының ұсынымы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде Наурыз мейрамы жаңа форматта 14- 23 наурыз аралығында «Наурызнама» онкүндігі негізінде тойланады. Бұл онкүндік төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған.
Мереке күні ұйымдастырылатын іс-шаралар легі төмендегідей.
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі.
15 наурыз – Қайырымдылық күні.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.
17 наурыз – «Шаңырақ күні».
18 наурыз – Ұлттық киімдер күні.
19 наурыз – Жаңару күні.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні.
21 наурыз – Ынтымақ күні.
22 наурыз – Жыл басы.
23 наурыз – Тазару күні.

Таслима ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ

18 наурыз 2024 ж. 128 0