АЛҒЫС – ЕЛ БІРЛІГІНІҢ БЕЛГІСІ
Көктемнің алғашқы күнімен қатар келетін 1 наурыз – Алғыс айту күні адамдар арасындағы сыйластық пен ризашылықты дәріптейтін тағылымы терең күн. Бұл күн – бір-біріне құрмет білдіріп, жүректегі шынайы алғысты жеткізудің, қоғамдағы татулық пен ынтымақты нығайтудың айрықша көрінісі. Халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілін танытатын мұндай мереке ел ішіндегі бірлік пен өзара түсіністіктің қадірін арттыра түседі.Осыған орай Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты шара өтті. Тағылымы мол кешке аудан әкімі Айтбай Жандарбеков арнайы қатысып, аудан тұрғындарын көктемнің алғашқы шуақты күнімен құттықтады.
– Алғыс айту күні – халқымыздың кең пейілі мен дархан көңілін, өзара құрметі мен сыйластығын айшықтайтын ерекше мереке. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Өіңрдің дамуы – ең алдымен, сіздердің адал еңбектеріңіздің нәтижесі, – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси жаңғыру үдерістеріне тоқталып, алдағы 15 наурыз күні өтетін республикалық референдумның ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті. Аудан тұрғындарын маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, азаматтық ұстаным танытуға шақырды.
Салтанатты кеш барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, әр салада абыройлы еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еңбек және сала ардагерлері, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, өндіріс пен әлеуметтік саланың мамандары бар.
Марапатталғандар қатарында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қаблеш Бекішев, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет, «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы және жеке кәсіпкер Насырбек Мырзабеков және түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар бар.
Әрі қарай мерекелік кеш аудан өнерпаздарының әсерлі әндері мен әсем би қойылымдарына ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнерлі жастардың жарқын өнері кештің сәнін арттырып, жиналған көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген бұл тағылымды шара ризашылық пен құрметтің, бірлік пен татулықтың айқын көрінісіне айналды. Алғыс айту күні – адамдарды жақсылыққа үндеп, қоғамдағы сыйластық пен ынтымақты нығайтатын маңызды күн екені тағы бір мәрте айқындала түсті.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ







