Аудан әкімінің Алғыс айту күнімен құттықтауы
ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ!
Баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымызда «Алғыспен ер көгерер», «Алғыс алған арымас» деген дана сөздер бар. Бұл сөздердің түп-төркінінде үлкен мән-мағына жатыр. Әркім алғыс алу арқылы өзінің басқалармен қарым-қатынасын, өмірдегі орнын бағалай алады.
Менде бүгінгі мерекені пайдаланып, барша аудан халқына елімізді өркендету мен дамыту жолындағы жұмыстарға сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс айтамын!
Ел арасындағы тыныштықты сақтауда басым рөл атқарып, бір ауыз отты сөзімен тентектерді түзеген, аузы дуалы, абыз ақсақалдардың орны қашанда ерекше. Ел ішінде жақсылыққа ұйытқы бола жүрген данагөй қарттарымызға алғыс айтамын!
Тал бесіктен ұрпақ тәрбиелеп, қоғам өміріне де араласа білген ақ жаулықты аналар! Сіздер алтын шынар, отбасының шам-шырағысыздар. Өмірге жылу сыйлаған, әлемді әлдиімен тербеткен тіршілік гүлісіздер. Үйдің сәні мен мәні болып, бар жақсылыққа бастама жасаған аналар қауымына ерекше алғыс білдіремін!
Ел экономикасының дамуында ерекше орын алатын кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарып келе жатқан кәсіпкерлерге, құрылысшыларға, диқандарға, қарапайым шаруа адамдарына, өз ісінің майталманы болған әрбір мамандық иелеріне зор ризашылығымды білдіремін!
Ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар мен ұлт саулығын ойлаған ақ халатты абзал жандарға да халыққа қалтқысыз қызмет жасағандары үшін алғыс айтамын!
Жасампаз елдің жаңаруы мен дамуы жолында тың идеяларымен келіп, жалынды жастығымен жаңа серпін әкелген жастарға да алғыс айтамын!
Әрбір шаңырақта шаттық шалқып, бірліктің бесігі тербелген берекесі таси берсін! Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Шиелі ауданының әкімі Н.Ахатов