Алғыстың тиегі ағытылған күн
1-наурыз – елімізде алғыс айту күні болып белгіленгені баршаңызға аян. Бұл – өткен ғасырдың 30-40 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, қазақ жеріне еріксіз қоныс аударылған жүздеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдеріне қамқор болған қазақ жұртына деген өлшеусіз құрметтің күні.
Осы мерекеге байланысты аудан көлемінде атқарылған шаралардың алғашқы кезегі таңертеңгісін сағат тоғызда
аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан аумағында тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерімен кездесуден бастау алды. Шараның шымылдығын шынайы тілек, жылы лебізімен аша отырып, «қазақ ұлты өзінің сан ғасырлық тарихында талай қиындықты басынан өткерді. Соның барлығын бірліктің, ынтымақтың арқасында жеңіп келеді. Біздің ең ұлы жеңісіміз – Тәуелсіз мемлекет болғанымыз! Қазақтың ең жақсы қасиеті – қолдан келгенше, мүмкіндігінше қасындағы кісіге көмектесу, қолдау. Сонау отызыншы жылдары өздері аш-жалаңаш жүрсе де, еркінен тыс қазақ жеріне көшіп келген түрлі ұлт өкілдеріне қазақ бір үзім нанын бөліп беріп, қамқор болды. Бүгінгі қоғамда патшалық құрған бірлік пен татулық – сол қамқорлықтың жемісі. Қазір еліміздегі түрлі ұлт өкілдеріне салт-дәстүрін сақтап, тілін, тарихын білуге бар жағдай жасалған. Алғыс айту күні – біздің жастарымызға, біріншіден, өз тарихын терең білуге, өз ұлтын, өз Отанын сүюге үндейді, екіншіден, басқа ұлт өкілдерімен достықта, татулықта өмір сүруге шақырады, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе, алдағы тірліктерді де бірлесіп, ауызбірлікті сақтай отырып атқаруға шақырды. Кездесуге қатысушы өзге ұлт өкілдері жиында осы елде туылғандарын мақтан етіп, жасалып жатқан игілікті істерге сәттілік тіледі.
Ал, түске таяу аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапқан салтанатты шарада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы:
– Алғыс айту күнінде барша аудан халқына елімізді өркендету мен дамыту жолындағы жұмыстарға сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс айтамын! Ел арасындағы тыныштықты сақтауда басым рөл атқарып, бір ауыз отты сөзімен тентектерді түзеген, аузы дуалы, абыз ақсақалдардың орны қашан да ерекше. Ел ішінде жақсылыққа ұйытқы бола жүрген данагөй қарттарымызға алғыс айтамын! Тал бесіктен ұрпақ тәрбиелеп, қоғам өміріне де араласа білген ақ жаулықты аналар! Сіздер алтын шынар, отбасының шам-шырағысыздар. Өмірге жылу сыйлаған, әлемді әлдиімен тербеткен тіршілік гүлісіздер. Үйдің сәні мен мәні болып, бар жақсылыққа бастама жасаған аналар қауымына ерекше алғыс білдіремін! Ел экономикасының дамуында ерекше орын алатын кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы саласында қызмет атқарып келе жатқан кәсіпкерлерге, құрылысшыларға, диқандарға, қарапайым шаруа адамдарына, өз ісінің майталманы болған әрбір мамандық иелеріне зор ризашылығымды білдіремін! Ұрпақ тәрбиелеген ұстаздар мен ұлт саулығын ойлаған ақ халатты абзал жандарға да халыққа қалтқысыз қызмет жасағандары үшін алғыс айтамын! Жасампаз елдің жаңаруы мен дамуы жолында тың идеяларымен келіп, жалынды жастығымен жаңа серпін әкелген жастарға да алғыс айтамын! – деп аудан тұрғындарына деген жүрекжарды лебізін осылайша өрбітті.
Көктемнің жайма шуақ бірінші күніне сай келген аталмыш мереке тағдыр тәлкегімен Қазақстан түрлі жағдайлармен қоныс аударған этнос өкілдерінің, қасиетті де қонақжай қазақ халқына алғыс айтатын күні. Бұл күн көп этносты Қазақстан халқының тағдыр тоғыстырған ортақ тарихын құрметтейтін күні. Астананың 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған «Алғысқа бөленген Астана» тақырыбындағы осынау мерекелік концерттің мазмұнын
аудан өнерпаздарының орындауындағы туған жер, ел, Отанға арналып әуелете шырқалған ән мен түрлі ұлттардың билері айшықтай түскендей.
Салтанатты шара барысында ауданда тұратын түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ халқына өз ілтипаттарын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Атап айтқанда, ақмаялық Светлана Лян аудан тұрғындарын аталмыш мерекемен құттықтап, «қиын-қыстау кезеңде пана болған, қолында барымен бөлісіп, шетке қақпаған қазақ еліне мәңгілік бас иіп өтемін»–дей келе толқыныспен баршаның алдында басын иіп, ізгі тілегін жаудырды.
Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталып, сый-сияпат жасалды.
Осы мазмұндағы шаралар ауылдық округтерде де өз жалғасын тапты.
Дина ЖҮСІПОВА.
Суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ.