Татулық тағылымы
Мамырдың шуақты лебі сезілген мезетте келетін Қазақстан халқының бірлігі күні – ел жүрегіндегі ең асыл құндылықтарды жаңғыртатын ерекше мереке. Биыл бұл айтулы күн Шиелі ауданында кең көлемде аталып өтіп, халықтың ынтымағы мен татулығын айшықтаған тағылымды шараға айналды. «Достық жыры мен бірлік әні» атты мерекелік кеш көпшіліктің көңілін көтеріп қана қоймай, жүректерге жылулық сыйлаған жарқын сәттерге толы болды.Мерекелік шараның шымылдығы этнос өкілдерінің мәдени көрмесімен ашылды. Көрмеге қойылған әрбір жәдігер – сан ұлттың тарихы мен тағдырынан сыр шерткендей. Түрлі халықтың ұлттық киімдері, қолөнер туындылары мен дәстүрлі тағамдары бір алаңда тоғысып, Қазақстандағы көпұлтты қоғамның бай мәдени келбетін танытты. Аталған көрме тек көздің жауын алатын сән-салтанат емес, ұрпақтар сабақтастығын сақтаған рухани мұраның көрінісі іспетті болды.
Көрмені аралаған аудан әкімі Айтбай Жандарбеков этнос өкілдерінің еңбегіне ризашылығын білдіріп, олардың аудан өміріндегі белсенді рөлін атап өтті. Салтанатты жиында ол тұрғындарды мерекемен құттықтап, ел ішіндегі бейбітшілік пен татулықтың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бірлік – қоғам тұрақтылығының берік тірегі, ал ынтымақ – ел дамуының басты кепілі.
Жиын барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, түрлі этностар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтудағы қызметі жоғары бағаланды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейбітшілік пен келісім туралы айтқан салиқалы сөзі келтіріліп, оның мәні тереңінен түсіндірілді.
Мерекелік шараның көркіне айналған концерттік бағдарлама – нағыз өнердің думаны болды. Сахна төрінде шырқалған әсем ән мен мың бұралған билер көрермендердің көңілін көкке көтерді. Әр ұлттың өнері бір арнаға тоғысып, достықтың әсем әуеніне айналғандай әсер қалдырды.
Мерекелік сәтте кәріс ұлтының өкілі Агаша Кимнен сұхбат алғанымызда, ол қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын шынайы жеткізді.
– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. Қазақ халқы бізді әрдайым құрметтеп, бауырына басты. Осындай мерекелер халықтың арасын жақындата түседі. Баршаңызды Бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізде әрдайым тыныштық пен береке болсын!– деп ақжарма тілегін білдірді. Оның жүрекжарды лебізі мерекенің мазмұнын байытып, бірлік пен татулықтың шынайы көрінісін айқындай түсті.
Шиелі жерінде өткен бұл мереке – тек бір күндік думан емес, ел бірлігінің мәңгілік құндылық екенін ұғындырған маңызды шара болды. Достықтың дәні себіліп, бірліктің әні шырқалған бұл күн әрбір жанның жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Мұндай игі бастамалар қоғамдағы келісімді нығайтып, келешекке деген сенімді арттыра беретіні анық.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







