Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік пен татулық мекені

Бірлік пен татулық мекені

Халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген қанатты қағиданы атадан балаға мирас етіп келеді. Содан болса керек көпұлтты елімізде халық бірлігі кеңінен насихатталуда. Ынтымақ пен бірлікке шақырып, татулықты ту етер айтулы датада көктен күн сәулесі мейлінше түсіп, айналаны жылылыққа бөледі де тастады. Қолына жалауша мен шар, гүл ұстаған оқушылар лек-лек болып орталыққа қарай бет алған. Көңілдері күндей. Ұлттық киіммен сахна маңын айнала көмкерген өнерпаздар алыстан көзге түседі.
Осынау мерекелі тірліктен Шиелі де қалыс қалған емес. Сөзіміздің айғағы ретінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай орталық алаңда өткен мерекелік шараны атауға болады. Көк байрақтың астында жүз отыздан аса түрлі ұлт өкілдері мен ұлыстары тату-тәтті тұратын еліміз үшін бұл күннің маңызы зор. «Бірлік пен татулық мекені – Қазақстан» тақырыбын арқау еткен салтанатты мерекенің шымылдығы түрлі ұлт өкілдерінің «Достық» биі композициясымен түрілді. Жиылған жұртты би мен музыканың үндестігі, бишілердің мың бұралған қимылы арқаландыра түсті. Мұнан әрі аудан халқына өзінің ізгі лебізін арнамаққа сахна мінберіне аудан әкімі Нариман Мақұлбеков көтерілді.
– Баршаңызды Тәуелсіз еліміз Қазақстанды мекендеген ұлттардың татулығы мен келісімінің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Халық бірлігі – қасиетті сөз. Бұл мереке барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының жарастығы, бейбітшілік пен тұрақтылықтың жарқын бір көрінісі болып табылады. Бүгінде біздің елімізде ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында мемлекетіміздің болашағы жарқын, мәртебесі биік. Бұл мереке Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлысқа ортақ. Қазіргі таңда ауданда өмір сүріп жатқан бірлігі бекем 17 этнос өкілі шаруашылық пен өндіріс салаларында елеулі еңбек етіп, өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосуда. Сан ұлттың басын қосқан, тірлігі бірлігімен түлеген Шиелінің көркеюіне бірге қызмет ете береміз деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Одан әрі сән-салтанаты жарасқан мерекелік кешті Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары әнмен әрлеп, көпшілікке сахналық қойылым ұсынды. Мұнда әр ұлттың өнері мен билері де көрініс тапты. Бұл мерекелік думанда ән мен би, сән мен салтанат, салт пен дәстүр қатар өріліп, халық достығының көрінісі айқындалды.

Ш.Тілеубав
03 мамыр 2022 ж. 795 0