Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлік пен бейбітшіліктің құт мекені

Бірлік пен бейбітшіліктің құт мекені

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Иә, кең байтақ қазақ жерінде тұрып жатқан 150-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешуі үшін ауызбіршілік, береке мен ынтымақ сынды қасиеттердің орны орасан. Сондықтан бұл келіп жеткен мейрам мән мен мағынаға ие.
Аталған мерекені кең көлемде атап өтуге бірнеше тарихи оқиғалар бастама болған. Ендеше сол себеп болған оқиғаларды бір шолып өтелік. 1 мамыр мейрамын ең алғаш ойлап тапқан большевиктер яғни, Чикагода ереуілге шыққан жұмысшылар екен. Негізінен бұл бірлік күнінің тарихы тым тереңде жатыр. Үш мың жыл бұрын ежелгі Италия тұрғындары жердің қамқоршысы әйел құдай Майяға табынған. Соның құрметіне көктем мезгілінің соңғы айын «май» деп атап, сәйкесінше серуендеп, түрлі той жасаған. Бұл мерекенің тарихы Еңбекшілердің ынтымақтастығы күні ретінде 1889 жылдың шілдесінен бастап атап өтіле бастады деген деректі де кезіктіруге болады. Тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан бас­тап тойлануда.
1 мамырды «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жариялау туралы бұйрыққа Елбасы Н.Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойды. Содан бастап нақ осы күні елімізде тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын түрлі мерекелік шаралар өткізіліп келеді. Және де әр азамат мерейлі мерекенің ауқымын түсінеді. 1995 жылдан бері ұлтаралық татулықты нығайтуды мақсат тұтқан Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеп келеді. Қазіргі күні жүз елуден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір тудың астында тату-тәтті өмір сүріп, дәстүрлі мерекені өз деңгейінде тойлайды.
Өкінішке қарай биыл әлемдік індетке байланыс­ты достық пен бірліктің нышанына баланған мерекені кең көлемде атап өту мүмкін болмай тұр. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайды 11 мамырға дейін ұзартты. Соған байланысты мамыр айындағы мерекелерді үйде қарсы алуға тұра келеді.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдерінің ортақ отаны. Бүгінде облыста 96 процент қазақ, 4 процентке жуық өзге ұлт өкілдері тұрады. Яғни бұл облыста 35 мыңның үстінде өзге этнос өкілдері өмір сүріп жатыр деген сөз. Ал 2019 жылдың статистикалық мәліметтеріне сенсек, Шиелі ауданында 3423 өзге ұлт өкілдері ғұмыр кешуде. Атап айтқанда орыстар – 1796, кәрістер – 823, өзбектер – 557, беларусь – 57, шешендер – 47, татарлар – 37, немістер – 29, украиндер – 27, әзірбайжандар – 25, қырғыздар – 7, гректер – 3, ұйғырлар – 3, молдавандар – 1 тағы басқа ұлттар мен ұлыс өкілдерінің 18-і ауданның тұрғылықты тұрғынына айналған.
Жалпы «Қазақстан халқының бірлігі күні» біздің аймақта да өз дәрежесінде тойланып келеді. Мағынасы мәнге толы мерекенің ең бір жарқын көрнісі ретінде – этномәдени көрмені айтып кетуге болады. Сонымен бірге бұл күні музейлер мен кітапханалар әр ұлттың тарихынан, дәстүрінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырады. Өзге ұлттардың мәдениеті мен дәстүрлерін жіті таныстыру арқылы ұлттың тұтастығы беки түседі. Бір сөзбен айтқанда «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» деген қағидатты ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Елбасы айтқандай, этникалық бейбітшілік пен келісім саясаты – мемлекеттің негізгі басымдылықтарының бірі.
– Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық, – деген болатын.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
01 мамыр 2020 ж. 2 777 0