Мәңгілік елге бастайтын бірден-бір жол – бірлік!
Қасиеті қанағатшыл алаш баласы ағаш бесік пен жер бесік арасындағы бұралаңы мен соқпағы қатар өмір жолдарында жан баласын өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
Осынау мерекелі тірліктен берекесі тасып, ырысы асқан киелі мекен Шиелі де қалыс қалған емес. Сөзіміздің айғағы ретінде «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі» күніне орай орталық алаңда өткен мерекелік шараны атауға болады. Еліміздегі осы жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай тойланатын бірлік мерекесіне ауа райының салқындығына қарамастан аудан халқы көп жиналды. «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін» тақырыбын арқау еткен салтанатты мерекенің шымылдығы түрлі ұлт өкілдерінің «Достық» биі компазициясымен түрілді. Жиылған жұртты би мен музыканың үндестігі, бишілердің мың бұралған қимылы арқаландырып әкетті.
Мұнан әрі аудан халқына өзінің ізгі лебізін арнамаққа сахна төріне аудан әкімі Ә.Оразбекұлы көтерілді.
– Баршаңызды достық пен татулықты, бейбітшілік пен мызғымас тұрақтылықты білдіретін айтулы мереке «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен» шын жүректен құттықтаймын. Елімізде 1995 жылдан бері «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі» күні ретінде мерекеленіп келеді. Айтулы мерекенің көп ұлтты Қазақстан үшін мән-мағынасы ерекше. Елбасының көреген саясатының арқасында елімізде бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Ғасырға бергісіз жасампаз 28 жылда Қазақстан шын мәнінде бейбітшілік белдеуіне айналды, – деді аудан басшысы.
Әрі қарай ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен концерттік бағдарламамен жалғасқан шара барысында шырқалған өзге ұлт өкілдерінің әндері Шиелі аспанын жаңғыртса, бишілер тобының өнері көпшіліктің көңілінен шыға білді. Мамырдың алғашқы күнінде М.Шоқай алаңында түрлі этностардың дайындаған дәмі тіл үйірер тағамдары мен көздің жауын алатын қолөнер бұйымдары, таңғажайып сурет көрмесі ұйымдастырылып, көрермен назарына ұсынылды. Ғасырлар бойы қалыптасып, қиын-қыстау кезеңдерде шыңдалған мызғымас бірлігіміз, айнымас достығымыз, мәңгілік достыққа айнала бермек. Біздің міндетіміз – іргесі қаланған Тәуелсіз елімізді тұтасымен сақтап, келер ұрпаққа аман-есен жеткізу. Келісім болған жерде бірлік бар. Ал бірлік болса, биік табыстарға жете беретін боламыз. Әлемде бейбітшілік орнағанын қаласақ, өз еліміздегі ынтымақты сақтай білгеніміз жөн. Қалай десек те, мерекелік шара достықта, өнерде шекара болмайтынын айқын дәлелдеді. Татулық тілегінен түспеген халқымыз үшін көктемнің көк орай шалғын, шуақты айының бірінші күні осылай басталып кетті.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.