Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулық
Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда көшіп-қонып жүріп те берекесінің қазанын ортайтпады. Қасиеті қанағатшыл алаш баласы ағаш бесік пен жер бесік арасындағы бұралаңы мен соқпағы қатар өмір жолдарында жан баласын өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашан да тарылмаған кеңдігімен еліміздің тамырын жаза, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген бабалар сөзінде. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
Осынау мерекелі тірліктен берекесі тасып, ырысы асқан киелі мекен Шиелі де қалыс қалған емес. Сөзіміздің айғағы ретінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай орталық алаңда өткен мерекелік шараны атауға болады. Айта кетейік, айтулы мереке Елбасымыздың 1996 жылы қабылдаған Жарлығы бойынша ширек ғасырдан аса уақыт тойланып келеді. Көк байрақтың астында жүз отыздан аса түрлі ұлт өкілдері мен ұлыстары тату-тәтті тұратын еліміз үшін даталы күннің маңызы зор.
Еліміздегі осы жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір жандарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай тойланатын бірлік мерекесіне аудан халқы көп жиналды. «Бірлік. Достық. Тұрақтылық» тақырыбын арқау еткен салтанатты мерекенің шымылдығы түрлі ұлт өкілдерінің «Достық» биі композициясымен түрілді. Жиылған жұртты би мен музыканың үндестігі, бишілердің мың бұралған қимылы арқаландырып әкетті.
Мұнан әрі аудан халқына өзінің ізгі лебізін арнамаққа сахна мінберіне аудан әкімі Әшім Оразбекұлы көтерілді.
– Баршаңызды Тәуелсіз еліміз Қазақстанды мекендеген ұлттардың татулығы мен келісімінің мерекесі 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жақсылығы мен шуағы мол бұл мерекенің барша қазақстандықтар үшін қоғамдық саяси маңызы зор. Өйткені, бұл мереке Қазақстанды мекен еткен барлық ұлт пен ұлысқа ортақ әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің азаматтық борыш пен жалпыұлттық мерекесі. Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына қоныс тепкен сан түрлі ұлт өкілдері бүгінде тегі басқа болғанымен тілегі бір, түрі бөлек болғанымен жүрегі бір, арманы ортақ мәңгілік ел болуды бағдар еткен біртұтас мемлекетке айналды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты негізінде елімізде ашық та еркін, саяси-тұрақты, қоғамында береке мен ынтымағы жарасқан мемлекеттің негізі қаланды. Кең байтақ Отанымызда өмір сүрген халықтар бақытты болашақтың, тұрақты дамудың тірегі ынтымақ пен бірлікте жатқандығын әлеуеті жоғары экономикасы дамыған елдердің қатарына қосылу үшін этносаралық келісімнің мәні зор екендігін сезініп, тату-тәтті өмір сүрде, – деген аудан басшысы Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 26 сессиясына тоқталды. Сөйтіп, ауданда да 17 өзге ұлт өкілі мекен ететіндігін тілге тиек етіп, баршаға ыстық ықыласын жеткізді.
Мұнан соң кент және ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет, денсаулық, қаржы, спорт саласының қызметкерлері, өзге этнос өкілдері, бөлімдер мен мекемелер «Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан» атты мерекелік шерумен алаңнан жүріп өтті. Әрі қарай ел бірлігін, ұлттар достығын паш еткен концерттік бағдарламамен жалғасқан шара барысында шырқалған өзге ұлт өкілдерінің әндері Шиелі аспанын жаңғыртса, ал, «Ақжелкен», «Арман», «Инабат» «Азия» би топтарының билері көпшілік жүрегінен орын таба білді. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі сазгер Марат Омаров та әннен шашу шашып, ортада ақ жаулықты аналар дөңгеленіп би биледі. Міне, биыл 22 рет тойланған бірлік мерекесі ауданда осындай көрініс тапты.
Осылайша, тыныштықты тұғыры етіп, тұрақтылық тірегіне айналған, татулық тілегінен түспеген халқымыз үшін мамырдың жайма шуақ күндері басталып кетті.
Дина ЖҮСіПОВА.