Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттар бірлігі татулығымызда

Ұлттар бірлігі татулығымызда

Бірлікті ел бұзылмасЕл басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда көшіп-қонып жүріп те берекесінің қазанын ортайтпады. Қасиетті қанағатшыл алаш баласы ағаш бесік пен жер бесік арасындағы бұралаңы мен соқпағы қатар өмір жолдарында жан баласын өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашан да тарылмаған кеңдігімен еліміздің тамырын жаза, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген бабалар сөзінде. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған.
Осынау мерекелі тірліктен берекесі тасып, ырысы асқан киелі мекен Шиелі де қалыс қалған емес. Сөзіміздің айғағы ретінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнінде еңбегі елеулі өзге ұлт өкілдерінің марапат төрінен көрінгенін атап өтуге болады. Мамыр басталса қазақтың мамыражай тірлігі басталатын бұл ай айтулы даталарымен есте қалады. Айта кетейік, бірлік, татулық мерекесі Елбасының 1996 жылы қабылдаған Жарлығы бойынша ширек ғасырдан аса уақыт тойланып келеді. Көк байрақтың астында жүз отыздан аса түрлі ұлт өкілдері мен ұлыстары тату-тәтті тұратын еліміз үшін даталы күннің маңызы зор.
Ұланғайыр атырапты алып жатқан қазақ жері қандай кең байтақ болса, оны мекен еткен халқының да пейілі сондай кең-дархан. Дана халқымыз «бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады», – деп бекер айтпағанын байқаймыз. Оған себеп Қазақстан әртүрлі ұлттың бейбітшілікте өмір сүретін ел ретінде әлемге танылып, 130-дан астам ұлттар бейбіт өмір сүруде. Олар бір атаның баласындай бір шаңырақ астында еңбек етіп, тату тәтті күн кешуде. Қаншама жылдан бері ынтымақта, бірлікте өмір сүріп келуі қазақ халқының қонақжай екендігін көрсетеді.
«Түрі басқа болса да, тілегі бір. Жүзі басқа болса да жүрегі бір», – дей отыра ұлты, діні, тілі, ділі, салт-дәстүрі қандай болмасын түсіністік танытып, теңдей қарап, құрмет көрсетуде. Көп ұлтты ел болу – біздің байлығымыз, мақтанышымыз. Ұлттарды бір шаңырақ астына біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы жалпы халықтық, жалпы азаттық орган қалыптасты. Оның Конституциялық дәрежесі бар. 1995 жылы құрылған Қазақстан Халықтары Ассамблеясы дүниежүзіне үлгі ететін ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені. Ал, барлығын бауырындай көріп, бөле жармайтын қазақ халқының татулығы ұлттар бірлігінің орнығуына себеп болды.
Ұлтаралық татулық пен келісім – ұлттық идеяның негізгі өзегі болып табылады. Ұлттар арасындағы бірлік пен сенім – әділдіктің сипатын бейнелейді. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белес­терге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз, татулығымыз. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ. Алуан ұлтты бауырына басқан, бейбітшілік пен татулықты әлемге үлгі еткен, достық пен ынтымақ елі. Бұл қазақ халқының бірлігін, кеңдігін, ұйымшылдығын, ынтымақтығын білдіреді.

Б.Шахмарданов,
Шиелі аудандық архивінің
Ақпараттық технологиялар бойынша инспекторы
12 мамыр 2021 ж. 1 271 0