Тұғырымыз – тұрақтылық, таңдауымыз – бірлік
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні егеменді еліміздің тарихындағы айтулы мерекелердің бірі. 130 ұлт өкілінің тарихи Отанына айналған Қазақстан атты қасиетті қара шаңырақ аясында ынтымақта тату-тәтті өмір сүріп жатқан достық мерекесі. Яғни, Бірлігі мен татулығы жарасқан Қазақстан халқын рухани тұрғыда байланыстыра түсетін сәт. Міне, осы мереке қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты іс-шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов төрағалық етті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа біріктіріп, ел дамуына үлес қосып келеді. Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға толеранттылықтың асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес.
Ұлттар арасындағы бірліктің, достық пен ауызбіршіліктің қасиетін аңғартатын Шиелі өлкесі көпұлтты өңір. Мұнда 2702 этнос өкілдері тұрады. Яғни, 18-ге тарта ұлт өкілі бар. Айтулы мереке қарсаңында өткен шарада аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов «Ынтымағы жарасқан елдің ырыс-несібесі мол, бірлігі мығым елдің бостандығы – мәңгілік! Сондықтан да Тәуелсіз елде өмір сүріп, бірліктен ажырамайық. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын» – деп, әртүрлі салада қызмет етіп жүрген 15 диаспора өкілін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады.
Бұл күні Шиелі ауданының өсіп-өркендеуі жолында сан түрлі салада қызмет істеп жүрген ұлт өкілдерінің еңбегі еленді. Атап айтар болсақ, Тұрғын үй кооперативінің кеңесшісі, шешен ұлты диаспорасының мүшесі Х.Чолондуров, №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары О.Граньева, «Шиелі АПБТ Казпошта» сұрыптаушысы Р.Томасовна, Бала би ауылының кітапханашысы А.Дурманова т.б мамандар марапат төрінен көрінді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ