Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІР ЖӘНЕ ӨНЕГЕ

ӨМІР ЖӘНЕ ӨНЕГЕ

Жуырда ғана облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл «Руханият жылы» деп жариялады. Өңірдің барлық елді мекеніндегі клубтар мен мәдениет үйінен жас ұрпақты отаншылдық, патриоттық рухта тәрбиелейтін үйірмелері бар «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылды. Осы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының «Сұхбат ТIME» бағыты аясында ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесі бар, биыл мерейлі 75 жасқа толатын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын-композитор Өркен Исмаиловпен сұхбаттастық. Өрекеңнің ауыл мұғалімінен бастаған өмір өткелдері мазмұнға бай, әсем де әуезді шығармашылық жолы мен қаламгерлік қасиетінің өскелең ұрпаққа өнеге боларлық тұстары мол. Қазақта «Әулие аттаған оңбайды» деген тәмсіл бар. Тау тұлғаны ту-у сонау алыстан іздемей-ақ, өз ортамыздан тауып, барымызды бағалай білудің өзі – тәлім-тәрбиелік сипатқа ие болатыны сөзсіз.
Әлқисса, алғашқы сауал:
– Замандасыңыз, біртуар әнші, қарымды қаламгер Жәнібек Кәрменовтің «Адам боп келдім дүниеге, адам боп өтсем тілегім» деген өлең жолдары бар. Сіз де, табиғатыңыздан шығармашылық адамысыз. Жалпы әр адамның Абай хакім айтатын толымды тұлға, толық адам болуы шарт емес. Десек те, қарапайым ғана орнықты, айналасы құрмет тұтар адамша өмір сүруді қалай түсінесіз және оның сипаты қалай өрнектелмек?
– Үлкені құрметтеп, кішісі ізет көрсететін нағыз адамның сипаты – адалдықта! Ал сол адал адам қалай қалыптаспақ десеңіз, осы ой төңірегінен біршама сөз қозғауға болады. Қашанда көргені жақсының көңілге түйері көп, байыпты сөз, байсалды пікір айтатын да солар. «Өзі құл болмақ, кімге пір болмақ?» дегендей сол адалдық дегеннің өзі нәрлі негізі болмаса, жоқтан бар болмайтынға ұқсайды. Қанмен келіп, жөргектен жұғатын қасиет екен-ау деген ойға қаламын. Қоғамдық пікір көш басында жүретіндер де көбіне сол жаны таза, ойы түзу адал азаматтар қатарынан шығатыны осыған меңзейді. Ел болған соң, көпшіліктің көрпесін жамылып жөнсіз мін ¬тауып, сүреңсіз сын айтатындар да жоқ емес. Елдік мәселе мен қоғамдық сана жайлы түсінігі кемшін сондай кінәмшіл кірпияздарға жөн сілтейтін де сол қатардан. Әуел бастан адал еңбегімен қоғамда орнын тауып абырой арттырған атпал азаматтардың қашанда мәртебесі биік. Көпшілік сыйлап құрмет тұтатын, рухани жұтамаған ондай саналы азаматтарымыздың қарасы қалың болса арман не? (Бұл – «алағайым» көп, «бұлағайым» аз деген сөз емес әрине). Қарапайым қазақы болмысымен-ақ, дәстүрлі салтымызға тән асыл қасиеттері олардың сипаты дер едім. Азаматтық борышына адалдық танытып, бар күш-қайратын туған жері мен елінің игілігіне жұмсап жүрген қоғамдық негіздегі жұмыстары – олардың әдеттегі қарапайым да қалыпты өмірлерінің өрнегі болса керек. Өкінішке қарай, көп адам өмірдің мәнін ішіпжеу, дүние жинап баю деп ойлайды. Өмір – адамға бір-ақ рет берілер нығмет екенін естен шығарып жатамыз. Бір-бірімізге өкпе артып, ренжісеміз, адамдық қасиеттерден ауытқып ашуға бой алдырамыз, жанжалдасып балағат айтамыз. Өмірдің өткінші, адамдардың біріне-бірі уақытша қонақ екендігін ұмытып кететін жағдайлар кездеседі. Ал адамша өмір сүруді мен қарапайым ғана өмір қағидаттарын берік ұстанумен байланыстырар едім. Ол өзіңмен аралас ортамен айнымас сыйластықта болып, жақсы ой ойлау, кекшіл болмай көпшіл болу, өзгеге жанашырлық танытып, қоғамдық тәртіп, әдеп нормаларын қатаң сақтау деп ойлаймын. Өмірдің мәні мен сәні – мейірім мен сыйластық, татулық пен түсіністік төңірегінен табылса керек.
– Осы биігіңізден зер салғанда, азамат болып қалыптасып аяққа тұруыңызға, жалпақ тілмен айтсақ қанына тартыпты дейтін – тек, отбасы тәрбиесі, қала берді өскен ортаңыздың қаншалықты әсер ықпалы болды?
– Көбіне-көп кейбіреудің шәлкем-шалыс, оң-солын ажыратпас ұрыншақ мінезіне қарап «Тегіне тартпаған екен» деп өкініш білдірсе, шектен шыққан бүлдіргі адамдардың өрескел жаман әдеттерімен ұрлық, озбырлыққа байланысты жағдайларда «Тексіз» деген өте ауыр сөзді қолданады қазақ атам. Тегін айтылмаса керек. Тегіне тартып озық туған ойшылдар мен басқа да ерекше қасиеттерге ие әулеттер болады. Және ол қасиеттердің арғыдан бастау алатын алтын қазық, нәрлі бұлағы болатыны жайлы тарихта мысал көп. Отбасылық тәрбиенің де, сол бабалардың қанымен беріліп, ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасып келе жатқан көзге көрінбес тіні мен дәстүрінің болатынын жоққа шығаруға болмас бәлкім. Осындай үрдіспен әулетке тән тектің құнары сақталып отырады. Оған кейде өскен ортаның да ықпалы болмай қоймас, бірақ өнген жеріңнің тегі мықты болса, ортаның теріс әсеріне берілмейді, сынбайды. Қандағы қасиеттің оған жол бермейтін қорғаныш иммунитеті бар. Қазақ оны «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған...» деп бір ауыз сөзбен түйіндеп, үмітін ақтамаса «қанына тартпапты» деп қамығып отыратыны сол. Мысалға, менен үлкен Беркін ағамның үй-ішімен оқымысты, ғалымдар. Өзі ауыл шаруашылығы ғылымының, жеңгеміз бен екі бірдей қызы экономика ғылымдарының кандидаты. Бұл өмір заңдылығы, адамдардың бір-бірінен айырмашылығын көрсететін тектілік өлшемі. Әкем марқұмның «Адамдарды өлгенше тәрбиелеп отыру керек...» дейтін сөзі болушы еді, талғаммен берілген тәрбиенің жемісі дегенге де, қанмен келген қасиет деуге де саятын өз әулетімізден бір мысалмен ғана шектелейін.
– Қызылорданың педагогикалық институтын бітіріп ауыл мектебіне мұғалім болғаныңыздан хабарымыз бар. Шығармашылыққа қалай келдіңіз және алғашқы әніңізді қай жылы, қандай жағдайда жазғаныңыз есіңізде ма?
– Мен қазіргі Бала би ауылында туып-өстім. Осындағы Абай атындағы №50 орта мектептің түлегімін. 8-сыныптан бастап қолыма қалам алдым. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Сағындық Алтынбеков ағайымыз менің осы шығармашылық жолға түсуіме ықпал етті. Өлең жазуды мектептегі «Сықақ» қабырға газетін шығарудан бастадым. Ұстазымыз оны өңдеп, жөндеп береді. Мақтайды. Соған мәз болып келесі тақырыпқа шумақтар құрастырып жүріп сөз құрауға бейімделе бастадым. 1963 жылы жігіт болып қалған шағымыз. Түрлі кітаптар оқып жүріп бойға махаббат ұшқыны ұялаған болса керек, әлдебір тәтті сезімдер ояна бастаған бозбала кезім. Осы жылы алғаш рет «Көңіл сыры» атты ән шығардым. Сөзі де, сол саз әуенмен бірге туды. Әннің қайырмасы есімде қалыпты: «Кетсең егер ұзақ уақыт, Сен алысқа, бір жаққа. Оралғанша өзің қайтып, Қарай берем сол жаққа» – деппін ғой балалық шексіз мөлдір сезім аялап. – Пау деген, Өркен баланың Өркен аға болуға асыққан бала махаббаты ерте оянған екен! Осы музыкалық әуестік пен бірдей қолыңыздан қалам да түспегенге ұқсайды. Кітапқұмарлық бала күннен серік еткен қасиетіңіз ба? – Иә, мектеп жаңалығынан бастап, ауылда не болып жатыр, соларды «Өскен өңір» газетіне жазуды дағдыға айналдырып үзбей жазумен болдым. Біреуі шықса, біреуі шықпайды, енді бірі хабар-ошарсыз кететін. Сонда да тоқтамаймын, жаза бердім. Алғаш кітап оқуды да Сағындық ағай үйретті. Ауылдық кітапхананың бар кітабын дерлік оқып шықтым десем артық болмас. Әкем Әзімхан, мен 7-сыныпты оқып жүргенде «Лениншіл жас» газетін жаздырып беріп, газет оқуымды тапсырды. Онысын қадағалап, кешкісін түрлі сұрақтар қоятын. Жалтара алмайсың, өйткені оны өзі оқып алғанын білем. Амал жоқ, әуелде парақтап шолып шығып жүріп, кейіннен құнығып оқитын дәрежеге көтерілдім. Содан бергі 65 жыл бойына қазіргі «Жас Алаш» газетінің байырғы оқырманымын. Сол кездері осы газетке шыққан жерлес ақынымыз Асқар Тоқмағамбетовтің мына өлеңін жаттап алып едім: Сен келген жоқсың өмірге, Тек қана ішіп-жейін деп. Келмеппең сонда туған еліңе, Бірнәрсе дейін деп. Айта алмай кетпе, айтып кет, Айта алмайсың қайтып кеп... -Кітап, газет-журнал оқу әкемнен жұғысты болған дағды, ол кісі қолы босаса кітап не газет, журнал алып оқып отыратын. Кейіннен, есейген шағымда да, қай кезде барсам да әкемнің қолынан кітап түспейтін, «Миды тоқтатуға болмайды, ми семіп қалады. Үнемі қозғау салып, сананы жетілдіріп отырған дұрыс» дегенді айтудан жалыққан емес. Оның кітапханасында 1000-ға таяу кітап сөреде тұратын. Менің жиған кітаптарым 400-ден асты. Қазір немерелерім М.Әуезов, С.Мұқанов, Абай, Шәкәрім, М.Шаханов, М.Мақатаев, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, О.Сәрсенбаев, М.Мағауин, Қ.Жұмәділов, т.б ақын-жазушылардың кітабын үйдегі кітапханадан алып оқи береді. Дәптер арнап қойғанмын, соған жазып сұраған кітабын алады, қайтып әкеліп өткізетін тәртіп бар. Бұл да әкемнен қалған нұсқа. Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дегендей, өзім оқыған мектепте 5 жыл мұғалім болдым. Бала тәрбиесімен айналысып, сынып жетекшісі қызметін қоса атқардым. Шиеліге көшіп келуіме байланысты, аудандық әуез мектебінде өз мамандығым бойынша баян аспабы сыныбында сабақ беріп, әнімді айтып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрген ол бір өз алдына «Пай-пай шіркін!..» дейтін жігіттік дәуренім еді...
– Иә, байқауымша болашағы бар жас ретінде көзге түскен сияқтысыз. Жас кадрдің, ақ көйлекті әскери форма, көк жейдеге ауыстырған өмір жолындағы өзгерістерге ұласқан кезең сыңайлы. Мұғалім әуелбастан – тәрбиеші, көп жыл қызмет атқарған орган саласында да тәрбие ісімен айналысқан жауапкершілік жүгін арқалапсыз. Шығармашылық талабыңызға нұқсан келген жоқ па?
– Сол кезде аудандық Пионерлер үйі директоры қызметінде жүргенмін. Бір күні ойда жоқта сол кездегі аудандық партия комитетінің 1 хатшысы Орынбасар Бәйімбетов шақырып, жас коммунист ретінде мені басқа салаға қызметке жіберетінін айтты, келісімімді де сұраған жоқ. Сол кездегі тәртіп солай болатын. Сөйтіп 1980 жылы аудандық ішкі істер бөлімінде жаңадан ашылған бөлім бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметіне жолдамамен жіберді. Енді тәртіп сақшылары болып табылатын заң қызметкерлерінің тәрбиесімен айналысуға тура келді. Оған да үйрендік, сенімді ақтап көріну керек деген ұмтылыспен тәжірибе жинадық. Орайы келді де. Полиция қызметкерлерінің имиджін арттыру мақсатында Республикада тұңғыш қазақша ән айтып, күй тартатын милиция қызметкерлерінен «Жалын» атты ансамблін құрдым. «Жалын» ансамблі Республикалық телеарнадан 1 рет, облыстың барлық аудан орталықтарында концерт беріп, өз өнерлерін паш етті. Алматыдағы милиция күніне орай түсірілген концертімізге сол кездегі қазақтың маңдайалды атақты композиторлары Әсет Бейсеуов пен Ескендір Хасанғалиевтар қатысып, оң бағасы мен батасын берді. Мен Е.Хасанғалиевтің «Күн дидарлы Қазақстан» әнін орындадым. Қазақ телеарнасы мені одан соң да үш рет шақырып эфирге шығарды, танымал болдым. Бірақ жұмыс бағытының ерекшелігі, негізгі міндетті орындау барысындағы күндіз-түнгі шабуыл, көп уақыт пен күш-жігерімді жұмсаған жылдар жеке шығармашылығыма нұқсан келтірмей қойған жоқ. Менің шығармашылық әлеуетімнің тосылып, тоқыраңқырап қалған кезі сол жылдарға тән.
– Сіздің аудан әкімінің орынбасары қызметіңізде қатар жұмыс істедік. Тәуелсіздіктің тәубәсінан тәуекелі көп болған өтпелі кезеңнің қиындықтарынан бірге өткен жылдарғы еңбектің бағасын халық бере жатар. Сол кездері де иықтан баян, қолдан қалам түспеді ғой?.. Шығармашылыққа бет бұрыс жасай алдыңыз ба? Өйткені өскелең ұрпаққа сіздің әкім болғаныңыздан, әншікомпозиторлығыңыз маңыздырақ сияқты көрінеді.
– Дұрыс айтасың, Исабек бауырым. Өңірімізде тәуелсіздік жылдарының өтпелі қиын кезеңінде аудан әкімі болған Жарылқасын Тұрабаевтың еңбегі өлшеусіз деймін. Қиын кезеңде елдің жүгін қара нардай қайыспай көтеріп ала алған азамат еді марқұм. Біз, оның ішінде өзің де бар, аудан халқына барынша адал қызмет етуге тырыстық. Бюджетте қаражат, елде қауқар, ештеңе жоқ кезде жоқтан бар жасап, тұрмысы құлдыраған отбасыларын жағалап қабымен ұн, күріш, басқа да тұрмысқа қажетті отын-көмірді иығымызбен арқалап жүріп тасып, таратқанымызды ұмытпаған шығарсың. Жоқты да, барды да жаздық, газеттен үзбей жариялап отырдық. Баянды да арқалап жүріп тартып, әнді де салып, көпті төзімге әңгіме де айтып жұртшылықтың үмітін жалғап, көңілін көтердік. Ертегідей елестейтін сол кездері біз екеуміз, өзге де жігіт-қыздар бар азаматтық, адалдығымызды танытып аудан әкімі Жарылқасынға сүйеу болып жанында болдық. Барлық уақытта ұнамды кейіпкер де болмаған шығармыз, жоқшылық уақытта жұрттың пейілінің де тарылып жұтайтынын ескерсек болады, аспанда Алла, жерде халық бар. Бірақ біздер халықтың назы мен сазын бірдей арқалаған жүгімізді мойнымызбен көтерген жұмысымызды адал орындап шыға білдік деп ойлаймын. Мен 30-дан аса ән жаздым. Өнерпаз Нариман Мизамбаевтың былтыр жарық көрген «Елге аманат» атты Шиелі өңірінің әндері мен күйлері жинағы кітабында менің 34 әнім нотасымен жарық көрді. Мен күндіз-түні дамыл жоқ милицияда жүргенімде олар туралы 3 ән жаздым. «Полицейлер көз ілмес», «Полиция маршы» және «Өшпес ерлік». Арада «Қазақстанның XXX жылдығы» совхозына директор болып барып, одан «Бала би» өндірістік кооперативін құрып жекешеленіп, тынымсыз қара жұмысқа тағы кезіктім. Ән жазбақ түгілі, әңгіме айтуға мұрша болмайтын замандар өтті бастан. Рас айтасың, беріректе барып ән жазуға көбірек көңіл бөлдім, нәтижесіз емес, осы күндергі басқосулар мен сахнадан айтылып жүрген жанкүйер сұранысқа ие, тыңдарманы бар бірқатар әндерім көңілге медеу. Қалай болғанда да, бірыңғай шығармашылық жолға түсуге тағдыр жазбаған екен. Өмір жолым басқаша өрілгенде әлдеқандай болар еді?.. Білмеймін. Барым – базарым! Ән деген де адамның көңіл күйі мен ішкі жүрек толқыны тербеген жан қалауымен туады. Шабыт дегеніміз – сол. Көңілің шат болса көңілді, мазасыз күй кешкен халден мұңлы әуен дүниеге келеді, өзіңнің рухани әлеміңнің бір бөлшегі болатыны анық. Ал ол халықтың қадесіне жарап жатса тіпті ғажап.
– Әкім демекші, биыл 100 жасқа толатын әкеңіз Әзімхан Исмаилов партия-совет қайраткері. Соғыс ардагері, офицер. Ұзақ жылдар ауданның үлкен шаруашылығы мен атқару комитетін басқарып, Қазақ ССР жоғарғы Кеңесіне депутат болған кісіні өзіміз көріп, інілік ілтипатымызды жасап, әңгіме-дүкен құрғанмызға қуанамын. Аса бір сабырлы, зиялы да зерек сезімтал кісі еді...
– Әкем Әзімхан Исмаил анығында 1924 жылы дүниеге келген. Бірде маған айтқан мына әңгімесі әлі есімде: – Біздің жігіттік шағымыз Ұлы Отан соғысына тура келді. Менің қатарластарым соғысқа аттанып жатты. Ол кезде мен Жаңақорғандағы Романов атындағы мектепте 1923 жылы туылған, кейіннен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері болған Исатай Әбдікәрімовпен және 1924 жылы туылған Ғафур Мұхамеджановпен бірге оқыдым. Екеуімен құрдас ретінде әзілдескенде әсіресе Ғафурмен ойынымыз жарасып тұратын – дейтін. Сөйтіп жасына бір жас қосып жаздырып, соғысқа өз еркімен аттаныпты. Енді Құдайдың мына құдіретіне қараңыз. Ой, Алла-ай десейші, әкем құжат бойынша 100 жасқа 1923 жылы толды. Менің сүйікті жарым, жұбайым Рая (Айхан) Әбсадыққызы 2022 жылы дүниеден озып, біз 2023 жылы қазан айында жылдық асын бердік. Астан кейін республикаға танымал әкеміздің 100 жылдығын дүркіретіп атап өтуге біздің де мүмкіншілігіміз болған жоқ. Соны Құдайдың өзі қиыстырып тұрғандай, шын мәнінде әкем 100 жасқа келер 2024 жылы толады ғой дегенді көңілге медеу тұттық. Құдай қаласа, биылғы жылы өзім 75 жасқа, әкем Әзімхан 100 жасқа толатын тойымыз алда.
– Сіздердің әкелі-балалы династиялық өмір жолдарыңызда бір таңғажайып сәйкестікті аңғарамын. Әкеңіз Әзекең табаны күректей 17 жыл үзіліссіз сол кездегі Ленин атындағы шаруашылықты абыроймен басқарса, оның әкесі, яғни Сіздің атаңыз – Бәкір де әуелі «Мойынсерік», одан соң «Артель» болып құрылған майда шаруашылықтардың басын құрап, өзі ұйымдастырған «Ащықұдық» колхозына тура 17 жыл үздіксіз басшылық жасапты. Кездейсоқ сәйкестік деуге келмейтіні – Әзекең марқұм 12 жыл аудан ардагерлер ұйымының тізгінін ұстады. Тәлім-тәрбиелік тақырыптарда көлемді мақалалар жазатын белсенді ұстанымынан жаңылмай өтті жарықтық. Сіздің де әскери погон таққан өмірнама жылдарды былай қойғанда, (осы жерде лекілдеп күліп алды) ата жолы, әке жолымен шаруашылық, аудан басшылығы қызметтерінде болып, бүгінде ардагерлер ұйымы басындасыз. Қарымды қаламгерсіз, яғни үш буын ата жолы жалғасып келе жатқан дәстүрлі өз жолыңызды жалғастырып жүрген балаларыңыз жайлы бір-екі ауыз тоқталсаңыз?
– Өзің айтқандай, әке жолын да, ата жолын да ақтай алдым деп ойлаймын. Мен әкем Әзімханның жолын қайталадым. Ол қандай қызметтер атқарса, сол жолдың баспалдақтарымен мен де жүріп өттім. Сәйкестігі сол, әкем Әзімхан да өз әкесінің ізін басқан жолмен жүріпті. Өзің айтып отырғандай, әкесі, яғни менің атам Бәкір Палымбетов те өзі ұйымдастырған «Ащықұдық» колхозына 17 жыл төраға болған. 100 жылдығына орай ата-тегім жайлы аз-кем тоқтала кетсем артық болмас. Арғы атам Палымбет зұлмат жылдарғы репрессиядан сақтандырып үлкен ұлы Әбуді – Балмұхамедов, ортаншысы Бәкірді – Палымбетов, кіші ұлы Әлиді – Палмұхамедов деп жаздырған екен. Әбу мен Әлиді Жөлектегі бұратана-орыс мектебіне орысша оқуға берсе, маған Құран оқып бағыштайтын біреуі болсын деп Бәкірді қазақ класына қосқан көрінеді. Көрегендікпен алдын болжаған бабам текке қауіптенбепті, Әли көкеміз бәрібір репрессияның қанды құрығына ілігеді. Әбу – Ташкент облысының милиция бастығы болса, Әли – 1921 жылы алғаш құрылған Шиелі ауданыны милициясының бастығы болған. Кейіннен солтүстік облыстарда сот төрағасы, Жоғарғы сот коллегиясы мүшесі болып жүргенде қуғын-сүргінге ұшырап, жалған жаладан жағылған кірді қанмен жуғысы келсе керек 1942 жылы өзі сұранып кеткен соғыста хабар-ошарсыз кетеді. Осылайша, органда қызмет ету біздің тұқымға әу бастан тән болған сабақтастық бүгінге дейін жалғасып келеді. Соғыс және еңбек ардагері әкем Әзімхан Бәкірұлы 17 жыл шаруашылық басқарғаннан соң да 10 жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінен зейнет жасына жетіп газ тарату мекемесінде директор, 12 жыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болған өмір жолы осылайша өзіме де жұғысты болған тарихымыз бар. 100 жылдығын еске салған сауалыңнан соң ойыма әкемнің кейбір өзіне ғана тән ешкімде жоқ мінездеріне тоқтала кетейін: Тумысынан сабырлы әкеміздің есте сақтау қабілеті өте жоғары еді. Зеректігі шығар, ана тілі мен орыс тіліне бірдей жетік, неміс тілін де игерген ол кісінің оғаштау көрінетін кейбір қызық мінездері болатын. Тазалықты жаны сүйетіні соншалықты, дүкеннен өзіне арнап алынған іш киімін де анама бір жуғызып үтіктетпей кимейтін. Мейлі батпақ, мейлі шаң күн райының ыбылжыған қолайсыз жағдайында үсті-басы тап-таза, аяқ киіміне дейін жалтырап жүретін. Шалбарының әр қалтасына әр мақсатқа арналған бөлек шүберек орамалы болады. Артқы қалта аяқ киім, төс қалта бет орамал деген сияқты. Ол кісі жұмысына барып келген соң да, кабинетінің кілтіне дейін жуып, сүртіп шегеге іліп қоятын. Қонаққа барса ол үйдің сүлгісіне сүртінбеу былай тұрсын, қол тигізбейді, кім болса да түнгі 12- ден әрі отырмайтын бұлжымас режим ұстанады. Құмар ойын, ішімдік ішуге үзілді-кесілді қарсы. Зәуде бір көңіл хошы келгенде әсем қоңыр дауысын созып қазақтың халық әндерін нәшіне келтіре шырқайтын бұғып жатқан өнері бар-тын. Өзім барлық жағынан да әкеме еліктеп, ұқсап бағуға тырыстым. Аудандық ішкі істер бөлімінен милиция подполковнигі шенінде отставкаға шықтым. Үлкен ұлым Асқан да қаржы полициясы подполковник шенінде отставкаға шығып, бүгіндері Алматы қаласында заңгер. Ортаншы ұлым Жалын Ру-6 ЖШС мекемесінде қызмет жасаса, кенже ұлым Дарын аудандық полиция бөлімінің қызметкері, капитан шенінде. Жасынан өнерге бейім болған үлкен қызым Аруна бүгіндері аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы. Эльвира қызым биші болса, Әлия – мұғалім. Динара кәсіппен айналысады, әрі полиция бөлімінде қызмет жасайды. Барлығы да үйлі-жайлы орныққан отбасылар. Осы күніме Құдайға мың сан шүкіршілік жасайтын ақсақалдық қанағатыммен тәубе келтіремін.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қоғамдық өмірге енген «Адал адам» ұғымы тұрғысынан қарасақ, жаңа қоғамдық сана қалыптастыру концепсиясы негізінен жастарға, ұрпақ тәрбиесіне бағытталған. Бүгінгі жас ұрпаққа көңіліңіз тола ма? Осы идеологиялық мәнге ие жаңа бағытты жүзеге асыруда аудан ардагерлерінің орны қандай?
– Көпшілік бүгінгі жастарға көңілдері толмай орынсыз сынап жатады. Мынау әлеужелінің айы оңынан туған ақпараттық тасқын тоғытқан жаһандану заманында олардың жүріс-тұрыс, ой-түсінігін бір кездегі өзімізбен салыстыруға болмайды. Оларға үлгі боларлықтай, еліктеп ұқсауға тиісті өз өнбойымыз, жүріс-тұрысымызда, сөйлеу мәдениетіміз және қоғамдық ой-санамызда нендей артықшылығымыз бар? Түйткілді ойдың түйінін осы жерден іздесек. Міне, мәселе қайда жатыр? Осы төңіректен ойланып көрсек, өз заманымыздың ұрпағы ретінде қалыптасқан қасаң түсінік, көзқарасымызды оларға күштеп таңуға болмайтынға ұқсайды. Кешегі мен бүгінгі құндылықтардың жер мен көктей айырмашылығы бар. Әрине, ұлттық салт-сана түріндегі дәстүрдің жөні бөлек. Біздің буынға тән еңбеккештік, қоғамшылдық өнер-білімге құштарлық қасиеттерімен ерекшеленетін аға буын өкілдері жас ұрпақ алдындағы жауапкершілігін терең ұғынып, қазақы болмысымыздың озық үлгілерін берік ұстанған үлгі тұтарлық қырларымен көрініп жатса құба-құп... Үлкендік жолының салмағы батпан, оны өз дәрежесінде абыроймен алып жүрген замандастарым аз емес. Кешегі Кеңес жастарының бүгінгі жастарға берері көп, екі дәуір аралығындағы алтын көпір. Осы тұрғыдан қарағанда, менің бүгінгі жас ұрпаққа көңілім толғанда қандай! Мысал үшін, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ержан Әбдешов сияқты жалындап тұрған жастар көп. Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деген жоқ па еді? Сондайын-ақ көргенде көңіл толып, көз тоятын Ынтымақ, Димаш, Талғат секілді жастардың қарасы қалың деп ойлаймын. Олай болса біз де ұрпағымызға, келешегімізге сенуге тиістіміз. Мемлекет басшысының «Білімді ұрпақ, Адал адам, Өркениетті қоғам» орнату мақсаты, осы жас ұрпақтың кемел болашағы үшін жасалып жатқан қадамдар. Осы идеяның іргетасы, негізі болатын ұлттық құндылықтарымызды, халықтық дәстүрімізді дамытуға аудан ардагерлері де өз үлестерін қосуда. Жақында ғана ауданның мектептерін түгелдей аралап, ұстаздар мен ата-аналарға, тұрғындарға адал адам тәрбиесі жөніндегі өмірлік тәжірибемізден түйген ойпікірімізді жеткіздік. «Қарты бардың – қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Аудан халқының ынтымағы мен татулығын сақтау – ең басты мақсатымыз. Оның ішінде жастарымызды ата дәстүрін қастерлейтін биік адами қасиеттерге тәрбиелеудегі үлкендік жауаптылығымызды сезініп, бар күш-жігерімізді жұмсауға тырысып бағудамыз. Адал сөзім – осы! Адамдық пен адалдығымызды кір шалмасын. Сыр-сұхбатымыздың басын «Адал адам» ұғымымен үндесетін «Адам боп келдім өмірге...» деген жолдармен бастап едік, ендеше Сіз бастаған ардагерлер қауымы, әу бастан-ақ нәсібін адал еңбектен ажыратқан ата дәстүрін жалғастырып, жастарымыздың елжанды патриот, білімпаз да өнерпаз, рухы мықты, адамгершілігі жоғары болуына аянбай атсалысады деп сенемін. Рақмет! Ардагер ағамыз Өрекең биыл мерейлі 75 жасқа толады. Толысқан кемел жасына өмірде де, өнерге де қалдырар мол мұра, үлкен абыроймен келіпті. Бір кем дүние демекші, жарты ғасыр отасқан аяулы жары Рая жеңгемізден де қапияда көз жазып қалған жағдайының қабырғасын қайыстырып, жанына бататынын сезіп жүрміз. Өмірдің сынағы, соған қарамастан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген азаматтық ұстанымына аудан халқы дән риза. Шығармашылық шабыты шау тартыпты дегенге еш иланғымыз жоқ. Сұхбат алдында дөңгелене отыра қалып қолқа салдық. Қатысушы жігіт-қыздардың ықыласы көңілін көтеріп тастады білем, баянын асынып ырғап отырып шырқай жөнелгенде бәріміз қосылғанбыз. Осыны арқаланып: – Өреке, мүмкін болса өз шығармашылығыңыздан кең таралған бір әніңізбен , сыр-сұхбатты көтеріңкі көңілмен аяқтасақ деймін? – деген өтінішім аяқсыз қалған жоқ.

Сұхбатты жүргізген Исабек Сәрсенбайұлы,
мәдениет саласының ардагері, аудандық ақсақалдар
кеңесінің төрағасы
27 ақпан 2024 ж. 197 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930