Жүрегінде симфония ойнаған
Жұма күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «Өмір және Өркен» атты қаламгер, сазгер, қайраткер Өркен Исмаилдың 70 жылдық мерейтойына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Жетпістің желкенін тартып, қарбалас тіршілікте қаламынан сыр шертіп, жүрегінен жыр төгілген сегіз қырлы азаматтың мерейтойына аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, ардагерлер және өңір тұрғындары қатысты.
Мерекелік кештің шымылдығы Өркен Исмаилдың жастық дәуренінен сыр шертетін прологпен түрілді. Сахналық қойылым барысында Ө.Әзімханұлының жұбайына арнаған жыр шумақтары оқылды. Содан кейін аудан басшысы Ә.Оразбекұлы қолынан қаламы, иығынан баяны түспеген арда азаматқа ақжарма тілегін айтып, ыстық ықыласын білдірді.
– Шиелі ауданында жазушы да, ақын да, диқан мен мемлекет қайраткері де дүниеге келген. Олардың арасында әлемді мойындатқан тұлғалар да бар. Міне, біздің өңір – қасиетті жер. Сондай тұлғалардың қатарындағы елдің жанашыры, ауданның «Құрметті азаматы», ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, сазгер Өркен Исмаил биыл 70 жасқа толуда.
Елді ұйыстырып, татулық пен бірлікке шақыруда, өскелең ұрпаққа тәрбие беруде Өркен ағаның орны ерекше. Өрекеңнің қаламынан туындаған 50-ге тарта әні де көпшілікке танымал. Күнделікті күйбең тірлікте Өрекеңнің көңілді әндерін әрқайсысымыз айтқымыз келеді, – деді Ә.Оразбекұлы. Одан кейін мерекелік кештің басты кейіпкері Өркен Исмаилға «Құрмет» грамотасын табыстады. Содан соң мерейлі жасқа жетіп, мерейі үстем болған Өркен Әзімханұлының иығына шапан жауып, ұлттық құндылықтың бір көрінісін сахна төрінде көрсетті.
Ақ тілектің тиегі ағытылғаннан кейін мерекелік кеш әсем әнге ұласты. Аудандық мәдениет үйі мен әуез мектебінің өнерпаздары көрерменге көңілді кеш сыйлады. Құрманғазының «Адай» күйімен бастау алған әуезді әндер Өркен Исмаилдың «Сыр ұланы», «Ардагерлер», «Шиелім», «Өскен өңірім» атты әндерімен жалғасты. Кеш барысында белгілі күйші Әділбек Тәшімов пен әуез мектебінің баянисі Өскен Қалымбет өз құттықтауын жырмен жеткізді. Әні мен сәні үйлесім тапқан шарада Ө.Әзімханұлының бастамасымен аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрылымымен құрылған «Жалын» ансамблі де төбе көрсетті. Аталған ансамбль патриоттық әндерді шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Мерекелік шарада Өркен Исмаилға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әбдірахманов та жылы лебізін білдірді. Ол өткенге шегініс жасап, балалықтың бал күндерінен сыр шертті.
– Біз Өркен екеуміз бірге өсіп, бірге оқығанбыз. Өрекеңнің талантын мектеп кезінде-ақ байқауға болатын. Ол сол сәттің өзінде үйірмеге қатысып, өлең айтып, қолынан баяны түспейтін. Міне, сол қабілет бүгінге дейін жалғасып, шыңға шығуда. Қазіргі кезде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары ретінде өңірдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бұл мен үшін мақтаныш, – деді А.Әбдірахманов.
ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы Ө.Исмаилға бір ауыз сөзбен «сегіз қырлы, бір сырлы» деп баға берген еді. Өркен Әзімханұлының өн бойына дарыған бір қасиеті – жазушылығы. Ол бала кезінен қалам мен қағазды серік етіп, мақалаларды төпеп жазып, сан түрлі басылымдар да өз қолтаңбасын қалдырған. Қазірдің өзінде шығармашылықтан алыстамай, өзінен кейінгілерге жол сілтеп, бағыт-бағдар беруде. Әсіресе, өзі қанатын алғаш қомдап, редакторлық еткен «Өскен өңір» газеті үшін Өркен Исмаилдың есімі ерек. Сол себепті айтулы күнде қаламы жүрдек қаламгерге ақ тілегін арнау үшін «Өскен өңір» газетінің ұжымы да қалыс қалмады. Шара барысында ауданның төл басылымы атанған газеттің бас редакторы Нұрболат Пірімбет сан қырлы талант иесіне арнап жүрекжарды тілегін айтты.
– Қазақта «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар. Өрекеңнің шежіресін қарасақ, киесі мен өнегесі бір арнаға тоғысқан шаңырақтан шыққанын байқаймыз. Себебі, Өрекеңнің әулетінде түрлі салада қызмет атқарған азаматтар шыққан. Ал Өркен ағаның бойынан сондай сан саланың табы байқалады. Сондықтан болар, бүгінде Өрекең жетпістің желкенін тартса да, қоғамдық мәселелерге өзіндік ой-пікірін білдіріп, үн қатып жүр. Әлі күнге дейін қоғамдағы өткір мәселелерді мақаланың өзегіне айналдырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оқырманға ойлы дүние ұсынып келеді. Осы тұста сізді мерейлі мерекеңізбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз, – деді Н.Сәдуақасұлы.
Бұдан кейін Бала би ауылдық мәдениет үйінің басшысы, ақын Талғат Күзембаев мерейтой иесіне арнаған жыр шумақтарын оқыды. Әдеби-сазды кештің соңында Өркен Исмаил дүйім жұртқа алғысын білдірді. Содан кейін полиция қызметкерлерінен құралған «Жалын» ансамблімен бірге ән шырқады. Осылайша Шиелі халқы шығармашылық кештен шабыттанып қайтты.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА