Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағылымға толы сыр-сұхбат

Тағылымға толы сыр-сұхбат

Рухани құндылықтардың ордасы саналатын аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен ҚР Журналистер одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі сазгер-әнші Өркен Исмаилмен кітапхана оқырмандары жүздесті. «Жылдар мен әндер» атты сыр-сұхбатқа құрылған кездесудің негізгі контенті – мектеп қабырғасындағы оқушылар. Олар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында туған жердің біртуар перзентімен әңгіме өрбітіп, өнегелі өмірімен қанықты.
Еңбек жолын ең әуелі №50 мектепте мұғалім болып бастаған Ө.Әзімханұлы балалар әуез мектебінде оқытушы, аудандық пионерлер үйінің директоры қызметін атқарып, сан салада сыналады. Өмірдің мәні де, нәрі де – еңбек, биік өредегі адамгершілік, сыйластық пен жанашырлық, адалдық пен қамқорлық деп түсінетін Ө.Әзімханұлы кез келген адамның қолынан оңайлықпен келе бермейтін талай игі істердің басын қайырды және әлі де сол тұғырдан көрініп келеді. Адам өз ғұмырындағы жағымды істерімен ғана көпшіліктің жүрегінен орын алатыны белгілі. Бүгінгі кейіпкер сондай ерекше жаратылыстағы азаматтардың қатарынан ойып тұрып орын алды десек артық айтпаған болар едік. Ол жайында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-журналист Сәрсенбек Бекмұратұлы «Қазекең жақсы көрген азаматын мақтағанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Мен Өркеннің бойынан он қырды аңғардым. Ол – қаламы жүрдек қаламгер, әні елдің арасында айтылып жүрген композитор, әнші-орындаушы, ұлттық аспапта ойнаушы, ақын (бірнеше әннің мәтінін өзі жазған), шаруашылық, аудан басқарған мемлекетшіл, туған тілін, ата дәстүрін қастерлеген ұлтжанды азамат. Сегізінші қырына – кішіпейілдігін, тоғызыншы қырына – достыққа беріктігін, оныншы қырына – ағайынға адалдығын жатқызуға болады» деп баға берген болатын. Олай деуінің де жөні бар. Еңбектен қашпайтын, кез-келген жанмен тез тіл табыса кететін қасиеті Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының саяси тәрбие жөніндегі орынбасары, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, Шиелі аудандық паспорт столының бастығы, «Қазақстан XXX жылдығы» савхозының директоры, Бала би ЖШС төрағасы, аудан әкімінің әлеуметтік салалары бойынша орынбасары, аудандық «ХАҚ» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын директоры қызметтерін абыройлы атқаруына себепкер болды. Қолынан қаламын, иығынан баянын түсірмеген Ө.Әзімханұлы 2009-2011 жылдары аралығында аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы болып жұмыс істеп, елдің жанашыр азаматы ретінде әлі күнге дейін ойлы, терең мағыналы мақалаларын газет бетіне жариялап келеді.
Жас ұрпақты еңбекке, отансүйгіштікке, өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылған сырлы-сұхбатта мектеп оқушылары көкейіндегі сауалдарды қойып, тұщымды жауап алды. Шараға Нартай өнер мектебі мен Арман мәдениет үйінің өнерпаздары қатысып, Ө.Исмаилдың «Шиелім», «Өскен өңірім» атты өлеңдерін орындады. Сонымен қатар №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы қазақ орта мектебінің оқушылары Д.Сүгіралиев пен А.Жансерік домбырамен әуелете ән салып, күйден шашу шашты. Тұла бойы өнерге тұнған Ө.Исмаил өскелең ұрпаққа жылы лебізін білдіріп, «Әйелдің жасын сұрама, әйелдің жасы 18», «Қазақстаным» атты әндерін паш етті. Оқушылар мен кейіпкер арасын еркін, ашық әңгіме алаңына айналдырған орталық кітапхана қызметкері Д.Шоманова да шараны өз деңгейінде жүргізді. Кеш соңында аудандық орталық кітапхана директоры Г.Жақыпова сөз сөйлеп, ыстық ықыласын білдірді. Кеш қонағы Ө.Исмаилға кітапхана ұжымы атынан естелік кітап сыйға тартты.

Г.ДҮЙСЕБАЙ
16 қараша 2019 ж. 1 200 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930