Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі – туған мекенім, мәңгілік мақтан етемін

Шиелі – туған мекенім, мәңгілік мақтан етемін



Сәрсенбінің сәтті күнінде Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Шиелі – туған мекенім, мәңгілік мақтан етемін» атты мерекелік концерт өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы аясында көрініс алған шарада Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойы да ескерусіз қалмады.
Мерекелік шараның шымылдырығын аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров ашып, туған жердің толағай табыстарын ауыз толтыра тілге тиек етті. Сондай-ақ, еселі еңбек иелеріне оң бағасын беріп, жұмыстарына жеміс тіледі. Бүгінде егемендік алып, еңсесін түзеген қазақ елінің жастарына, жалпы кітап, әдебиет сүйер қауымға кітапхана жүйесіндегі 543 820 дана кітап қоры ұсынылып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, ауданда 32 кітапхана бар. Олар аудандық орталық кітапхана және балалар, 4 қалалық, қалған 26-сы ауылдық жерлерде орналасқан кітапханалар. Рухани қазынаның орталығында тарихы телегей теңіз тұлғалардың өнегелі өмір жолы мен асыл мұралары ұрпақтан-ұрпаққа насихатталып келеді. Осы жолда оқырманның талғамына сай қажетті дүниені ұсына біліп, кітапқа деген қызығушылығын арттыра білетін кітапхана қызметкерлерінің еңбегін ескерген аудан басшылығы аталмыш шара барысында аудандық орталық кітапхананың әдістемелік бөлім меңгерушісі Ұлжан Нұрмағанбет пен ҚР Мәдениет қайраткері, суретші-безендіруші Рахманберді Ибраевтың кеудесіне «Шиелі ауданының-90 жылдығы» төсбелгісін қадады.
Мемлекеттің өркениетті даму жолында кітапхананың алар орны бөлек. Білім мен білік, таным мен талғам ұштасып жатқан кітапхана ішінде «Коворкинг» орталығы да жұмыс жасауда. Заман көшінен қалыс қалмай, ұшқыр ой, ұтымды ұсыныстардың дүниеге келуіне сеп болатын кітапхана – адамзаттың рухани азық алар мекені. Осы орайда, кітапхана жұмысының қызығы мен қиындығын қалың бұқараға жеткізу мақсатында бейнеролик көрсетіліп, сахналық қойылым да жарасым тапты. Ақын, жазушылардың жыр-дастаны мен туған жерге арнау өлеңдері оқылып, мың бұралған бишілердің өнеріне куә болдық. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері К.Садықова, Ж.Ақшалова, Г.Байдазимова және Б.Нұртаева, Т.Әбиев, Г.Серікбаева, А.Сәрсенбаева, Г.Шалғынбаеваның әсем әндері көрерменнің көңілін көтеріп, ерекше әсерге бөледі.


Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
Б.БӘЙІМБЕТ (фото).
08 желтоқсан 2018 ж. 1 419 0