Еңбегі еленген жан
Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының атынан аудандық орталық кітапхана тарихында тұңғыш рет, кітапхана ісі саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен ұзақ жылғы адал қызметі үшін, кітапхана саласының ардагері Нағима Рысбек «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Өз ісінің майталманына төсбелгіні Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Бақытнұр Мырзахметова тапсырды. Кітапхана ісінің ардагеріне төсбелгісімен қоса, арнайы нөмірленген куәлік те берілді. Еңбегі еленген марапат иесін жүрек жарды жылы лебізімен аудан әкімі Ә.Оразбекұлы, «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет және әріптестері құттықтады. Ауданның кітапхана ісіне сүбелі үлес қосып, 40 жыл осы салада тапжылмай табандылықпен еңбек еткен кітапхана ісінің ардагері, бүгінгі таңда құрметті демалыста болса да, ауданның, кітапхана өмірінде болып жатқан жаңалықтарға араласып, қызығушылық танытудан жалыққан емес. Үнемі ізденіс үстінде, тың дүниелерге құмартып жүретін қызметкердің бейнетпен жеткен зейнетінде еңбегі еселеніп, кеудесіне жарқыратып төсбелгі қадауы ауданның да мерейін үстем ете түсті.
Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.