Шиелінің 80 жылдық шежіресі
Қазақтың қазыналы сөз қоржынында «Қос тойың қатар келсін» деген тілек бар емес пе? Бұл көңілі кең, пейілі дарқан елдің тек жақсылыққа үміттенгенінен болар, сірә! Міне, осы ыстық ықыластың бір парасы жексенбі күні ауданда көрініс тапты. Шиелі халқы бір емес, қатар келген үш тойды бірге атап өтті. Солардың бірі – «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығы.
Жексенбі күні Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде дәуір үнін қағаз бетіне түсірген басылымның мерейтойына арналған танымдық конференция өтті. Жиынға қаламы қарымды қаламгерлер мен өмірін өлеңмен өрнектеген ақындар және газеттің оқырмандары қатысты. Конференцияны жүргізген аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жиналған қауымды қатар келген қуанышпен құттықтап, аудан халқы арасында «Өскен өңір» газетінің беделі биік екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар газеттің тарихына тоқталып, қолтаңба қалдырған бірқатар азаматтардың атын атады.
– 80 жылдық тарихы бар «Өскен өңір» газетінің жылнамасында қаншама азаматтар өшпес із қалдырып, қасиетті өлкенің тарихында есімдері алтын әріппен жазылды. Халық тарихы, дәстүрі, өміршең өсиет, еңбек адамдарының болмысы, бейбіт тірлік, өлкенің өркендеуі аудандық газетте үздіксіз насихатталып келеді, – деді өңір басшысы.
Одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маханов облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың құттықтау лебізін дүйім жұртқа жеткізді.
Дәуір үнін қағаз бетіне түсірген басылым тарихтың таразысы, болашақтың тағылымы, бүгінгінің танымына айналып отыр. Ең алғашқы нөмірі 1939 жылы 19 наурызда жарық көрген газет қазірдің өзінде уақыт көшінен қалмай, өңірдегі жағымды жаңалықтардың жаршысы болды. Сонымен қатар халықтың тілегін дөп басатын ақпарат көзі ретінде танылды. Басылымның бұқара арасындағы абыройын асқақтатып, беделін биіктету жолында талай қаламгерлер тер төгіп, еңбек етті. Солардың бірі – 1967-1985 жылдары әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген Сәрсенбек Бекмұратұлы. Бүгінде Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның «Құрметті журналисі» атанған аудандық газеттің ардагері де мерейтой қарсаңында сахна төрінен табылды. Ол Шиелінің шежіресіне айналған басылымды өмірінің бір бөлшегіне балайтынын айтып, өз естелігімен бөлісті.
Ал Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Қуандық Түменбайұлы төл басылымның тарихына тоқталды. Келесі болып сөз сөйлеген «Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол Оңғарбаев та журналист қауымға ақжарма тілегін арнады. Содан кейін ақпарат ағыны көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан дәуірде бәсекеге сай дамудың жолдарын айтты. Әсіресе жаңа медиадағы сайт өндірісі мен әлеуметтік платформаны тиімді пайдаланудың тәсілдеріне ерекше тоқталды. Журналистердің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды да ескерусіз қалдырмады. ҚР мәдениет қайраткері Ағайдар Ысымов болса, журналистика саласына қалай келгендігін баяндап, осы қызметте кездескен қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Жалпы аудандық газеттің мерейтойына арналған жиын толымды тартуларға толы болды. Себебі, жиын барысында басылымның байырғы және бүгінгі қызметкерлерінің мақалалары жинақталып, газеттің тарихы қатталған «Өскен өңір – 80» кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімін әдебиет сыншысы, «Сын» журналының бас редакторы Бақыт Сарбалаев пен ҚР Жазушылар одағының мүшесі, аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы Нұрмахан Елтай жасады. Олар аудандық газеттің ақпарат айдынында құлашын кеңге сермеген баспасөз болуына тілектестік білдірді.
Мерейтой қарсаңында Т.Маханов, А.Оңғарбаев, А.Ысымов, С.Бекмұратұлы, Қ.Түменбай, Б.Сарбалаев, Е.Шәдібекұлы, Ө.Исмаил сынды бірқатар журналистерге сексен жылдықтың төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ аудан әкімі Сәрсенбек Бекмұратұлын ауданның «Құрмет» грамотасымен марапаттады. Одан кейін өңір басшысы мен «Сыр медиа» ЖШС директоры төртінші билік өкілдеріне алғыс хат сыйлады.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА