Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАҢАҚОРҒАНДАҒЫ БАСҚОСУ

ЖАҢАҚОРҒАНДАҒЫ БАСҚОСУ

Сәрсенбінің сәтті күні Жаңақорған ауданының редакциясында «Медиа нарық: жаңа жанрлар, тың белестер» тақырыбында облыстық семинар тренинг ұйымдастырылды. Семинарға облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина, «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қ.Әбдуов, Қорқыт Ата атындағы қызылорда мемлекеттік Университетінің журналистика факультетінің 2 курс студенттері және «Өскен өңір» газетінің шығармашылық ұжымы қатысты. Семинар-тренинг еркін форматта өтті.
Бүгінгі таңда басылымдардың электронды нұсқасын дамыту – заман талабы. Қазір кез келген газеттің веб сайты жұмыс жасайды. Сайтқа қолыңыздағы телефонмен-ақ кіріп, керекті ақпаратты ала аласыз. Семинар-тренингтің мақсаты да осы сайт жұмыстарының жұмысын жандандыру болып табылады. Қазір бәсекенің заманы, уақыт ағымына сай ізденіп, еңбектеніп, жұмыс жасамасаң көштің соңында қаласың.
Басқосуда интернет журналистикадағы жаңа жанрдың бірі – «Лонгрид» жайлы кеңінен мағлұмат берілді. «Жаңақорған тынысы» газетінің жауапты хатшысы Ә.Әбіш слайд арқылы «Лонгрид» тақырыбына шолу жасап, біздің елімізде тек «Спутник.кз» сайты­ ғана лонгрид беруде алдыңғы қатарда екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, зерттеу барысында лонгрид құру үшін қажет кеңестерімен бөлісті. Одан соң қозғалған тақырып журналистика жанрлары туралы болды. Қаламы жүйрік журналист Баян Үсейнова очерк, эссе, фельетон жазудың қыр-сырына тоқталды. Очерк жазу үшін журналистке қажет қасиеттер мен мінезге мән беру керектігіне назар аудару, суреттеу арқылы тұлғаның болмысын толықтай ашу жайлы өз тәжірибесімен бөлісті. Семинар тренингтегі ең қызықты тақырыпты «Жаңақорған тынысы» газетінің редакторы Н.Байгенже қозғап, басқосуды одан әрі қызықтыра түсті. «Медиа нарықта тауар өтімділігін қалыптастыру тәсілдері» деген тақырыппен тренингті түрлендіріп, студенттерге сұрақ қоя отырып, өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ, облыс әкімінің кеңесшісі Д.Бисембина, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет тренинг барысында өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы, кездесу еркін форматта өткен соң, қатысушылар ойын ашық айтып, емін-еркін пікір алмасты.

«Өскен өңір» ақпарат.
20 қараша 2018 ж. 1 635 0