ТОННА-ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
Екі күннен соң қыстың да көбесі сөгіліп, көктем келеді. Көк шыға бастағанда айнала қоқыстан тазаланып тұрса, қандай тамаша! Осы тұста аудан аумағының тазалығын бір шолып шықтық.
Бірақ шиеліліктер үшін тазалық тың тақырып емес. Себебі аудан әкімдігі тарапынан кентті көркейтукөгалдандыруға, күтіпбаптауға және санитарлық тазалықты жүргізуге жыл сайын қажетті қаржы қаралып, тиісті жұмыстар іркіліссіз атқарылуда. Оған өткен сенбіде ұйымдастырылған жаппай сенбілік дәлел. Жаппай тазалау жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері құрал-саймандарын алып, білек сыбана атсалысты. Олар өздеріне белгіленген жерлерді күл-қоқыстан тазартты. Нәтижесінде аулалар, көшелер, қоғамдық орындар мұнтаздай тазартылды. Мәселен, 2-3 сағаттың ішінде аудандық қоғамдық даму бөлімі Желтоқсан мен Шыныбеков көшесін қоқыстан арылтып, тап-тұйнақтай етті. Сол маңды тазалағандар тұрғындардың тазалыққа әлі де болсын бейжай қарайтындықтарын айтып қалды. Олардың сөзінше, ішіндегісін ішіп, бөтелкесін бұта-қарағанның арасына лақтырады. Ал сенбілікте сол бұрышбұрыштағы бөтелкелерді теріп алып арнайы қапшыққа салып, трактордың тіркемесіне тиеген. Осылайша 120-130 адам қатысқан сенбілікте кент көшелерінің сәні кіріп қалды.
5 МИЛЛИОН 500 МЫҢ ТЕҢГЕ
Жасыратын несі бар, кейде көрінген жерде шашылып жатқан қоқысты көргенде, көңілің кәдімгідей түсетіні анық. Тазалықты сақтау – қашан да маңызды мәселе. Енді шиеліліктер қоқысты қайда төгемін деп еш бас қатырмайтын болды. Жақын арада тұрғындарға қызмет көрсетудің бұл түрі өз шешімін тауып, қалыпты арнасына түспек. Яғни контейнерлер мен қоқыс жәшіктерін сатып алуға (100 дана кіші контейнер, 10 дана үлкен контейнер) 5 млн 500 мың теңге бөлінген. Тоқшылықтан ба, жоқ әлде адамдардың асқа деген құрметі азайды ма, кім білсін, қоқыс жәшіктерінің маңайында нан қалдықтары шашылып жататын еді. Қала берді оны ит-мысықтар сүйрелеп жүретін. Енді осы істі болдырмау, алдын алу мақсатында жаңа контейнерлер орнатылатыны бәріміз үшін үлкен қуанышты жаңалық болып отыр.
ЕҢБЕК ЛАЙЫҚТЫ БАҒАЛАНЫП ЖҮР МЕ?
Соңғы уақытта Шиелінің шырайы күнненкүнге айшықтала түсуде. Ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Сол орындардың көркін ашып, сақтауда көше тазалықшыларының қосқан үлесі аз емес. Шиеліде «Өрлеу.kz» тазалық мекемесі қызмет етеді. Күн сайын қолына сыпырғы, күрек ұстайтын тазалық жанашырларының еңбегі ерен.
Жұмысшылар шақырайған күннің, шытынаған аяздың, сіркіреген жауынның астында да жұмыс істейді. Ауа райының қандай қолайсыздығы болсын, тазалықшылардың жұмысы тоқтамайды. Алайда олар аудан тұрғындарының тазалық мәселесінде мәдениетін көтеру керек екенін айтады. Баласын қоқыс төгуге жіберетін кейбір ата-аналар арнайы жәшікке қоқысты апарды ма, болмаса аулаға, көшеге қалдырып кетті ме, сұрамайтыны аян. Өкінішке қарай, кейбір адамдар қоқысты кез келген жерге төгіп, тазалықшылардың еңбегін бағаламайды. – Жанға бататыны, тұрғындардың тазалыққа көзқарасының төмендігі. Кейде қолындағы умаждалған қағазын, сусыннан босаған баклажкасын тастаған жастарға, тіпті ересек кісілерге ескертсең: «Сендердің жұмыстарың емес пе, сол үшін айлық аласыңдар ғой», – деп кемсітетіндері бар. Біз барлық жағдайда да өз жұмысымызды жауапкершілікпен атқарамыз, – дейді Мадина Мәмбеталиева.
ШИЕЛІ ШВЕЙЦАРИЯДАЙ БОЛА АЛМАЙ МА?
«Тазалық табалдырықтан басталады» дейді халқымыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Содан болар көктем-күз мезгілдерінде аудан тұрғындары сенбілікке шығуды дәстүрге айналдырған. Олар қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлесін қосуда. Дамыған шетелдерде тазалық мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Мәселен, Сингапур мен Малайзияның тұрғындары бұл жағына өте ұқыпты. Егер көшеге адам темекі тұқылын тастаса, 200 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлейді. Ал көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісің. Сондайақ Германия¬да тазалықты таңнан кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға – заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Сондай-ақ Швейцария – әлемнің таза мекені деп есептеледі. Өйткені қала ғана емес, кішкентай елді мекендер де мұнтаздай жарқыраған көрінеді. Бұл заң бәріне қатысты. Әрине, Шиелі тазалық мәселесінде әзірге Швейцариямен теңесе алмас. Дегенмен, Швейцария да бірден бүгінгідей жағдайға жете қоймаған шығар. Ендеше...
С.БАХТИЯР