Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кенттің келбетін келістірген сенбілік

Кенттің келбетін келістірген сенбілік

Тұрғындардың немқұрайлығы мен жауапты мамандардың салғырттығынан болса керек, соңғы жылдары кент көшелері қоқыстан арылмай келеді.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында соңғы бірнеше күн бойы кент ішінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған шараға көптеген бөлімдер мен еріктілер, жастар жасақтары қатысып, кент тұрғындарының әрбіріне өз ауласын қалай таза ұстауға болатындығын көрсетті.
Мәселен, ішкі саясат бөлімі мамандары Ы.Алтынсарин, К.Байсейітова көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, үнпарақтар таратса, №47 мектеп жанындағы интернат маңына «Шиелі сушар» КММ-сі қызметкерлері сенбілік өткізді. Сондай-ақ Н.Бекежанов, А.Иманов, Ш.Бәкіров көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізуге Төңкеріс пен Жиделіарық ауылдық округі әкімдігі мамандары тартылды. Ал Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығы мамандары И.Әбдікәрімов көшесіне тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды өртеді. Жауапты мамандар «Аудандағы жаппай жүргізілген мезеттік санитарлық тазалық жұмыстары кезінде кент орталығының өзінен 30 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды» деп отыр.
Серпінді сенбіліктен ­«Жасыл ел» еңбек жасағы да құр қалмай 170-тен астам жас тазалық жұмыстарына белсенді атсалысты. Осылайша, аудан жастары жазғы демалысын тиімді пайдаланып, сауапты істе бас қосып отыр. Сонымен бірге игілікті бастаманы кент тұрғындары ­Хаибрахман Мансуров, ­Оразбай Мысырхан, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қабілеш Бекішов, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру мүзейі директоры Құттықыз Ыханова қолдап, бейнеүндеу жасады.
Дегенмен теңгенің екі жағы болатын секілді, сенбілікке де сын айтып, наразылық білдіргендер табылды. Өйткені сенбілік аптап ыстықпен қатар келіп, оған қатысушылардың мазасы қашқан болатын. Алайда сенбілікті өткізудегі негізгі мақсат – кент тұрғындарының тазалыққа деген құлшынысын ояту болғандықтан кемшіліктерді кешіріп қарауға болады.

Рамазан БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
25 шілде 2022 ж. 621 0