Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенбідегі серпіліс

Сенбідегі серпіліс


Тазалық – саулық кепілі. Ал сенбілік – адамдардың көше, аймақ, алаңқайлар тазалығына атсалысып, ауызбірікте жанашырлықпен атқарылатын іс-шара. Жалпы сенбілік көктем, күз мезгілінде сәтті жүретіні белгілі. Әрбір ауыл-аймақ, көше жасыл желекке оранбай тұрып, қыс бойғы жинақталған қоқыстан тазартылады.
Негізінде сенбіліктің тазалық мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор. Осы ретте тазалыққа шақыру, көгалдандыру мақсатында аудан басшысы Қ.Мүбараков бастаған кент әкімі Ғ.Аманжолов, аудан депутаттары, Жастар ресурстық орталығы және тағы басқа дербес бөлімдер сенбілікке қатысып, аудан тазалығына өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, киелі мекеннің тұрғындары «бірлік түбі – тірлік» деген тәмсілдей жұмыла кірісіп, мектептер мен мекемелер ауласына, көше, алаңқайларға тазалық жұмысын жүргізді.
Көктемнің алғашқы күнінен бас­тап жалғасын тауып келе жатқан сенбіліктің бір парасы кенттің батыс бөлігінде салынған жаңа аспалы көпір маңынанда да көрініс тапты. Көпірдің айналасы тазаланып, жер айдалып, арықтар қазылды. Оған 6 техника жұмылдырылды. Мұнымен қоса, көпірдің бергі бетіне саялы ағаш көшеттерінен 1400 түп қарағаш пен терек егілді.
Тазалық жұмыстары «Таза су айдындары» деген акция арқылы да жүзеге асты. «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме» жергілікті табиғат пайдаланушыларымен бірлесіп, Шиелі ауданы Қарғалы ауылдық округінің жерінде орналасқан «Қарақуыс» көлі, «Сарыкөл-2» көлі және резервте тұрған «Соркөл» көлдерінің жағалауында санитарлық талаптарды сақтай отырып жұмыс жасады. Нәтижесінде 650 кг қоқыс жиналып, арнайы күл-қоқыс тастайтын орынға жеткізілді.

Ақбота Баянбай
26 сәуір 2021 ж. 489 0