Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕНБІЛІКке – САЛҒЫРТТЫҚ жарамайды

СЕНБІЛІКке – САЛҒЫРТТЫҚ жарамайды


Күн жылып, көркейту-көгалдандыру айлығының жарияланғанына да екі айдың жүзі болды. 80 мың халқы бар киелі мекеннің тұрғындары ауызбіршілік танытып, тек мектеп пен мекеме қызметкерлеріне жүктеп қоймай, барлығы дерлік атсалысқанда тазалық жұмысын үш айға
созбай, осы екі айдың ішінде аяқталып қалар еді.
Сенбілік – айналамызды қоқыс қалдықтары­нан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып, гүлдер егіп, халықты ауызбіршілікке шақыратын игілікті іс. Бірақ, бүгінгі сенбіліктер жоғарыда айтылғандай өтіп жатыр ма?
Біздіңше әлі де болса, сенбілік мәдениеті сақталмай келеді. Бұлай дейтініміз, ертең сенбілік деген хабар келгенде қос қабағы қосылып, «Осыны кім ойлап шығарды» дейтіндер көп арамызда. Сыпырғысын сүйретіп, «Жүргенімізді көрсе болды» деп, көше жағалап келетіндер де тағы бар. Басшылардың көзін ала бере әлденені сылтауратып кетіп қалуға асығып тұратындардың кесірінен үйіліп тұрған қоқыстар әлі күнге көзімізге ілініп жүр. Сондай-ақ, өз еркімен болмаса да, көше тазалап жүрген жандардың ызасын келтіріп, қоқыс тастап, «Жинап ал» деген тұрғындардың іс әрекеті жиналыс сайын айтылып келеді. «Аулам таза болса болды, көшені өздері тазалайды» дегендерге қаншалықты айыппұл салынса да, күлін көшеге төгуді қояр емес.
Жуырда аудан әкімдігінде өткен мәжілісте ауыл тазалығына салғырттық танытқан әкімдердің мәселесі майшаммен қаралды. Құрақ шөпті өртейміз деп, қалың тоғайды отқа орандырған ауылға жауапты азаматтарға тиісті шара көрілетін болды. Орын алған осындай өрттің салдарынан электр бағанасы өртеніп, ауыл тұрғындары бірнеше сағат жарықсыз отырған. Бір ғана сәуір айының ішінде өртке байланысты 18 жағдай тіркелген. Оның көпшілігі адамдардың өз ісіне деген немқұрайлығының нәтижесі. Яғни, жаққан отты қараусыз қалдыруларының жемісі.
Осыған орай, аудан әкімі Әшім Оразбекұлы бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, барлық іс-әрекет газет бетінен орын алуы керек екенін тапсырды. Ендігі жерде түсін түстеп, сенбілікте жалқаулық танытқандар мен қоқыс тастап айыппұл төлегендердің аты-жөні көрсетілуі керек деді аудан басшысы.
Ауданның абыройы баршаға ортақ. Оған бей-жай қарауға болмайды. Баршаға ортақ іске тұрғындар атсалысса, тазалық мәжілісте бір мәселе болып көтерілмес еді. Әр тұрғын үй тұстарын тазалап тұрса, сенбілік деген болмас па еді?

Ерұлан ДАТКЕНОВ.
21 сәуір 2018 ж. 2 542 0