Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАЗАЛЫҚ – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ТАЛАП

ТАЗАЛЫҚ – ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ТАЛАП

Қазақ «Тазалық – табалдырықтан басталады» деп отбасындағы ­балаларын айналасын жиып, таза болуға баулиды. Бұл тек отбасы ошақ қасындағы ғана емес, Отан алдындағы азаматтық міндеттің ажырамас бөлігі екенін бәріміз жақсы білеміз. Күнделікті есіктің алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналған. Үлкендеріміз «Лас жер – жын-шайтанның мекені. Отырған, жүрген жерлеріңді таза ұстаңдар. Айналаңа қоқыс тастама» деп отыратын. Жарықтықтар адам қажеттіліктерін терең философиямен жеткізіп кеткен.
Тазалық – тәртіптің бастауы. Аудан – ортақ үйіміз болғандықтан, оның көшелерінің таза болуы әрбір тұрғынның жан-дүниесінің айнасы іспетті. Өз тұрғын үйіңіздің маңын, ауласын, көшесін жинап, шашылған қоқыстарды контейнерлерге тастау арқылы қоршаған ортаның тазалығына атсалысу баршамыздың айнымас міндетіміз десек қателеспесіміз анық.
Жалпы, тазалық мәселесі аудан тұрғындарының барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. «Арнайы топ бөлінген, өздері тазалайды» деген кереғар пікірден аулақ болып, қолынан келетін шаруаны тындыра салғаннан ештеңеміз кемімейді. Әрқайсымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, туған ауылымыздың таза әрі көрікті мекенге айналуына титтей де болса үлес қосар едік.
Елбасының өзі қала, аудан елді мекендерінің тазалығына кең көлемде назар аударып, «тазалық қоқыстан арылған жерде, қоқыс тасталмаған жерде болады, бұл барлық қазақстандықтардың күнделікті тіршілік қағидасына айналуы керек» деп қатаң ескертті емес пе?
Кент орталығының санитарлық тазалығы әрқашан ауданға қарасты елді мекендерге үлгі болуы керек. Аудан әкімдігі тарапынан кентті көркейту-көгалдандыруға, күтіп-баптауға және санитарлық тазалықты жүргізуге жыл сайын қомақты қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Кент әкімдігінің қызметкерлері де тазалық маусымдарында жаппай сенбіліктер ұйымдастырып, кентті көркейту жолында іркіліссіз істерді атқаруда. Ауданның, ауылдың таза болуы ең алдымен, тұрғындардың өзіне байланысты.
Ең әуелі қоқыс тастау мәдениетін қалыптастырмай жұмыс өнбейді. Өңірдегі тазалық мәселесінің оң шешім табуы үшін тұрғындар да атсалысуы керек. Өйткені, қоқыс жәшігіне жетер-жетпес жерге қолындағы қалдықтарды лақтырып кететін тұрғандарды көз көріп қалады. Айыппұл да салынды. Алайда, күні-түні аудан халқын бақылап отыра алмаймыз.
Иә, Шиелі – құтты мекен. Алыс­тан аттерлетіп келетін қонақтар да жеткілікті. Сондықтан көрер көзге көрікті, таза, әдемі өлкеде тұрғанды бәріміз қалаймыз.
Тазалық – имандылықтың жартысы десек, осынау ортақ үйімізді түрлі өсімдіктермен, хош иісті гүлдермен көмкеріп, ағаш отырғызып, бау-бақша өсіріп, жасыл желекке айналдырайық. Міне, аудан басшысының да көздеген мақсаты, алға қойған міндеті осы.
Жүрген жерін пісте, сағыз, темекі қалдығына, босаған шыны бөтелкелерге толтырып, көшені ластаған жекелеген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымен, тәртіп бұзушылар қатары азаймай отыр. Бәрінің ойлайтыны біреу – тазалыққа тек әкімдік ­жауапты, тиісті жұмыстарды солар атқаруы тиіс. Әрине, бұл қате пікір.
Көшең гүлденіп, ауылың түрленіп жатса өзгелердің сүйсіне де, сүйіне қарайтыны белгілі емес пе? Кент әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан көрнекті істер көңілді қуантқанымен, тұрғындардың осындай тірліктері көңіл көншітпейді.
Бір-екі айда қыстың да көбесі сөгіліп, көктем келеді. Көк шыға бастағанда айнала қоқыстан тазаланып тұрса қандай тамаша.
Сондықтан, ауданның аумағын таза да әдемі етейік. Кәсіпкерлер мен кәсіпорындар жетекшілерін, ұйымдар мен мекемелер басшыларын өз ғимараттарының маңайында санитарлық шаралар жүргізуді күнделікті назарда ұстап, көктемде мәдени өсімдіктер отырғызсақ құба-құп. Көшеміздің әр бұрышын, аулаларды, сквер мен аллеяларды таза ұстауға, жақсы істерге ұмтылайық. Ауданның көрікті болуын қалайтын әркім бұл іске үлес қосуы тиіс. Айналаның тазалық күтімі бәрімізге байланысты. Тек жұмыла көтерсек қана жүк жеңіл болмақ.

Ғалымжан Бейсембаев,
кент әкімінің орынбасары
28 желтоқсан 2021 ж. 747 0