Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық баршаға ортақ. Кінә кімнен?

Тазалық баршаға ортақ. Кінә кімнен?


Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі – тазалық. Себебі, тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Ол болмаған жерде бейберекетсіздік еңдеп, қоғамда қауіпті жағдайлар орын алып, адам денсаулығына зиянды факторлар пайда болуы ғажап емес. Бұлай деуімізге Қытай елінде тараған «коронавирус» себеп болуда. Яғни тазалық сақталмаған жағдайда инфекциялық түрлі ауру-сырқау тарайтынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан санитарлық жұмыстардың жүйелі жүргізілуінің мәні осында. Бұл – бір. Екіншіден, тұрмыстық қатты қалдықтар кез келген жерде шашылып жатса, көшенің де көркі қашады. Ауыл, елдің сәні бұзылады.

«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген ұғымды әкеміз бен анамыз қаршадайымыздан-ақ санамызға сіңірді. Бұл біздің отбасымыз үшін ғана емес, Отан алдындағы азаматтық міндеттің ажырамас бөлігі екенін бәріміз жақсы білеміз. Күнделікті есіктің алдынан бастап, қора-қопсыны тазалау, қоқыстарды тиісті орынға шығару, реттеу жұмыстары әдетімізге айналған. Әжелеріміз «Лас жер – жын-шайтанның мекені. Отырған, жүрген жерлеріңді таза ұстаңдар. Айналаңа қоқыс тастама» деп отыратын. Жарықтықтар адам қажеттілігін терең философиямен жеткізіп кеткен екен-ау. Біз осынау тақырып арқылы атқарылар істердің берекесін келтіру жөнінде толғамақпыз. Қандай істе және қай жерде береке бар? Әрине, таза жерде, таза орында, тазалықта.

Бір айда қыстың да көбесі сөгіліп, көктем келеді. Көк шыға бастағанда айнала қоқыстан тазаланып тұрса, қандай тамаша! Сондықтан аудан аумағының тазалығын бір сүзіп өткен болатынбыз. Кент орталығында орналасқан көшелердің тазаланғаны, қоқыс салынатын контейнерлерді босату жұмыстары жүргізілгенін көріп, көңіліміз орнына түскендей болды. Жуырда ғана кент әкімі Ғабит ­Аманжолов жылдық есеп беру жиынында тазалық жұмыстарына қатысты біршама істің басын ашып айтты. «Жыл сайын кентті көркейту, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Тазалық мәселесін де күн тәртібінен түсірген емеспіз. Алайда, халықты қоқыс тастау мәдениетіне бейімдеу керек. Арнайы қоқыс жәшігіне салынуға тиісті қоқысты жетер-жетпес лақтырып тастай салатын тұрғындардың іс-әрекеті жұмысымызды жоққа шығаруда. Тазалықты әркім өзінен бастаса» деген болатын. Ал Ким Ман Сам көшесінің тұрғыны Тен Валодия «Жыл сайын көктем шыға көше тұрғындары ақша жинап үйілген қоқысты тазалатамыз. Бұл көшеде арнайы контейнер жоқ. Сондықтан бар қалдық көшенің аяқ тұсына жиылады. Осы мәселені жыл сайын айтып келеміз. Алайда еш нәтиже жоқ» дейді.
Үйілген қалдықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қыс ызғары қайтпаған бұл күннің өзінде қолаңса иіс қолқаны алады. Тұрғындар көше тазалығы үшін бас біріктіріп, қаржы жинап, тазалық жұмысымен айналысатынын айтты. Десек те қалдық салатын жәшікті орнату мәселесін қолға алмаса, қоқыс тастау мәдениеті қайдан қалыптассын? Дәл осы секілді Абай тұйығында да тұрмыстық қатты қалдықтар шашылып жатыр. Берікбай Әлиасқаровтың айтуынша, түнгі мезгілде көлікпен келіп, қоқыс төгіп кететіндер бар көрінеді. «Дәл үйіміздің тұсында орналасқан ыза көлдің табаны қалдыққа толған. Жаз болса сасыған иіс үйге қарай келеді» дейді ол. Бұл көшенің тұрғындары да басты мәселе контейнердің жоқтығында деп түйіндеді. Сондай-ақ ­Шыныбеков­ пен Тоқтаров көшесінің тұсы да қоқыс алаңына айналған. Тіпті сол лас жерден балалар мектепке барып-келу үшін күнде өтеді. Қоқысты бейберекет тастамай, тазалық жұмысын жіті жүргізу жеңіл-желпі қарайтын іс емес. Жалпы кент әкімі кенттің көріксіз келбетіне тұрғындардың іс-әрекеті себеп десе, халық контейнердің жоқтығын алға тартты. Осы кезге дейін аудан тұрғындарын тазалық сақтауға үндеп, аталған көшелерге контейнер қажеттігін айтып, бірнеше рет мақала жазған болатынбыз. Алайда, жауапты орын «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей үн-түнсіз әлі бұқпалап отыр. Сонда кінә кімнен? Әкім халыққа, халық әкімге ысырып салған тазалық жұмысы осыдан соң жүйелі жүргізіле ме? Еңбекке құлықты есебін, құлықсыз себебін табадының кері емес пе бұл?

Кент әкімі Ғ.Аманжоловтың халық алдындағы есебінде аудан әкімі Ә.Оразбекұлы кентке 100 контейнер әкелетінін айқан еді. Аталған екі көшеге екі қоқыс жәшігі бұйырады деген ойдамыз.

Алайда, жазылған жайт жабулы қазан күйінде қалмайды. Жоғарыда атап өткен көшелердің жай-күйін көктем шыққанда қайта барлап шығатын боламыз. Сондықтан тазалық мәселесіне тұрғындар мен жауапты адамдар жауап қатады деп күтеміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
04 ақпан 2020 ж. 2 509 0