Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТІЛІМІЗ ТӨРГЕ ОЗСЫН ДЕСЕК...

ТІЛІМІЗ ТӨРГЕ ОЗСЫН ДЕСЕК...

«Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген қанатты сөз бар. Біраз нәрсені көріп, біраз нәрсені айтып жүрсем де, көсем, не шешен болып кеткенім жоқ. Әйтсе де, кешегі есейіп, ойлана, қолыма қалам алып, толғана бастаған шағымнан бүгінгі ақыл айтар зейнеткерлік жасыма дейін бәрінен бұрын өз елінде, өз жерінде тұрып, өгей баланың күйін кешкен ана тіліміздің мүшкіл хәлі жанымды қатты мазалап келе жатқаны шындық.
Иә, бір кездері: «Шіркін-ай, мемлекеттік тіл болып бекітілсе ғой..» деп күні-түні армандаған қазақ тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына да 30 жылдың жүзі болыпты. Бірақ мемлекеттік тіл дегеніміз болмаса, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі сол баяғы қалпында от басы, ошақ қасынан әлі күнге ұзай алмай келеді. Қаны қазақ бола тұра өз ана тілінде ауыз аша алмайтын, аузын ашса да ол тілде сөйлеуге намыстанып, орыс тілінде шүлдірлеуін қоймай келе жатқан «шалақазақтардың» ойсыздығынан қазақ тілінің мәртебесі бұрынғыдан төмендемесе, бір елі де көтерілмеді. Айтпақшы, біреу білер, біреу білмес, ана тіліміздің мәртебесі аспандап, асқақтаған кез де болған.
Иә, еліміздің өз еркі өзінде емес қиын кезеңнің өзінде мемлекеттік тіліміздің – қазақ тілі екенін ашық көрсеткен осындай батыл Заң қабылданған еді. Ол ол ма, бір айдан кейін, яғни 1989 жылы 22 қазанда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ал 1990 жылы 22 н¬аурызда ұлттық басылым – «Ана тілі» газеті дүниеге келіп, ең алғашқы саны республикамызға тарап та үлгерді. Дегенмен қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алуы оңай болмағаны, «Қазақстанда қай тіл мемлекеттік тіл болу керек?» деген сұрақ ортаға тасталғанда, «Қазақстанда мемлекеттік тіл – тек қана қазақ тілі болуы керек», – деп бірінші болып қазақ тіл білімінің көрнекті маманы, академик Әбдуали Қайдар жауап бергені, оны ұлттық мүддені өздерінен биік қоятын Өзбекәлі Жәнібеков, Мұхтар -Шаханов секілді ардақты ұлдарымыздың қолдағаны, соңы үлкен таласқа ұласып, оң шешім тапқаны өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатты. Иә, не десек те, Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде дәл осындай ең құнды, ең маңызды Заңның қабылдануы қазақ елі үшін зор мақтаныш әрі ең үлкен жеңіс еді. (Сол кездері осы заңға сүйеніп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында көлемді жұмыстар атқарғанымды мақтанышпен айта аламын.) Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конститу¬циясының мемлекеттік тіл туралы 7-бабында:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі;
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады;
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық ¬жасайды» деген мәтіндер жазылды. Сөйтіп, Кеңес Одағының құрсауынан босап, тәуелсіз ел атанған кезде қабылдаған алғашқы Конституциямыз қазақ тілін-мемлекеттік тіл деп бекіте отырып, оған этникалық топтардың тілінің бірі-орыс тілін теңестіріп, қосақтап қойды. Сол-ақ екен, соған дейін бір ғана қазақ тілінде жүргізіліп келген мемлекеттік іс-қағаздар бірден қос тілде – қазақ және орыс тілдерінде жүргізіле бастады. Келе-келе ресми тіл деп бекітілген орыс тілі басымдық алып, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің адымын аштырмай қойды. Қысқасын айтқанда, мемлекеттік тіл деп дардайтқан қазақ тілі бұрынғы таз қалпына қайта түсіп, орыс тілінің есігінен сығалайтын күйге жетті. Конституциямызға енген бұл тармақ орыс тілінде сөйлейтін этникалық топтар мен өз ана тілін білмейтін, не менсінбейтін қандастарымызға шексіз қуаныш сыйласа, елдегі тіл жанашырларына ауыр соққы болып тиді. Олар естерін жиған соң «Қазақстанда тұратын өзге этникалық топтар секілді орыс этникалық топтарының тіліне де заң жүзінде артықшылық берілмеуі тиіс» деген өз ойларын жоғары жаққа білдіріп, Конституциядан 7-баптың 2-тармағын алып тастауды талап ете бастады. Алайда халықтың жанайқайына селт етпеген Парламент керісінше бұл тармақты еш өзгертпестен 1995 жылы жаңадан қабылданған Конституциямызға тағы да үн-түнсіз енгізді де жіберді.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп, мемлекеттік тілдің елді біріктіретін күшке айналуы тиістігін атап өткен еді. Иә, құлаққа өте жағымды, көңілді қуантатындай әдемі сөз.
24 қараша 2022 ж. 350 0