Өрісін кеңейту өз қолымызда
Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы бұлжымас талап.
«Бүгінде қазақ тілі Қазақстан халқын бір мақсатқа топтастыратын, ұлттық жаңғыруымызға серпіліс туғызатын айырықша күшке ие болды» – деп Елбасымыз айтқандай, қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының 2009 жылдың 27 ақпанындағы «Іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарының бағдаршамына айналған десек қателеспейміз. Яғни, сот саласындағы кіріс құжаттарының 80,5 пайызы, шығыс құжаттарының 100 пайызы қазақ тілінде дайындалады. Мемлекеттік тілдің дамуына, қолданысқа толығымен енуіне бір кісідей атсалысайық.
Ж.ОСПАНОВ,
аудандық сот маманы.