Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тілінің көгінен күн күлетін кез келді

Қазақ тілінің көгінен күн күлетін кез келді

Байқап жүрміз, балабақшалардан бастап мектептерге дейін ана тілімізді былай қойып, ағылшын, орыс тілдеріне ойыстық. Бұрын қазақ тілінде жаттау жаттап, тақпақ айтатын немерелеріміз ағылшынша аңқып, орысша ой салып жүр. Ертеңгіліктер ертегідей өзгеріп, бүлдіршіндер ағылшын тілімен алысып, үлкендеріміз орысша сайрап, шет елде жүргендей аң-таң күйдеміз. Білім саласындағы реформа жұртшылық көңілінен шыға қоймаса керек. Ана тілімізді өз мемлекетімізде қолданыс тіліне айналдыра алмай жүргенде, өзге тілдерді тықпалай беру қалай болады. Жас балалар қай тілге баспалдақ берсе, соны қағып алады. Тәрбиешілер не болмаса мұғалімдер орыс тілінде сөйлеп, ағылшын тілін үйретіп тұрса, сонда қазақ тілі қайда қалады. Алаштың ардақтылары армандаған ана тіліміз тәуелсіздік тұсында да жіби қоймады. Қалай болғанда да біздің болашағымыз, мемлекетіміздің келешек тірегі – ұрпағымызды жапон және корей елдеріндегідей алтыншы сыныпқа дейін ана тілінде, одан әрі шет тілдерін оқытса да ешкім қарсы болмас еді. Өз ана тілін білмей өскен ұл-қыздар қалайша Қазақстанның патриоты болады, елін, жерін, отанын сүйе алады? Үштілділікке қарсы болып отырғанымыз жоқ. Реформа жөнімен, ұлтымызға пайдалы болып жатса, неміз бар. Әр адам өзіне қажет нәрсені қайтсе де үйреніп, оқып-тоқып, қай тіл болмасын меңгеріп алатыны белгілі. Балаларымыздың басын қатырып, жасы ұлғайған апайларды ағылшынша оқытып, мемлекетіміздің қаржысын судай шашудың не қажеті бар? Өркениеті дамыған елдердің тәжірибесінде алдымен ұлттық білім, тәрбие беріп, соның арқасында үлкен жетістіктерге жетіп отырған.
Баяндамамыз бен сөздерімізді қазақ тілінде бастап, орыс тілінде аяқтау үрдіске айналды. Ана тіліміздің мәртебесі қай кезде артады? Байғұс тіл қолданыста болмаса, оны министрлерімізден бастап қажет етпесе, ана тіліміздің бағы қашан ашылады? Мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішіндегі қолдану өрісі жағынан жетпісінші болса, тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарынан көзге ілінеді. Көрші Ресейдің өзінде жүз елу жылда он төрт тіл жойылып кеткен деген жағымсыз хабарды да оқып қалдық. Тұңғыш президентіміз «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», «Қазақ тілі – ғажап тіл. Оның болашағы да ғажап» деп айтып еді. Бірақ, оны тыңдап жатқан құлақ болса, кәні? Иә, тіл жанашыры болғанымыз үшін жазғыра көрмеңіздер. Қазақ тіліне жанашырлық білдіріп кеткен, белгілі жазушы, ұлты неміс бола тұра қазақтың тіл, діл, жер мәселелері туралы кітаптар жазып, тұщымды пікірлерін білдірген Герольд Бельгер былай дейді: «Біз ұлттық идея деп жүрміз ғой, сол қазақ тілінің өзі ұлттық идея. Басқа идеяны іздеудің қажеті жоқ. Ұлттық идеямыз – осы қазақ тілі болуы керек. Қазақ елінде тұрып, қазақ тілінде өз ойыңызды еркін жеткізе алмасақ кім болғанымыз? Шындығында солай ғой. Осы кезге дейін көпшіліктің көңілін күпті еткен үштұғырлы тілге қатысты Президент Қ.Тоқаев үкімет жиынында қазақ елі көптен күткен кесімді сөз айтты. Менің ұстанымым ең алдымен қазақ тілі сондай-ақ орыс тілі болу керек, бұл біздің балаларымызға өте қажет ағылшын тілін кейінірек оқыта аламыз» деген пікір қосты. Әлбетте, білім беру үрдісінде басты назар мемлекеттік тілде болатынын аңғартты. Бұған дейін сіркеміз су көтермей жүр еді, жаңа мемлекет басшысының жағымды сөзінен кейін үмітіміз үкілене түскендей болды. Жаңадан сайланған білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова да бұл ұстанымды қуана құп алғандай көрінді. Үштұғырлы тілге байланысты жұртты жүйкелетіп келген жайттың ақыры жүйесін тапқанына қуандық. Сонымен қатар, министр «Әліппені» де өз халқына қайтаратынын жеткізді. Ақтөбе қаласындағы жұмыс сапары кезінде «Балаларымызға патриоттық тәрбие беру үшін қазақстан тарихы, қазақ тілі, география пәндерінің мазмұндары өз еліміздің менталитетіне сай жүргізіледі» – деп мерейімізді бір көтеріп тастады. Бұл ана тілімізге деген жанашырлықтың белгісі. Г.Бельгер айтқандай, «Қазақ тілінің өзі ұлттық идея». Қоғам қашанда шындыққа, әділетке жүгінеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan», «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында елімізде қазақ тілінің дамуына байланысты қойылған сұраққа: Қазақ тілі – қазақтың жаны. Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз, – деді «Барымыз да, бағымыз да – тәуелсіздік» атты сұхбатында. Біз күткен сөздің төресі де осы болды. Иә, мемлекеттік тіліміз осындай қамқорлыққа, ұлттық саясатқа зәру. Қазақ тілінің көгіне күн келетін секілді. Тек алдамшы нәрсе болмағай деп тілейік.

Өркен Исмаил,
Халықаралық «қазақ тілі» қоғамы Шиелі аудандық филиалының төрағасы.
09 сәуір 2019 ж. 1 490 0