Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана тілімізге сөз де, көз де тимесін

Ана тілімізге сөз де, көз де тимесін

Тіл – сөйлесу құралы. Қазақ бір-бірімен өз тілінде сөйлеспесе, онда бұл тіл кімге қажет? Тәуелсіз елімізде – тәуелсіз тіліміз қашанғы шетқақпай бола береді? Өткен жолы қаладағы туыстарымыздың үйіне қыдырып барып, көңіліміз құлазып қайтты. Неге? Олар отбасында орысша сөйлейді, мектепте ағылшынша әрі қосымша оқиды. Сонда қазақ тілі қайда қалды? Орыс тілінде тәрбиеленген баланың болашағы не болмақ? Қазақ елінде, қазақ жерінде тұрып, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде сөйлемеу нені білдіреді? Тәуелсіз еліміздің тілі де тәуелсіз болуы тиіс емес пе? Елбасы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» – деді. Дауасыздарға дауа жоқ екен, өз білгендерімен іс-қимыл жасауда.­ Жоғарыдағылар қазақша сөйлемей, шоқ жұлдыздай тіл жанашырларының жан айқайы ауа қарнап жатқандай. Оған мысал ретінде жуырда интернеттен көзім шалып қалған тілімізге байланысты айтылған жаңа анекдотты оқып, біртүрлі болып қалдым. – Сәлем!
– Привет!
– Қалыңыз қалай?
– Спасибо! Хорошо, как ваша дела?
– Жақсы. Сіз қазақсыз ба?
– Да.
– Онда неге қазақша сөйлемейсіз?
– Я по казахский понимаю, но не умею говорить.
– Менің итім сияқты екенсіз.
– В смысле?
– Менің итім де түсінеді, бірақ сөйлей алмайды!
Міне, екі қазақтың телефондағы әңгімесі қазақ тілін, ана тілімізді анекдотқа айналдырып отыр. Күлмейін десең – шындық. Күлейін десең – ұят. Намысың келеді. Бізге осынша не болған деп налисың. Өз мемлекетімізде тұрып, өз тілімізде өмір сүре алмай отырғанымыз, шынында, жанымызға батады. Көп тіл білгенге не жетсін. Оған біз де қарсы емеспіз. Бірақ, бірінші кезекте ана тіліміз тұруы керек шығар? Қазақ ғұламаларының ішінде тіл жайында, оның келешегі жайында айтпағаны некен-саяқ екен. Оны болашақ балаларымыз, немерелеріміз оқып, біліп жатпағасын не пайда. Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» десе, ақиық-ақын жерлесіміз Әбділда Тәжібаев былай деп жырлапты:
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сөз ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін – дейді.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары тіліміздің мәртебесін, мерейін арттыру үшін аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе, аудандық білім бөліміне қарасты №40, 46, 47, 50, 127, 244, 251 мектептер, әуез мектебі мен «Айналайын», «Аққайың» балабақшалары, сондай-ақ, Шиелі индустриалды-аграрлық колледж, «Арғымақ» ЖШС бастауыш ұйым басшылары ана тілге жанашырлық танытып, түрлі іс-шара өткізіп, жеткіншектердің тілге деген махаббатын оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеуде.

Өркен Исмаил,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Шиелі аудандық филиалының төрағасы.
03 қараша 2018 ж. 1 193 0