Ана тілім – тірлігімнің айғағы
Көрнекті қазақ ақыны, ана тіліміздің жанашыры болып жүрген Мұхтар Шахановтың «Баба тілі төңірегіндегі машақаттар» деген өлеңін оқыдым.
Бір кездері ғаламзатта он, он бес мың тіл болған,
Көп тілдердің арнасында бұл күндері күл қалған.
«Тілін жойсаң – ұлтын жойдың» міне, қанша халықты
Осы арсыз, қатегез ой жамбасына салыпты.
Заман енді қай тілдерге жасар екен табытты? деп жырлаған өр ақын, ер ақын ана тілінің жойылып кетуіне қауіптеніп, жүрек өксігін баса алмай, жаһанға жар салып, қазақ тіліне араша түсіп, ұлт мүддесін биік ұстап, рухсыз жағдайға ұшырап қалмауымызды ескертіп отырғандай болды.
Ақынның жан күйзелісіне, азабына ортақтасқандай мені де сол тіл толғағы толғандырып, тірлігіміздің, тіршілігіміздің айғағына айналған туған тіліміздің тағдырына жанашыр екенімді жасыра алмадым. Айтып та, заман үрдісіне қарай жазып та жатырмыз. Бұл қазақ тілімізге не болған деп. Республикалық баспасөз беттерінде де мемлекеттік тіл туралы ой-пікірлер аз айтылып жатқан жоқ. Дегенмен солардың дені негізінен мемлекеттік тілдің бүгінгі ахуалы көңіл көншітерлік жағдайда емес деген тұспалдың төңірегінде жазылады. Иә, біз қазақ халқының «Рухани көсемі» болып саналған, ірі қоғам қайраткері, ағартушы «Әліппенің» әкесі, ақын Ахмет Байтұрсынов тіліміз, оның болашағы туралы бір ғасырдай бұрын айтып кеткен ұлағатты өсиеттерін «Не істейміз, қайтеміз?» деп әлі жүрміз. Қазақстанда «Тіл туралы» заң 1989 жылы одақ кезінде қабылданып, 1997 жылы тәуелсіз мемлекет тұсында алғаш рет аздап өзгерту жасалды. Одан бері 22 жыл өтіп, қоғамдағы қазақ тілінің қолданыс аясы да, мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы да өсті емес пе? Бірақ солқылдақ заң сол қалпында қалып, баяғы «Алтай» әнін айтып келе жатырмыз. Несін жасырамыз? Айтқанмен жүріп тұратын, бодандық санадан арылмаған, айырылғысы келмейтін жандар еліміздің балабақшаларындағы қазақ тілі сабағын аптасына бір реттен ғана қойған. Балаларымыздың бал тілі шыға бастағаннан өзге тілдерді тықпалаумен келеміз. Өз ана тілінде сусындамаған бүлдіршіндер өскенде кім болатыны айтпаса да аян. Бүгінде қалаға барсаң да, ауылға барсаң да тілімізді тұрмыста пайдаланатын орта жоқ. Сонан да тілді қолдану аясы болмаған соң, елімізде ресми тілге айналған орыс тілі басымдық жасауда. Тәуелсіз мемлекет бола тұра тілді неге саясатқа айналдыра береміз осы? Тіл туралы жаңа заң шығару керек. Мемлекеттік тілді білуді міндеттеу қажет. Ұлттық бірыңғай тесті де, жоғарғы оқу орындарына түсу тестілерін де, мемлекеттік қызметке қабылдағанда да мемлекеттік тілде емтихан тапсыру керек немесе әңгімелесу де қазақ тілінде өтуі тиіс. Оған орыс тілді халық түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Үйретеміз, оқытамыз, насихаттаймыз деп қанша шығынға батудамыз. Оған жанашырлықпен қарап жатқандарды тағы көрмедік. Мақсатымыз – қазақ елінің ұрпақтарын өз ана тілінде тәрбиелеу болғандықтан, мемлекеттік тілге деген құрмет өзге ұлттар тарапынан да, диаспоралар жағынан да қолдау, түсіністік көзқарастар қалыптасады деуге болады. Адам қай жердің суын ішсе, сол жерге қызмет етіп, еңбек жасап, нанын жеп, әнін айту керек сияқты. Сонда ғана еліміздегі ассамблея өкілдерінің де мерейі үстем болып, достығымыз онан әрі жараса түсер еді. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Яғни ол ежелден тек қазақ деген ұлт қана мекендеген территорияда шаңырақ көтерген мемлекет. Ал қалған ұлттар мен ұлыстардың бәрі кезінде тағдыр тәлкегімен елімізге келіп қоныс тепкен, сырттан келген диаспоралар. Ал орыс тілі – солардың ішіндегі ең үлкен бір диаспораның тілі. Қазақ елі оған ресми тіл дәрежесін берді. Соның салдарынан елімізде орыс тілі басымдық жасап, мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі көтеріле алмай-ақ қойды. Өзге тілді білген де дұрыс шығар, бірақ бір ұлт екі тілде сөйлеуге мәжбүр болудамыз. Өз үйімізге өз тіліміз өгей болып, жанымызға тастай батуда. Себеп, қазақ ұлтының ұлт болып сақталып қалуы тілге келіп тіреледі. Егер тіл әлсіресе, не жоғалса, онда ұлтқа да, мемлекетке де қатер. Өйткені, отансүйгіштік те, рух та тек тілмен қоректенеді, тілден нәр алады, содан қуаттанады. Тілді сақтау – ұлтты сақтау, мемлекетті сақтау. Тілді дамыту – мемлекетті дамыту, ұлтты ұлықтау. Тіл болмаса, бәрі де әдірең қалады. Қазір елімізде мемлекеттік тілді білмейтін емес, керісінше ана тілінде сөйлейтіндер тепершін көріп, қызметтерінде қиындық көруде. Біз қазақ тілінің тұрмысымызда, экономикамыз бен мәдениетімізді дамытуда қолдану аясы кеңіп, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биік тұғырдан көрсек дейміз. Ана тіліміздің қанат жаюының басты тұлғасы, үлгі-өнегесі – Президент болуға тиіс. Мемлекеттік тіл мен мемлекеттік мүддені бөліп қарауға болмайды. Өз тіліңе жанашырлық жасау ұлтшылдық емес. Тіл жанашыры болу – азаматтық ар-ұятымыз. Бүгінгі тілегіміз, ертеңгі үмітіміз болсын. Мұхтар ағамыз
«Ана тілім – бабам тілі, қасиетім, қанатым,
Ғұмыр бойы бас иетін ар-ожданым, санатым.
Ә дегеннен өзіңді-өзің өз тіліңде танымау,
Табиғатқа зорлық жасау емес пе бұл, жаным-ау?!» дейді. Бұдан артық не десін? Дұрыс айтады.
Өркен ИСМАИЛ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шиелі аудандық филиалының төрағасы