Қайырымдылық – қайырлы іс

Әрқашан да «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес» – дейді халық даналығы. Қайырымдылық жасау үшін бай болу міндет емес, жүректе мейірім болса, жетіп жатыр. «Қуанышты бөліссең көбейеді» дегендей, мұндай іс адамдарды қашан да қайырымдылық жасауға итермелеп тұрады. Осындай игі істің бірі жуырда аудандағы әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек көрсету шарасында көрініс тапты. Игі іске КМF микроқаржылық ұйымы мұрындық болды.
Қайырымдылық шараға аудандық ішкі саясат бөлімінң басшысы Жібек Баймұратова және БАҚ өкілдері, орталық қызметкерлері мен ата-аналар, бүлдіршіндер қатысты.
– «Қолы ашықтың – жолы ашық» дегендей, қайырымдылық – көп мағыналы түсінік. Ол мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі. Қашан да, жомарт жандар – халықтың құрметтісі. Балаларға қол ұшын созып, рухани және материалдық көмек көрсетіп, әр баланың жүрегіне үміт шырағын жағып, сенім тұрағын ұялатудан артық бақыт жоқ біздер үшін. Себебі, әр бала сапалы білім алуына, саналы азамат болып қалыптасуына, ата аналарына қолғабыс етуіне, әдепті бала болуына жағдай жасауымыз керек, – деген КМF банкінің Шиелі ауданындағы бөлімше бастығы Данияр Бақтиярұлы қамқорлық көрсеткен оқушыларға білімнің шыңын бағындырыңдар деп тілек білдірді.
Сондай-ақ, «Жанашырлыққа жан риза» демекші әркез жүрегі кең, пейілі ақ, жақсылық жасауға ұмтылып тұратын демеушілердің жомарттығына, балалардың ата-аналары ризашылығын білдірді.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ