Кең пейілді кемімес
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес» – дейді халық даналығы. Қазақ халқында бақуатты, халқын сүйер азаматтар қай уақытта да өз қолынан келер көмегін жақынынан, елінен аямаған. Бұндай азаматтарды халық қайырымды жандар деп үлгі тұтқан.
Міне, адамға адамның қадірі осындайда білінеді. Нарық заманы орнады, адамдардың адамгершілік қасиеті төмендеді, азайып барады деп жиі айтып жүрсек те, осындай тірліктер көкейге үміт ұялатады. «Қуанышты бөліссең көбейеді» дегендей, мұндай іс адамдарды қашанда қайырымдылық жасауға итермелеп тұрады. Осындай қайырымды істің бірі жуырда аудандағы әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көмек көрсету шарасында көрініс тапты. «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбеттің ұйымдастыруымен, осы партияның 20 жылдығына орай қайырымды шара өткізді. Оған аудандық мәслихат депутаттары, аудан кәсіпкерлері, мекеме басшылары бірлесе қатысып, 26 көпбалалы отбасыға көмек қолын созды.
Қай қоғамда болсын мәнін де, өзектілігін де жоймайтын бір құндылық бар екені рас. Ол – қайырымдылық. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы немесе жекелеген ұжымдардың кейбір жандарға қолұшын созып, тіпті, қатысы жоқ адамның көңіліне жылу сыйлау үлкен бақыт. Неге десеңіз, ондай жағымды жаңалықтың, игі істің жақсы шарапаты болады. Қайырымдылық жасау үшін бай болуы міндет емес, жүректе мейірім болса, жетіп жатыр.
Ж.Ноғайбайқызы.