Балықты бар кезінде бағалайық
Жақында төл газетіміз «Өскен өңірде» аудан ардагері тарихта қалатын үлкен өнегелі іс – балықты тоқпен ұрып жүрген қылмыскерлерді тоқтату жөнінде үндеу тастаған мақала жарық көрді.
Бұл үндеу мені қатты толқытты, себебі, табиғаттың жанашыры есебінде көптен ойымда күрмеуі шешілмей жүрген мәселе еді. Оған дәлел осыдан бір-екі жыл бұрын осы мәселе жөнінде аудандық ардагерлер үйіне барып, бірнеше ардагерлердің басын қосып, балықты тоқпен ұрмау жөніндегі ойымды ортаға салған болатынмын. Барлық ардагерлер қолдады, газетке де «Ардагерлердің айтары бар» деген тақырыппен мақала басылып шықты.
Бірақ, не пайда, я тиісті органдар, я аудан азаматтары бұл мақалаға тырс етіп жауап қатпады.
Сонымен, бұл мәселе жабулы қазан күйінде қалғандай болады. Үндеуді қолдау есебінде, мен осы мәселені біздің ауылда қалай шешілгені жөнінде тәжірибеммен бөлісейін.
Ауыл азаматтары үлкені мен жастары бәріміз бас қосып, ауылдың балық аулайтын азаматтарын шақырып, балықты тоқпен ұрмау жөнінде бірнеше рет түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Егер қылмыс үстінде ұсталса, заңның аясында сотты болатындығы жөнінде қатаң ескерттік.
Соның жемісі болар, біздің ауылда балықты тоқпен ұратын азаматтар жоқ. Осы тәжірибені кент ішінде, ауыл-ауылдарда ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, учаскелік полиция, ауыл азаматтары бірігіп балықшыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет, тыңдамаған балықшыларды заңның аясында тиісті мекемелерге жолдау керек сияқты. Қазақта «Ауруын жасырған өледі», – деген аталы сөз бар.
Балық–біздің басты байлығымыз, денсаулығымыздың кепілі, табиғатымыздың көркі.
Болашақ ұрпағымыз дені сау, жаны жайсаң азамат болып өссін десек, балықты тоқпен ұруды бүкіл ел болып тез арада тоқтатуымыз керек. Себебі, бұл қателігімізді болашақ ұрпақ та, табиғат та кешірмейтін күнә екенін есте сақтайық.
Әлияр СЕЙІТОВ,
аға инженер-гидротехник
аға инженер-гидротехник