Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер арасындағы балық аулау бәсекесі

Ардагерлер арасындағы балық аулау бәсекесі

Күн ұясынан көтеріле бастағаннан-ақ қармағын асынып, кент және ауыл ардагерлері уағдаласқан орынға ­жинала бастады. Жылдағы дәстүрден жаңылмай, балық аулау бәсекесіне қызу дайындықпен келген бәрі. Қарттардың таза ауада демалып, салауатты өмір салтын ұстануына негізделген бұл үрдіс тек өткен жылы індеттің салдарынан өткен жоқ.
Жастық дәурен өтіп, кәрілік жеткен шақта жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс та ауырлай бастайды. Алайда, салауатты өмір салтын қалыптастырып, халық денсаулығына ден қойған мемлекет басшысы спортпен шұғылданудың тиімділігін жиі айтады. Десек те, жасы егде тартқан қарияларға зілтемірді көтеріп, қашықтыққа жүгір деу әбестік болар. Олар үшін таптырмас спорт – балық аулау. Міне, осыны ескерген Шиелі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің тапсырысымен аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігі «Үздік балықшы» атты ардагерлер арасында сайыс ұйымдастырды. Қармағын майлап, сайманын сайлап келген Б.Күлімбет бәсекеде бас жүлдені қанжығаға байлады. Ең көп балық аулаған кент ардагері 15000 қаржылай сыйлықты иеленсе, І орынды А.Орынбаев, ІІ орынды Ғ.Есімов еншіледі. Ал, ІІІ орын Ә.Қарабалаевқа бұйырды. Сондай-ақ, «Қарт балықшы» номинациясын Р.Қарынтаев, «Белсенді балықшы» номинациясын Ш.Әбдімомынов, «Сабырлы балықшы» номинациясын Ш.Саржанов алды. Жеңімпаздарды аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Төлегенов марапаттады.
– Балық аулай білу де – өнер. Себебі, қазір балықты тоқпен ұрып, су маржандарына зиян келтіріп жүргендер көп. Олай жалғаса берсе, балық та қол жетпейтін байлыққа айналып, қызыл кітапқа еніп кетуі ғажап емес. Ардагерлер бас қосқан сайыста бұл мәселе де айтылмай қалмады. Ал, біз секілді ардагерлер үшін балық аулау ширақ қимыл-қозғалысқа үйрететін нағыз спорт түрі. Осындай дәстүрлі шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Ш.Оразымбетоваға алғысымыз шексіз. Бүгін көптен бері бір-бірін көрмеген ардагерлер бас қосып, таза ауада демалдық. Ел ішінде тараған індеттің салдарынан қарттар үйден шыға алмай қалған еді. Сондықтан болар, бұл жолғы сайыс бұрынғыдан ерекше өтті, – дейді Б.Күлімбет.
«Қарттық» сөзіне нақты анықтама беруге болмайды, өйткені әр қоғамда бұл сөздің мағынасы мәдениетіне, ұлттық болмысына қарай әр түрлі ­сипатталады. Көптеген мемлекеттерде қарттықты өмір сүрген ғұмырына қарай өлшейді. Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасынсыз қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр бұл. Сол дәстүрдің аясында бастау алған балықшылар сайысы ардагерлердің батасымен басталып, түрлі марапатпен қорытындыланды.

Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
28 қыркүйек 2021 ж. 681 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930