Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелі ауданы ардагерлерінің балық аулаушыларға Үндеуі

Шиелі ауданы ардагерлерінің балық аулаушыларға Үндеуі

Жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің жоспарлы «Балық аулаушылар жарысын» өткізу көзделген болатын. Ауданның қармақпен балық аулайтын жеті үздік балықшылары үміткер ретінде келіп тіркелді. Оған дейін ұйымдастыру комиссиясының мүшелері көптеген каналдарды аралап көріп, барған жерлерінде «суда балық жоқ, токпен ұрып кеткен» дегенді уәж етті.
Бұны аудандық су шаруашылығы мекемесінің мамандары да жоққа шығармады. Суда балық жоқ деген не сөз? Оған К-9 каналының бойынан балық аулауға кіріскен жарысқа қатысушылар да аң-таң болғаны рас. Бұрын ірі балықтары шоршып, қармақ бауын үзіп кетіп жататын шақтар келмес­ке кеткендеріне, олардың да көздері жеткендей. Бірең-сараң «тоқтан» Құдай сақтап қалған майда шабақтар қалтқыны сүңгітіп ала жөнеліп, жарысқа қатысушы балықшылардың көңілдерін көтеріп тастағандай болды. Балықшылар содан-ақ бұл жерді де броконерлер «тоқпен» жайпап өткендігін айтып жатты. Ірі балықтар да жүлдегерлерге бұйырмай, несібелерін айырмады. Сыр елі ежелден бүгінге дейін өзен-көлдерінде, каналдары мен су қоймасы-тоғандарында сары сазаны ойнап, аулаған жайындары арбаға, автокөліктеріне сыймай, тастап кетуге қимай жататын, балықты табиғи байлығымыз деп, қанағат жасап, өзгелерге де қалсын, келер жылға дейін өссін, жетілсін, үлкейсін дейтін, сөйтіп майда шабақтарды су түбіне қайта жіберетін балықшы ағаларымыз қайда кеткен дейтін болдық.
Нарық десек те, күнкөріс десек те, табиғаттың судағы тіршілігіне бейімделген тілсіз жануарларын бұлайша қырып-жою, адамгершілігімізге де сын болуға тиіс. Осының барлығын ой елегінен өткізген табиғатқа жанашыр аудан ардагерлері ауданымыздың әуесқой балықшыларына Үндеу қабылдауға шешім қабылдады. Аудан көлемінде балықты «тоқпен» аулауға тыйым салынсын. Балықты тұқымымен құртушыларға Заң талабы бойынша шара көріліп, тиісті жазаларын алсын. Аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары қылмыскерлердің алдын алып, байлығымыз балықты болашақ ұрпаққа қалдыруға, жөн-жосықсыз әрекеттердің жолын кесу шаралары іске асырылсын. Балық аулаушы адамдар, қанағат керек. Балықты қармақпен аулайды. Адам сонда ғана демалыс тауып, ләззатқа бөленеді. Балық та адам сияқты. Олар уылдырық шашып содан өсіп-өніп көбейеді. Жануарды «тоқпен» аулау – жауыздық. Біреу бала-шағамызды «тоқпен» ұрып қырса, не болар едік?.. Соны ойлайық.. Аудан ардагерлері алаңдаушылық білдіріп, балықшыларды тәртіпке шақыра отырып, Шиелі ауданының тұрғындарына осы Үндеуімізді жолдаймыз. Оған балықшылар түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз.

Шиелі аудандық ардагерлер кеңесі
28 қыркүйек 2021 ж. 664 0