Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық – бағаласаң байлық

Балық – бағаласаң байлық

Мәдениеттің түрі көп. Соның бірі – аквамәдениет. Яғни, бұл – балық шаруашылығы. «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында ет, сүт өнімдерін, көкөніс, құс және балық шаруашылығын дамыту көзделіп отыр. Алдыңғы айтқан салалар жақсы қарқынмен қанатын кеңге жайып жатыр десек те болады. Дегенмен, балық шаруашылығын дамыту әлі ізге түсе қойған жоқ. Әрі Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Демек, туған жерімізде түрлі кәсіптің болуы, оның қарыштап дамуы бізге экономикалық тұрғыдан ғана тиімді болып қоймай, отандық өнімдерді қолдануға, өз елің үшін мақтануға тұрарлық себеп болмақ. Сондықтан, «Агробизнес-2020» бағдарламасының әу бастағы мақсаты – балық өндірісін 7 жылда 15 есе көбейту. Бағдарламаның жос­парында сондай-ақ, 2020 жылға қарай жылына 15 мың тонна балық өсіру бар. Ал, осы балық өсіру ісінде көршілес елге көз тастар болсақ, көш ілгері келетінін аңғарамыз. Көршілес Өзбекстанда жылына 40 мың тоннаға жуық балық өсіреді. Біздің елде бұл көрсеткіш – 300 тонна.
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген аталы сөз бар қазақта. Тіпті, сонау ашаршылық кезеңінде талай адамды ажал тырнағынан арашалаған да осы балықшылар қауымы екені тарихтан мәлім. Жалпы, Шиелі ауданында тауарлы балық өндіруге қолайлы иесі бар 20 көл, иесіз 19, барлығы 39 көл тіркеуде тұр. Ал, «Нәнсай», «Ханқожа» жүйесі бойынша балық шаруашылығы субьектілеріне 2018 жылға бекітілген табиғат пайдаланушылардың балық аулау лимиті 56 тонна. Су маржанын сүзген балықшылар қауымы үшін табыстың көзі балықта. Иә, балық бағаласаң байлық. Одан өндірілетін кептірілген және консервіленген балық өнімдерімен қатар уылдырығы да құнды.
Бүгінде Шиелі ауданы ақ маржанымен мақтанса, келешекте су маржанын өсіру, өндіру ісінде жолға қояды деп күтілуде. Нақтырақ айтар болсақ, жыл сайын 29062 гектар жерге егін, оның ішінде 12627 гектарына күріш егіледі. Осы күріштікке су жіберген сәтте мыңдаған балық атыз ішінде не арық жағасында қырылып қалады. Оның көбісі майда шабақтар. Ал, осы шабақтарды ұстап, қолдан өсіруге шиеліліктердің қауқары жетеді. Сонымен қатар, тағы бір ескерте кетер жайт, маусымдық балық аулау кезеңінде кейбір балық аулаушылар балықтарды электр тоғымен ұрып, жарылғыш заттармен жару секілді заңнан және адамдық ардан тыс әрекеттерге жол беріп жатады. Бұл дұрыс емес. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан табиғатқа орасан зор шығын келтіріп, болашақ балаларымызды несібесінен қағып жатқанымызды бір сәт ойлансақ игі. Жоғарыда атап өткен көлдерді пайдалану арқылы шабақ өсіріп, кәсіптің көзін табуға болады. Қажырлы еңбекті қажет ететін шаруа­­ны қолға алып жатқан кәсіпкерлер де бар. Шағын кәсіпті одан әрі дамытуға мемлекет те қолдау танытуда. Тіптен, көршілес елдерге балықты шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде экспортқа шығаруды ойластыратын кез де жетті. Алтынның қадірін қолда барда білгенге не жетсін? Балық жегенді бәрі жақсы көреді. Балық өсіргенді ше? Жексенбіде қолға қармақ ұстап, балық аулау – бір басқа. Аквамәдениеттің дамуына үлес қосып, экономиканы арттыру – бір басқа. Қалай десек те, мол су қорын тиімді пайдаланып жүрміз бе? Жаратқанның берген ризығын халық игілігіне жұмсар болсақ, асымызда берекет болмай ма?

Е.ЖЕҢСІКБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер.
20 қараша 2018 ж. 1 487 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930