Қызылордада балықшылар қауымдастығы құрылды
Қызылорда облысының балық өсірушілері мен балық шаруашылығы құрылымдары бірлесіп «Сыр суы маржаны» заңды тұлғалар қауымдастығын құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы уақытқа дейін балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мәселелерін әрқайсысы өз бетінше шешіп келді. Себебі, бастарын біріктіретін арнайы ұйым болмады. Сол себепті бұл азаматтардың проблемаларын шешуде қиындықтар болды. Құрылған қауымдастық алдағы уақытта аталмыш саладағы жүйелі мәселелерді жедел әрі сапалы шешуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Алма Пірманова. Облыстық кәсіпкерлер палатасы балық шаруашылығымен айналысып жүрген жеке және заңды тұлғаларға арналған түрлі іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Осы мақсатта үстіміздегі жылдың ақпан-наурыз айларында бірнеше рет «Балық шаруашылығын дамытудың проблемалары мен мүмкіндіктері» тақырыбында теориялық семинар-тренингтер өткізілді. Семинар-тренингте балық шаруашылығы нысандарының түрлерімен таныстыру, көлдік-тауарлы балық шаруашылығының ерекшеліктері, балық өсіру, тамақтандыру, күтім жасау жолдары және облыста осы саланы дамыту мүмкіншіліктеріне қатысты мәселелер талқыланды.
Әділет ҚАҢТАРБАЕВ