Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕРЕКЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ БЕСІГІ

БЕРЕКЕЛІ ЕҢБЕКТІҢ БЕСІГІ

Қазақ даласының әрбір қадамы шежіре, әрбір топырағы қасиетті. Соның ішінде Сыр елінің жүрегінде орналасқан Шиелі ауданы – табиғатының жомарттығымен ғана емес, тарихқа тұнған шежіресімен, еңбекқор халықтың өр рухымен ерекшеленетін мекен. Топырағынан текті тұлғалар түлеп ұшқан, есімдері ел тарихына алтын әріппен жазылған 5 ғасыр адамы, 41 Социалистік Еңбек Ері және 1 «Қазақстанның Еңбек ері» шыққан бұл қасиетті өңір биыл да берекелі еңбектің озық үлгісін паш етіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласы – өңірдің экономикалық әлеуетінің негізгі тірегі. Қазіргі таңда ауданда мал басының артуы мен оны асылдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі күні аудандағы төрт түлік малдың саны да артқан. Атап айтқанда, ірі қара – 85 738 басқа, қой мен ешкі – 128 215 басқа, түйе – 1 842, жылқы 28 816 басқа жетіп отыр. Осы көрсеткіштер өңірде мал шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқанын және ауыл тұрғындарының бұл салаға деген ынтасының жоғары екенін анық көрсетеді.
Шиелі топырағы тек мал өсіріп қана қоймай, диқандардың да маңдай терін төгетін берекелі мекені. Биыл егін шаруашылығына айрықша мән беріліп, жалпы 32 мың 499 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Егіс құрылымында әртараптандыру бағыты да көрініс тауып отыр. Атап айтқанда, 4 мың 326 гектарға дәнді дақылдар, 1 мың 150 гектарға майлы дақылдар, 10 мың 388 гектарға мал азығы дақылдары, 5 мың 051 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.
«Егіншілік мәдениетін заман талабына сай жаңғырту – басты міндеттердің бірі». Аталған бағытта өңірде әртараптандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, шаруашылықтарға суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін арттыру шаралары қолға алынуда. Осы орайда, шаруашылық жерлеріне жеке тұрғындардың есебінен су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы ауқымды жұмыстар атқарылды.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың игілігі Шиелі жерінде де кеңінен көрініс табуда. Атап айтқанда, «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 534,7 млн теңгені қамтитын 51 жоба мақұлданып, жұмыстарын бастады. Бұл бастамалар ауылдағы ағайынның өз ісін ашып, тұрақты табыс табуына, өңірдің экономикалық әлеуетінің артуына зор септігін тигізеді.
Қысқасы, киелі мекен бүгінде ата-бабадан қалған еңбек дәстүрін заманауи технологиялармен ұштастыра білген берекелі мекен екенін дәлелдеп отыр. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан бұл ауқымды жұмыстар мен тың бастамалар ауданның жарқын болашағы мен тұрақты дамуының кепілі болмақ.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
06 қазан 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9443)

06 қазан 2026 ж.

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031