Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «АУЫЛ КҮНДЕРІ» БАЙҚАУЫ АЯҚТАЛДЫ

«АУЫЛ КҮНДЕРІ» БАЙҚАУЫ АЯҚТАЛДЫ

Қазақ халқының жүрегінде ауылдың орны айрықша. Ауыл – тек мекен емес, ол – ұлттық болмыс пен руханияттың қайнар көзі, салт-дәстүр мен адамгершіліктің мәңгілік ордасы. Туған жердің топырағынан нәр алып, таза ауасымен тыныстаған әрбір азаматтың бойында ауылға деген ерекше сүйіспеншілік бар. Өйткені ауыл – ұлттың тамыры, елдің арқауы.

Біздің халқымыз «Ауыл – елдің алтын бесігі» деп тегін айтпаған. Расында, ауыл – береке мен бірліктің бастауы, ел экономикасының тірегі, ұлт рухының киелі ұясы. Төрт түлігін түлетіп, егінін жайқалтып, адал еңбегімен күн кешіп отырған ауыл адамдарының маңдай тері – елдің өркендеуінің негізгі күші. Осындай еңбекқор халықтың арқасында ел еңсесі биіктеп, мемлекет қуаты артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы – қарапайым еңбек адамын ұлықтауға бағытталған үлкен қадам. Бұл бастама – қоғамға тың серпін беріп, еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге жаңа мүмкіндік туғызды. Еңбек – өмірдің өзегі, ал адал еңбек – адамдықтың айғағы. Өткен жұмада Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда еңбек пен бірлікті дәріптеген байқаудың қорытынды кеші өтті. Сахна төріне шыққан аудан әкімі ­Айтбай ­Жандарбеков аудан халқын құттықтап, ауыл тұрғындарының еңбегіне ризашылығын білдірді.
Ол өз сөзінде: – Шиелі ежелден-ақ еңбекқор халқымен, өнерлі жастары және елге сыйлы азаматтарымен дараланған қасиетті мекен. Тарихқа көз жүгіртсек, облысымыздан шыққан 10 ғасыр адамының 5-еуі, 41 Социалистік Еңбек Ері мен 1 Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» иегері осы өңірдің перзенттері. Сұлу Сырдың бойында орналасқан Шиелі ауданы бүгінгі таңда өсу мен өрістеудің биік белестерін бағындырып, халқымыз бірлікпен, еңбекпен жеткен жетістіктердің тәтті жемісін татуда. Еңбек күні қарсаңында облыс орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қатысуымен өткен «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты жиында «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының жеңімпаздары анықталды. Соның ішінде Шиелі «Үлгілі аудан» номинациясы бойынша І орынды иеленіп, 4 коммуналдық техникаға қол жеткіздік. Сонымен қатар тірек және серіктес елді мекендер қатарына кірмейтін ауылдардың жобаларын қаржыландыру аясында Майлытоғай ауылдық округіне 15 млн теңгенің арнайы сертификаты табысталды. Бұл – ауыл дамуына тың серпін беретін үлкен мүмкіндік. «Ауыл – елдің алтын бесігі» деген сөз тегін айтылмаған. Өйткені ауыл – салт-дәстүрдің түп қазығы, ұлттық болмыстың қайнар көзі. Ауыл дамыса – аудан дамиды, аудан дамыса – аймақ өркендейді. Осы орайда аудан орталығы мен барша 22 ауылдық округ тұрғындарына «Ауыл күндері» байқауына белсенділік танытқандары үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді. Бұл сөздің астарында үлкен мән бар. Себебі ауылдың дамуы – тек инфрақұрылым емес, рухани өсу, азаматтық бірлік пен ынтымақтың нығаюы. Сонан соң байқауда үздік деп танылған ауылдарды марапаттап, сый-сияпат табыстады. Атап айтар болсақ, жүлделі ІІІ орынды Жуантөбе мен Бестам және Жаңатұрмыс пен Телікөл, ІІ орынды Бәйгеқұм мен Талаптан ауылдық округтері еншіледі. Ал байқаудың бас бәйгесіне Ақмая мен Жиделіарық ауылдық окгугі лайық деп танылып, І орынды иеленді. Ауыл өмірі – бірліктің, татулықтың, еңбектің мектебі. Мұнда әрбір адамның еңбегі бағалы, әрбір іс – қоғамға пайдалы. «Ауыл күндері» аясында ұйымдастырылған жәрмеңкелер мен мәдени шаралар елдің рухын көтеріп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Арман» мәдениет үйі мен «Нартай» өнер мектебі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы сол кештің шырайын кіргізіп, ауылдың мәдени әлеуетін айшықтай түсті. Шиелі өңірі бүгінде тек ауыл шаруашылығымен емес, мәдениеті мен бірлігімен де өркендеп келеді. Бұл – «еңбек түбі – береке» деген қағиданың айқын көрінісі.

М.ИБРАГИМ



07 қазан 2025 ж. 51 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№76 (9343)

07 қазан 2025 ж.

№75 (9342)

04 қазан 2025 ж.

№74 (9341)

30 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031