ӨНЕР АРҚЫЛЫ ӨРІЛГЕН АУЫЛ ҮНІ

Осы орайда Шиелі ауданында қолға алынған «Ауыл күндері» байқауы – ауыл тіршілігін жаңғыртып, елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жоба. Бұл тек мәдени шара емес, ауылдың жан дүниесін, еңбекке деген құрметін, бірлікке ұмтылған күшін көрсететін мерейлі дәстүрге айналып отыр.
«Ауыл күндері» байқауы – ауылды тек өнер арқылы емес, нақты істермен де жаңғыртуды көздейді. Әрбір елді мекенде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Бұл – ауыл тұрмысын жақсартып қана қоймай, халықтың белсенділігін арттырады. Жоба ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдаумен бірге, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының рөлін кеңінен насихаттап отыр. Себебі шын мәнінде ауылдың тірегі – егінші, малшы, ұстаз, дәрігер, шеберлер. Олардың адал еңбегі ауылды ғана емес, тұтас елді көркейтеді.
Кезекті шарада Керделі мен Еңбекші ауылдық округтерінің өнерпаздары жиналғанда, «Руханият» орталығының алаңы бір ауылдың қазаны сияқты қайнап жатты. Олар көрерменге ұлттық салт-дәстүрді дәріптеген сахналық қойылымдар, рухты асқақтатар патриоттық әндер мен көңілге қуаныш сыйлаған өнер туындыларын тарту етті. Әрбір ән, көрініс – ауылдың болмысы мен елдік рухының айнасы іспетті болды.
Бұл кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, ауылдың тынысын сездірген, қарапайым еңбектің қадірін ұғындырған ерекше шара.
Кешке арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ауыл тұрғындары мен өнерпаздарға сәттілік тілеп, осынау игі бастаманың ауыл өміріне серпін беріп отырғанын ерекше атап өтті.
Иә, ауыл – елдің алтын бесігі. Еңбек – сол ауылдың жүрегі. Ал «Ауыл күндері» – сол жүректің дүрсілін бүкіл ауданға естірткен, елдің рухын асқақтатқан ерекше мереке. Бұл байқау дәстүрге айналып, жыл өткен сайын ауылдың тынысын жаңғыртып, еңбек адамының мәртебесін көтере бермек. Ең бастысы – әрбір ауылдың еңбегі, өнері мен рухы елдік болмысты айқындайтын құндылық болып қала бермек.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ