Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШЫРАЙЫ МЕН ӘЛЕУЕТІ АРТҚАН АУДАН

ШЫРАЙЫ МЕН ӘЛЕУЕТІ АРТҚАН АУДАН

Қасиетті топырағынан дала академигі, екі рет Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтай тұлға түлеп ұшқан Шиелінің жері де, суы да киелі. Табиғаты шаруашылықтың қай түріне болсын қолайлы бұл мекеннің халқы да әуелден еңбекке етене жақын. Еңбектің наны тәтті болатынын Ыбырай бабаларынан үйренген жергілікті халық көктем келсе кетпендерін сайлап, күз түссе ала жаздай еткен еңбегін ысырап қылмай жиып-теруге кіріседі. Шиелі ықылым заманнан бері өзінің күріші, балдай тәтті қауын-қарбызымен мұқым ТМД-ға танылған аудан болатын.
Қазір, таяқ ұстап мал баққан бақташыға да, Жер ананың төсін емген диқанға да мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, көмек жеткілікті. Өз кезегінде аграрлық саланы дамытуға бағытталған мемлекеттік түрлі бағдарламалар шалғайдағы шаруалардың шаруасын дөңгелетіп, кәсібін жүргізуге үлкен септігін тигізіп келеді. Осындай еселі жұмыстардың нәтижесінде ­ауданда мыңға жуық шаруа қожалығы тіркеліп, бүгінгі таңда мал бордақылау, ет өнімдерін экспорттау бағытында ауқымды жұмыстар істеп келеді. Шиелі топырағы әуелден төрт түліктің кез келген түріне жайлы, сырттан әкелінген мал тез бейімделіп кететін қасиетке ие. Өңірдегі мал өсімінің бірден-бір себебі де біздің климаттың малға қолайлы ­болу­ын­да. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің соңғы санағына сәйкес өңірде ірі қара – 74218, қой мен ешкі – 111061, түйе – 1630, жылқы – 20635, құс – 31399 басқа жеткен. Осы мақаланы әзірлеу барысында біз ауданда төрт түлік мал басының көбейуімен қатар, өндірілген өнімнің де өскенін байқадық. Өткен жылы аудан бойынша тірілей салмақта 4 ­тоннадан аса ет, 17 тонна сүт, 24 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Қазір, мал шаруашылығы бойынша ауданда асылдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде мүйізді ірі қара мен қой төліне мемлекеттен қолдау кеңейіп, асылдандыру жұмысын жүргізіп, ет өндіріп жатқан шаруашылықтарға мемлекеттен субсидия тағайындалуда. Нәтижесінде, ауданда Зеңгі баба мен Шопан ата төлдерінің саны артып, 800-ге жуық мүйізді ірі қара малымен айналысатын және уақ мал өсіруді қолға алған 50-ден аса шаруашылық пайда болған. Бұл ретте мал басының асылданып, артуына «Сыбаға» бағдарламасының қосқан үлесі зор. Шаруалар аталған бағдарлама арқылы тиімді несиеге қол жеткізіп, игілігін көріп, кәсібін дөңгелетуде.

Егісте де есеп түгел
Біздегі мал шаруашылығының осылай­ша қарқынды дамуына аудан диқандарының да ықпалы көп. Бұл екі шаруашылық құстың қос қанаты секілді қатар өскенде ғана елде экономикалық тепе-теңдік сақталады. Бүгінде өңірде егін шаруашылығымен ірілі-ұсақты 200-ге­ жуық шаруа қожалық айналысады. Биылғы жоспарға сәйкес Шиелі диқандары 30189,5 гектар жерге ауыл шарушылығы дақылдарын орналастырды. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы сезілуде. Орын алған осы жағдайға байланысты аудан басшылығы диқандарға мейлінше суды аз қажет ететін өнімдерге көңіл бөлуге кеңес беріп, бейнеті аз, нарықтағы бағасы қымбат дақылдарды егуге бейімдеуде. Бұрынғыдай емес, қазір Шиелінің брендіне айналған күріш дақылын егу үшін берілетін жердің де үлесі азайған. Керісінше суды аз пайдаланатын егістік алқаптарының саны артып, нәтижесінде 66214 тонна ақ күріш, ­ 1 653 тонна күздік бидай, 240 тонна жүгері, 1326,6 тонна мақсары қамбаға құйылды.
Одан бөлек биыл ауданда бақша дақылдарына ерекше мән берілді. Сәйкесінше жылыжай өндірісі де қалыс қалмады. Қазір ауданда 6 жылыжай жұмыс жасап тұр. Олардан жыл басынан бері 12 тонна қияр мен 7 тонна қызанақ өндірілген.
Соңғы жылдары аудандағы ауылшаруашылығы саласында техникалық саясатты жетілдіру және машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі кезде шаруашылықтар жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникаларына басымдық беріп келеді. Жалпы соңғы 5 жылда 4 млрд 300 млн теңгеге 107 дана жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, машина-трактор паркі 45%-ке жаңарған. Ал, биылғы күзгі егін жинау науқанына 116 комбайн, 63 жатка, 51 жүк көлігі, 327 дана трактор қатысты.

Ауыл абаттанса, халық қанаттанады
Тек ауылшаруашылығы ғана емес өңірде кәсіпкерлік, өнеркәсіп пен индус­трия да қатар дамып келеді. Қазыналы қарт Қаратаудың қойнауындағы байлығын осы күні мүмкіндігінше пайдаланып жатырмыз. Әк, қиыршық тас, ванадий, цемент зауыттары тоқтаусыз жұмыс істеп, Қаратаудың етегінде қызу тіршілік одан әрі қыза түскенін айтпай кетуге болмас.
90 жылдық тарихы бар Шиелі кентінің соңғы уақытта көз алдымызда қайта түлеп, көркейіп жатқанына куә болып келеміз. Салыстырмалы түрде саралайтын болсақ, қазір кентте біршама өзгерістердің орын алғанын байқауға болады. Мәселен, теміржол өткелі маңында сағаттап кептелісте тұратын көліктердің ешқандай кедергісіз аспалы көпірді асып түсіп, тегіс жолмен жүріп жатқанына да жыл толды. Кіре беріс Яссауи көшесінің қос қапталы күн өткен сайын көркейіп, тар тротуары кеңейіп, тұрғындар тынығатын аллеяға айналғалы да біршама уақыт болды. Иә, әлемді жайлаған індетпен арпалысып жүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени салаларымен қатар, түрлі түйіткілді мәселелер де шет қалмады. Ауданда жол, жарық, су, газ, абаттандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жөнге келе бастады. Осындай атқарылған ауқымды жұмыстардың тегіннен-тегін бітпейтіні бесенеден белгілі дүние. Ол үшін бюджеттен бөлінетін қаражаттың көлемі де қомақты болатыны анық.
Былтырдан бері өңірде ескі жарық бағаналарын ауыстырып, оның орнына экономикалық тиімді жарық шамдарын орнату жұмыстары қарқынды жүріп келеді.
Бұған дейін кенттен бөлек Бидайкөл мен Жақаев, Жаңатұрмыс ауылдарының халқы көгілдір отынның игілігін көріп келген еді. Бұл қатарға биыл Керделі, Тұран, Жуантөбе, Ақмая ауылдары да қосылмақ. Ал Еңбекші, Жиделіарық, Бестам, ­Досбол би, Алмалы елдімекендеріне газ кіргізу жұмыстары келер жылға жоспарланып отыр. Осылайша бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде Шиелі халқы түгелдей көгілдір отынға қосылып, от жағып, күл шығармайтын болады.
Иә, жыл басынан бері ауданда атқарылған шаруаларды қысқаша зерттеу барысында біз қаншама маңдай термен атқарылатын ауқымды істердің жүзеге асып жатқанын көрдік. Назарларыңызға санамызға сиған мәліметтерді ғана келтіріп отырмыз. Бұдан өзге де біршама біткен істің бар екеніне ойлы оқырманды хабардар еткіміз келеді.

Гүлхан ЯХИЯ


23 қараша 2021 ж. 300 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930