Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Экономикалық тұрақтылықты – аграрлық сала сақтайды

Экономикалық тұрақтылықты – аграрлық сала сақтайды


Қазір, таяқ ұстап мал баққан бақташыға да, Жер ананың төсін емген диқанға да мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, көмек жеткілікті. Өз кезегінде аграрлық салыны дамытуға бағытталған мемлекеттік түрлі бағдарламалар шалғайдағы шаруалардың шаруасын дөңгелетіп, кәсібін жүргізуге үлкен септігін тигізіп келеді.
Иә, қазір ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен бөлінетін қаржының есебін кешегі екі мыңыншы жылдармен мүлдем салыстыра алмайсыз. Ауыл шарушылығы министрлігі мен басқарма, бөлімдер берген мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, елімізде аталған салаға бөлінген орасан зор қаржының көкке ұшпағанын керісінше, мал басының асылданып, төрт түлік санының едәуір өскенін, егістік алқаптардың кеңейіп, өндірілген өнімнің еселенгенін байқайсыз. Міне, осындай еселі жұмыстардың нәтижесінде ауданда 943 шаруа қожалығы тіркеліп, бүгінгі таңда мал бордақылау, ет өнімдерін экспорттау бағытында ауқымды жұмыстар істеп келеді. Шиелі топырағы әуелден төрт түліктің кез келген түріне жайлы, сырттан әкелінген мал тез бейімделіп кететін қасиетке ие. Өңірдегі мал өсімінің бірден-бір себебі де біздің климаттың малға қолайлы болуында. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің соңғы санағына сәйкес өңірде ірі қара – 64300, қой мен ешкі – 92114, түйе – 1454, жылқы – 18520, құс – 31283 басқа жеткен. Осы мақаланы әзірлеу барысында біз ауданда төрт түлік мал басының көбейуімен қатар, өндірілген өнімнің де өскенін байқадық.
Өткен жылы аудан бойынша тірілей салмақта 5257,2 тонна ет, 20337,1 литр сүт, 2744,3 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Қазір, мал шаруашылығы бойынша ауданда асылдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде мүйізді ірі қара мен қой төліне мемлекеттен қолдау кеңейіп, асылдандыру жұмысын жүргізіп, ет өндіріп жатқан шаруашылықтарға мемлекеттен субсидия тағайындалуда.
Нәтижесінде ауданда Зеңгі баба мен Шопан ата төлдерінің саны артып, мүйізді ірі қара малымен айналысатын 719 және уақ мал өсіруді қолға алған 48 шаруашылық пайда болған. 2020 жылы ауданға 627 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен 4399 бас асыл тұқымды қой сатып әкелінген.
Бұл ретте мал басының асылданып, артуына «Сыбаға» бағдарламасының қосқан үлесі зор. Шаруалар аталған бағдарлама арқылы тиімді несиеге қол жеткізіп, игілігін көріп, кәсібін дөңгелетуде. Соның бірі ретінде Ақмая ауылдық округіне қарасты «Әсет» шаруа қожалығын айтуға болады. «Әсет» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы мен «Ауыл шарушылығын қолдау қоры» АҚ-нан несие алып, Ресей Федерациясынан 120 бас «Қалмақ» тұқымды мүйізді ірі қара сатып алған. Сонымен қатар, бағдарламаның қой малын сатып алу бағыты бойынша 4797 бас қой алған. Ал, еңбекшілік «Аңшы ата» шаруа қожалығы 65 млн теңгеге 137 бас, алмалылық «Сүгірәлиев» шаруа қожалығы 53,5 млн теңгеге 120 бас «Қалмақ» тұқымды мүйізді ірі қара төлін Жамбыл облысынан сатып әкелген.

Егісте де есебіміз түгел
Біздегі мал шаруашылығының осылайша қарқынды дамуына аудан диқандарының да ықпалы көп. Бұл екі шаруашылық құстың қос қанаты секілді қатар өскенде ғана елде экономикалық тепе-теңдік сақталады. Бүгінде өңірде егін шаруашылығымен ірілі-ұсақты 176 шаруа қожалық айналысады. Биылғы жоспарға сәйкес Шиелі диқандары 30246 гектар жерге ауыл шарушылығы дақылдарын орналастыруды көздеп отыр. Соңғы жылдары Сырдың суы сирағымыздан келмей, аймақта су тапшылығы сезілуде. Орын алған осы жағдайға байланысты аудан басшылығы диқандарға мейлінше суды аз қажет ететін дақылдар егуге кеңес беріп, бейнеті аз, нарықтағы бағасы қымбат дақылдарды егуге бейімдеуде. Бұрынғыдай емес, қазір Шиелінің брендіне айналған күріш дақылын егу үшін берілетін жердің де үлесі азайған. Керісінше суды аз пайдаланатын егістік алқаптарының саны артып, нәтижесінде күздік бидай 1889 га, жаздық бидай 300 га, тары 150 га, дән жүгері 40 га, мақсары 992 га, соя 70 га, жаңа жоңышқа 4013га және 2357 гектар жерге бақша дақылдарын егуге берілген. Бүгінде диқандар қауымы соқаларын сайлап, кетпенін қайрап егін егуге кірісіп кетті. Өз пайымдауларынша биыл да облыс бойынша үздік үштіктер қатарынан көрініп, қамбаны қызылға толтырсақ дейді.
Инвестициялық субсидиялау бағдарламасына ағымдағы жылға 2 317,9 мың теңге бөлінген. Бұл қаржыға ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жобасы бойынша – 9 жобаға 137,0 млн. теңге, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарды құру жобасы бойынша – 198 жобаға 690,2 млн. теңге, жарма өндіру жөніндегі қолданыстағы кәсіпорынды кеңейту және құру жобасы бойынша – 2 жобаға 83,6 млн. теңге, барлығы 209 жобаға 911,0 млн. теңге субсидия төленген.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, егіс алқаптарын әртараптандыру, прогресивті суару әдісін пайдалану, инновациялық жобаларды өндіріске енгізу бүгінгі күні маңызды мәселеге айналды. Бұл тұрғыда өңірімізде жалпы аумағы 1,63 гектарды құрайтын 13 жылыжай құрылысы бар. Өткен жылы осы жылыжайлардан екі кезең бойынша 104,6 тонна қияр және 84 тонна қызанақ өндірілді. Ауыл шаруашылығы бағытында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру да аудан агро саласының жоспарында бар. Бұл мақсатта жобалық құны 26,8 евроны құрайтын «Tin oris» ЖШС-ге тиесілі жоңышқа егу мен жем шығару зауыты құрылысы жоспарланған. Аталған зауытқа ауданның индустриялды аймағынан 10 гектар жер берілген. Сондай-ақ, жоңышқа егуге қажетті 10 000 гектар жер беру мәселесі облыстық басқармалар арқылы өз шешімін тапқалы тұр.
Иә, аудан ауыл шарушылығын қысқаша зерттеу барысында біз қаншама маңдай термен атқарылатын ауқымды істердің жүзеге асып жатқанын көрдік. Назарларыңызға санамызға сиған мәліметтерді ғана келтіріп отырмыз. Бұдан өзге де бірнеше біткен істің бар екенін ойлы оқырманға құлақдар еткіміз келеді. Қазақ «елде болса ерніңе тиеді» дейді. Лайым шараларымыздың қимылы ширақ, өнімдері мол болғай.

Елдос ЖҮСІП
17 сәуір 2021 ж. 704 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930