Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Базардың бағасын делдал шешеді

Базардың бағасын делдал шешеді

Шиелі ықылым заманнан бері өзінің күріші, балдай тәтті қауын-қарбызымен мұқым ТМД-ға танылған аудан болатын. Бірақ тоқсаныншы жылдары ауылдағы кетпен ұстаған азаматтардың басым көпшілігі қалаға көшіп, елде дала дихандарының азаюына байланысты Шиелі бренді саналған ақ маржан қамбада азайып, қауын-қарбыздан да дәм мен қадір кете бастаған еді. Сол тоқыраудан кейін, еліміз есін жинап, мемлекет жалпы ауыл шаруашылығына ден қойып, аталған сала бойынша елде едәуір даму көрсеткіші орын ала бастады. Сонымен қатар кейінгі кезде басқа дақылдармен қатар елді мекендерде алма егу де қолға алынып, халық алғашқы жемістерін жеп жатыр.
Негізінен алма бағын баптап-ұстап тұру басқа дақылдарға қарағанда әлдеқайда оңай әрі кететін шығын да аз болмақ. Егер қауын, картоп секілді бақша дақылдарын егіп, өніміңізді базарға шығаруды көздесеңіз оның әрбір процесіне уақытыңыз бен қаражатыңыз көп кетіп қалады. Мәселен, әуелі жерді жырту мен тұқым тастауға кететін қаржы ескеріледі. Одан кейін бас көтерген дақылдың әрмен қарай дамып, бой көтеруі үшін берілетін тыңайтқышқа кететін шығын бар. Ал су, адам күші, транспорт мәселелері де бұл күні қалтаңызға оңай түспесі анық. Міне, осы ретте салыстырмалы түрде қарасақ, алма жемісінің шығынынан пайдасы көбірек көрінеді. Өздеріңізге белгілі, алма ағашы жемісін тұрақты беріп тұруы үшін жоғарыда айтылған қауын мен картопқа кеткен шығын кетпейтіні анық. Иә, бұл сөзіміз несібесін бақшамен байланыстырып, қауын, картоп егіп кәсіп еткен диқандарға тоқтау салу емес, керісінше қосымша алма бағымен де айналысып, жергілікті жемістің жапырақ жаюына атсалысса деген ой ғана.
Кеңес заманында қауын еккен дихандарда оны қайда апарып сатамын, қайда сақтаймын деген уайым болмайтын. Өйткені барлық қауын қауынбазға өткізілетін. Алма да солай болатын. Алмалы ауылында 560 тонна алма сақтайтын тоңазытқыш, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех 3 ауысымда жұмыс істеді. Ол жерде алмалар келесі жылдың мамыр айына дейін сақталып, сосын халыққа ұсынылатын. Ал қазіргі жағдай мүлде басқаша.
Диқандар өндірген ауылшаруашылық өнімдерін, ол қауын, картоп, қияр немесе қызанақ, алма болсын сататын тиянақты базар таппай әлек болуда. Мысалы, көктемде картоптың тұқымын қымбат алып, күзде одан төмен бағаға сатуға мәжбүр. Сонымен қатар жер жырту, ­дайын өнімге берілетін тыңайтқыш, гербицидтер жыл өткен сайын қымбаттап барады. Аталған мәселелер шешімін таппайтын, түйіні тарқатылмайтын дүниелер дей алмаймыз. Ол үшін кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлік бөлімі нақты жұмыс істеуі қажет. Сала мамандары бүгінгі технологияны тиімді пайдаланып, ғаламтор арқылы ауылшаруашылығы өнімдерін өткізетін жерлерді тауып, олармен келісім-шарт жасап, қай дақылдан қанша өнім керектігін ерте көктемде анықтап, елдегі диқандарға ұсыныс жасауы тиіс. Былайша айтқанда тауарды өндіруші мен сатып алушы арасында делдалдық етіп, аудан диқандарының тек егінмен айналысуына жағдай жасап, өнімді өткізу мәселесін шешіп беру керек.
Дамыған елдердің фермерлері еккен егінін, өнімін қайда өткіземін деп басын ауыртпайды. Жүйеленген делдалдық қызмет бар. Ал бізде бақша өнімін еккен диқандар кейде қауын-қарбызын өткізетін жер таппай қиналады. Бұған аудандық кәсіпкерлік бөлімі бас қатыруы керек.
«Капитал» деген еңбекті жазған Карл Маркс «тауар+ақша=тауар» дейді. Бұл не деген сөз? Тауарды тез сатсаң, ақша тез түседі. Ол айналым көбейген сайын ақша көбейеді дегенді білдіреді.
Оңтүстіктегі көршіміз Түркістан облысы осыдан 10-15 жыл бұрын Ресейдің Мәскеу қаласынан базар салатын орын алып, қазір сол базардың пайдасын көріп жатыр. Сонымен қатар ауданда алма, қауын, көкөністерді өңдейтін, сақтайтын соңғы үлгідегі цех, үлкен тоңазытқыш салынуы керек.
Қасымызда 150 миллион халқы бар Ресей мемлекеті тұр. Орыс ағайын­дардың өзінің денсаулығын қалай күтіп баптайтыны бізге жақсы таныс. Сол себепті барлық сататын өнімді осы елге сапалы түрде жеткізіп беруіміз қажет. Оның біріншісі экономикасы жағынан өзіміздің халқымызға пайда бар екендігін естен шығармауымыз керек. Осы бағыттағы жұмыстарды тез арада ұйымдастырғанымыз жөн. Себебі, қазірде мықты диқандарымыздың жасы егде тартып келеді. Солардың тәжірибесі мен білімін пайдалану бізге аса маңызды. Егер болашақта тиянақты базар тауып, ауылшаруашылық өнім­дерін өңдейтін, сақтайтын ангарлар, үлкен тоңазытқыштар салынатын болса, ауданда халқымыздың ауқаты артып, егіс көлемі көбейіп, жас­тар жағы ауылшаруашылығына бет бұрып, өңірдегі жұмыссыздар қатары да сейілер еді.


Әлияр СЕЙІТОВ
16 шілде 2019 ж. 830 0