Қызанақта қыруар қаржы бар

– «Сырт көзге қызанақ өсіру жеңіл көрінгенімен, жұмысы мен қиындығы көп. Әсіресе, қызанаққа қарағанда картоп өсіру оңайырақ. Дегенмен де, соған қарамастан көктемде бір миллион кредит алып, бау-бақша өнімдерін егуді бастап кеттім. 1 гектар қызанақ, 1 гектар қауын, 13 арық қиярды егіп отырмыз» – дейді кейіпкеріміз. Диқанның айтуынша, бір гектар қызанақтан 15-20 тонна алуға болады. Бұл әрине, адал еңбектің арқасында келетін дүние. Сондықтан, еңбек адамға өзінің тұтынушылығын қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасап, сол арқылы табиғатқа да оң әсер етеді. Жинаған өнімімізді егіннің басынан алып кетіп жатыр. Ол өзіме тиімді. Қызанақты алғаш 100-110 нан сатқан болатынмын. Қазір 65-70 теңгеден беріп жатырмын. Осы уақытқа дейін бір жарым миллион табыс таптым. Соның бес жүз мыңын кредитті жаптым да, 500 мыңға жеңіл машина сатып алдым. Қалған 500 мың теңге тамағымызға, бензинге, шығын жолдарына күнбе-күн кетіп отыр деп ағынан жарылды.
Негізінен, қызанақ күн шуағы мол түсетін ашық, тыңайтылған жерде жақсы өседі. Көктемнің ортасында өскіндерді тұрақты жеріне әр өскіннің арасын 60 см, ал қатар аралықтарын 75 см қондырады, бұны түптеп егу деп атаймыз. Өскінге тіреу қажет, сондықтан да ағаш қадалар, керілген сым темір не ескен жіптер тартылады. Топырақ ылғалды болу үшін үнемі суғаруды қажет ететіндіктен, әр он күн сайын қайталап отыру керек. Қызанақ күздің қара суығы түскенше өнім бере береді. Пісіп үлгермегендерін тамыр сабағымен қоса жұлып алып, қалқа жерге іліп қойса, сапасын жоғалтпай, өз жемісін береді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту перспективаларына ел дамуының ең маңызды 10 тармағының бірі ретінде көңіл бөлді. Мемлекет басшысы бүгінгі заман жағдайы мен уақыт талабына сәйкес, ғылыми база жетегінде ауыл шаруашылығында озық технологияларды қолдануға уақыт келгенін ерекше атап өткен болатын. Қазіргі уақытта отандық өнеркәсіпті, өндірушілерді кеңінен дамытуды қолға алып отырған мемлекет саясаты дер кезінде басталғаны анық. Нарықта бәсеке ғана бәрін жеңеді. Бақша дақылдары өнеркәсіп өндірісін қалпына келтірілуі жылдан жылға жақсарып келеді. Көп жылдардан кейін, алғаш рет 2016 жылы біздің қауын мен қарбызымыз Ресей мен Қырғызстанға экспорттала бастаған болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш ұлғайып, бақша дақылдарының көлемі артуда. Осы тұрғысында қызанақ та экспортқа шығып жатса, келешекте экспорт көсегемізді көгертпек. Ауыл шаруашылығында экспорт әлеуетінің артуы бұл саланың дамуына үлес қосып қана қоймайды, сонымен қатар, еңбекші жұрттың несібесін де еселей түсері анық.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.