Малды бақсаң, қойды бақ, май кетпейді шарадан
“Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” – дейді, аталы сөзге тоқтай білген қазақ халқы. Бүгінгі таңда істің қиюын келтіріп, әр салада өз кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз емес. Сол жандардың қатарында қорасын қойға толтырып, кәсіптің көзін тапқан ботабайлық кәсіпкер Азамат Қалдыбаев та бар.
Қой шаруашылығы ықылым заманнан қазақ халқының ата кәсібі болып саналады. Халқымыз қойдың етін, сүтін неше түрлі тағам жасауға, тамақ ретінде пайдаланып, кейбір жағдайда құйрық майын, ащы ішегін, бауырын дәрі ретінде қолданса, қарақойдың терісіне түсіп емделген. Жүнін түтіп, иіріп киім тоқыса, күзем жүннен киіз басып, тамаша ою-өрнекті текемет, сырмақтар жасап, киіз үйді де жабуға пайдаланған. Қыста қақаған аязда аяққа киетін пималар, солдаттар киетін шинел де киізден жасалады. Төрт түліктің ішіндегі қой өсіру шаруасына бет бұрған кәсіпкер А.Нұрбайұлы «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2 млн. 500 мың теңге несие алып, 150 бас қой алған. «Шағын кәсіпті қолға алуға тәуекел етпес бұрын төрт түліктің қайсысын алған жөн деп көп ойландым. Сүті құнарлы, еті мен терісі де өтімді қой өсіруді жөн санап, отбасылық кәсіпті қолға алдым. Алдағы уақытта жем-шөбін әзірлеп, өсіріп, көбейтуді көздеп отырмын» – дейді, ол.
Расында, қойдың сүті майлылығы жағынан өте жоғары, неше түрлі адам өміріне қажетті дәрумендер бар, майлылығы 6-6,5 пайызды құрайтын түйе сүтімен пара-пар. Шайға қатық ретінде бұрында қой сүтін пайдаланғанын ескерсек, ел аузындағы «қойдың сүті – қорғасын, оны жамандаған оңбасын» деген сөзі ойға оралады. Қойдың терісінен тон, тері күртеше, тері шалбарлар жасап, киім ретінде де жаратқан. Алайда, осы қой өсіру атакәсібіне көп жылдар бойы енжарлық танытып келгеніміз де жасырын емес.
Атакәсіпті жандандырып, «мал өсірсең, қой өсір...» деген қағиданы ұстаным еткенжеке кәсіпкер алдағы уақытта мол табыстарға жетуге аса бейілді. Тек ықыласты болып қана қоймай, күнделікті қат-қабат жұмыстарды жеріне жеткізе орындауға ұмтылады. Бұл ретте, олардың әрқайсысы мемлекеттік тұрғыдағы қолдау-көмекті тиімді пайдаланып, істі одан әрі өрістетуге басы бүтін бет бұрып отырған жайы бар. «Бастау бизнес» жобасының игілігі – соның бір ұшығы. Сөз барысында, болашақта мұндай қолдаулар ұсынылып жатса, одан бас тартпайтындарын, сеніммен қарап, тиімді іс жасауға кет әрі емес екендігін де іркіп қалмады. Осы орайда, облыс әкімі Қ.Көшербаев жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру мақсатында «жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылын» 3 жылға ұзартқанын да тілге тиек ете кетейік.
Г.ДҮЙСЕБАЙ.