Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолдау тапса, кенже қалмас еді

Қолдау тапса, кенже қалмас еді

Халқымыз қашаннан өзі кәсіп етіп, өмірімен біте қайнасқан төрт түлігінен алған өнімді ысырап етпей, тұрмыста кеңінен қолдана білген. Таза табиғи өнімді пайдаланудың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екендігін айтпасақ та түсінікті шығар. Солардың ішінде жүннен тоқылған, жасалған заттарды пайдаға асырып, әр істің көзін тауып, үйлестіре білген.
Соның ішінде нақты киіз өнімдері бұл күнде қолданыстан шығып, оның орнын синтетикалық талшықтардан құралған сапасыз дүниелер алмастырды. Расында, бұрындары әжелеріміз жиылып алып, «Алма ағаштың гүліндей-ай, текеметтің түріндей-ай» деп отырып, әнге басып, киіз басатын еді. Ол күндердің сарқыты да сақталмаған. Бұл жердегі әңгіменің ауаны бас қосып, әңгіме айту емес, киіздің тұрмыста қолданылу аясының тарылғандығы.
Киіздің күннің ыстық-суығынан қорғайтын, ылғал өткізбейтін, температураны бір қалыпта сақтап тұратын қасиетін жақсы білеміз. Дәрігерлер белі ауыратын адамдарға киізге жатуға кеңес береді. Ал күз аяғы, қыс ызғары қылаң бергенде базар жағалап, ұлтарақ іздейміз. Аяқ киімге киізден жасалған ұлтарақ салып алсаңыз, табаныңыздан суық өтпейді. Ат әбзелінің бірі – тоқым да киізден жасалады. Ол ғана емес, көліктердің қыстың қатты аязында қатып қалмауы үшін моторына киіз жауып жататындар бар. Көліктің орындықтарына да киіз жабынды жабылса, арқа бөлік терлемей, омыртқаға пайдалырақ болар еді.
Сонымен қатар, киіздің ерекшелігі – жуған сайын жаңарып, жүн талшықтары теріні тыныштандырып, адамның жүйке жүйесіне жағымды әсер ететін көрінеді. Осы жерде әр төсеніші жүннен жасалған халқымыздың даналығы мен көрегенділігіне қалай таңданбасқа?! Қазірде кімнің шаңырағында киіз төсеніш, болмаса, текемет, не сырмақ бар? Болса да некен-саяқ. Бүгінде киіз бұйымдарына екінің бірінің қолы жете бермейді. Өйткені, киізді өңдеу әдісі тек қолмен жасалғандықтан, қажырлы еңбекті талап етеді. Сондықтан, одан өндірілетін өнімнің де бағасы қымбат. Бағасына да алаңдаулы біздер барамыз да «қылы ұшады, үй шашылады» деп арзанқол, пайдасынан зия­ны көп химиялық қоспалардан жасалған кілемдерге ұмтыламыз.
Алайда, осы шикізатты пайдаланып, одан шығарған заттарын әлемдік брендке айналдырған, сөйтіп қой жүні мен терісінің арқасында-ақ әлемге танымал болған мемлекеттер бар. Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей елдері сол тізімнен орын алады. Бүгінде осы қойдың жүні мен терісін пайдаланып, сан түрлі тауарлар шығарып, мол пайда тауып отырған елдердің бар екендігін білгенде «неге осы істі қолға алмасқа?» деген ой ішіңнен тұншығып шығады.
Ауданымызда кәсіпкерлік қанат жайып, бұл салаға қолдау аясы кеңейіп келеді. Осы ретте, аймақта жүннен өндірілетін өнімдер шығаратын цех ашылса, ұрымтал тұсымыздан ұтатын бағытымыз айқын болар еді. Біріншіден, халыққа жұмыс көзі, екіншіден малмен айналысып, терісін айтпағанның өзінде жүнін қайда өткізерлерін білмей, қоқысқа тастап отырған шаруаларға оңтайлы болмақ. Сай-саланы басқан жүн-жұрқадан да арылар едік. Үшіншіден, өзімізде жасалған экоөнім тұрғындардың салауатты өмірлерін қалыптастыруда да нақты қадам болары сөзсіз.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімі, кәсіп­керлік палатасы осы бағытта жұмыс жасаса. Кәсіп ашқысы келгенімен, көзін таппай жүрген азаматтар бар арамызда. Сол жандарға бизнес-жоспар жасау­да жолдарын нұсқап, түрлі жобаларға қатыстырып, жүзеге асырылуы қамтылса, құба-құп іс болған болар еді.

Дина ЖҮСІП.
22 қаңтар 2018 ж. 1 653 0