Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенбіде су келеді

Сенбіде су келеді


Қасиетті топырағынан дала академигі, екі рет Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаевтай тұлға түлеп ұшқан Шиелінің жері де, суы да киелі. Табиғаты шаруашылықтың қай түріне болсын қолайлы бұл мекеннің халқы да әуелден еңбекке етене жақын. Еңбектің наны тәтті болатынын Ыбырай бабаларынан үйренген жергілікті халық көктем келсе кетпендерін сайлап, жылдық несібелерін Жер-анадан іздеп егін егудің қамына кірісіп кетеді. Иә, көктемнің бір күні бір жылға азық дейді диқандар. Ал, осындай сәтте егістік алқабына егілген егін мен есік алдына отырғызған бақша, жеміс көшеттері сусыз қалса маңдай терің мен бейнетің бекер болмай ма?
– Биыл өңірде су тапшылығы сезілетінін жыл басында шаруаларға айтып, егістік көлемін қысқартуды ескерткен болатынбыз. Әсіресе, үш ай бойы күннің көзін көрмей судың астында өніп өсетін сыр салысы күріш дақылының көлемін азайтып, оның орнына суды көп қажет етпейтін бақша дақылдарын егуді шаруаларға айттық. Бірақ, күріш егумен айналысатын үлкен шаруа қожалықтар бұл ескертуімізге құлақ асар емес. Соның салдарынан кент пен елді мекендерге аяқ су жетпей жатыр, – деді Шиелі аудандық «Казводхоз» филиалының директоры Дихан Әубәкіров «Nur Otan» партиясы фракциясы отырысында қаралған аяқ су мәселесіне қатысты өткен жиында.
Соңғы уақытта кент тұрғындары тарапынан аяқ су мәселесі жиі көтеріліп, ерте көктемде отырғызылған көшеттерінің осы күні суарылмауы себепті қурап, шығындалып жатқандарын айтқан халық Шиелі аудандық «Nur Otan» партиясының да есігін қаққан. Міне, дүйім елді дүрбелеңге салған аяқ су мәселесі бас партияның фракциясы отырысында талқыға түсті. Аяқ судың тіршілік үшін ауадай қажеттілігін шынайы түсінген аудандық мәслихат депутаттары аталған мәселеге бір ауыздан үн қосты. Шиелі кентіне «Байсары» каналы арқылы келетін аяқ судың екі жетіден бері тиісті деңгейде келмей жатқанына дабыл қаққан фракция мүшелерінің шұғыл отырысында Шиелі кентінің әкімі Ғабит Аманжолов, «Казводхоз» филиалының директоры Дихан Уалиханұлының аталған каналға қазіргі таңда тазарту жұмыстары жүріп жатқандығы жайлы хабарламалары тыңдалды. Орайы келгенде сала басшылары «Байсары» каналына тазарту жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқанын айтып, апта аяғына дейін кент орталығына аяқ суды жеткіземіз деген уәделерін берді.
Отырысты қорытындылаған аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары ­Болат Сыздық тиісті сала басшыларына алдағы жексенбіге дейін каналды тазарту жұмыстарын аяқтап, кентті аяқ сумен үздіксіз қамтамасыз ету ­бойын­­ша нақты тапсырмалар беріп, бұл мәселе үнемі фракция мүшелерінің қатаң бақылауында болатынын ескертті. Сондай-ақ, жиын соңында фракция мүшелері аталған каналдың басына барып тазарту жұмыстарының барысымен танысты.

Елдос Жүсіп
29 мамыр 2021 ж. 671 0